Дертке дауа дарытқан «Denta-Сервис»

0 3

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде тіс емдеу ісі бәсекелестік ортаға беріліп, нәтижесінде жекеменшік тіс емханаларының қатары көбейгені белгілі. Аурудың дені ауыз қуысынан тарайтынын жақсы білетін жұрт бүлінген тісін бүтіндеу мақсатында сол емханалардың көмегіне жүгініп келеді. Сондай медициналық мекеменің бірі – Тараз қаласында орналасқан «DENTA-Сервис» тіс емханасы.

Аталған мекеменің негізі осыдан 20 жыл бұрын Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылында қаланыпты. Бас дәрігер Зәуре Жігітекова 1979 жылы сол кездегі Алматы мемлекеттік медициналық институтын «Тіс дәрігері» мамандығы бойынша бітіріп, сол аудандағы орталық ауруханаға жұмысқа тұрады. Еліміз бойынша тіс емдеу мекемелері жаппай жекешелендіріле бастағанда Зәуре Әбубәкірқызы 2001 жылы «Жігітекова.З» жеке кәсіпкерлігін құрып, өз жұмысын стоматологиялық кабинет ашудан бастайды. Алғашында ол қасына бір медбике алып, тұрғындардың тісін ақылы түрде емдеуге кіріседі. Заман талабына сай өз қабілеті мен іскерлігінің арқасында алға қойған мақсатына біртіндеп қол жеткізеді.

Кейіннен отбасы Тараз қаласына қоныс аударуына байланысты облыс орталығындағы Төле би көшесінің бойында орналасқан бір нысаннан бірнеше бөлмені жалға алады. 2007 жылы мемлекеттен 3 миллион теңге несие алып, ол қаражатқа аталған ғимараттың бөлмелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тіс емдеуге арналған құрылғылар сатып алады. Тараз қаласындағы қазіргі «DENTA-Сервис» тіс емханасының негізі осылай қаланған еді.

Зәуре Жігітекова өз кәсібін дамыту үшін барын салыпты. Соның арқасында кәсіп аясы кеңейе түскен. Мәселен қазіргі таңда Жамбыл ауданындағы Аса, Гродикова, Өрнек, Қызылқайнар ауылдарында осы мекемемен келісімшарт арқылы жұмыс жасап жатқан тіс дәрігерлері бар екен. Жалпы «DENTA-Сервис» тіс емханасының қарамағында 23 адам еңбек етсе, оның 9-ы тіс дәрігері, қалғаны сәйкесінше медбике болып жұмыс істейді. Оның ішінде 5 дәрігер мен 5 медбике аталған ауылдарда жұмыс істеп жатыр. Олардың кейбірінің жұмыс орны сол ауылдардағы дәрігерлік амбулаторияда орналасқан. Бұрын там-тұмдап болса да мемлекеттік тапсырыс алу арқылы тұрғындардың тісін емдеген мекеме биылдан бастап оның көлемін арттырған.

– Бұл мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесін елімізде табысты жүзеге асыру мақсатында оған жекеменшік бизнесті қатыстыру есебінен орындалуда. Денсаулық сақтау саласында осындай бәсекелестік болғанда ғана медицинаның сапасы жақсаратыны анық. Былтыр ауылдық жерде 4 794 адамның тісін тегін емдедік. Олардың дені жүкті әйелдер мен балалар. Ал Тараз қаласында 149 адам ақылы негізде емделген еді. Биылдан бастап қалада да жүкті әйелдер мен 18 жасқа дейінгі балалар тісін тегін емдетуге мүмкіндік алды. Бұдан бөлек кез келген пациент үшін жолдамасыз алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Одан бөлек тұрғындар арнайы маман кеңесіне жүгінсе, оларға қосымша медициналық тексерістер жүргізу қажет болса және пациент бір маманға екінші мәрте келсе жолдама керек етілмейді. Жарақат алған жағдайда шұғыл көмек немесе жоспарлы стоматологиялық көмек алу үшін де жолдама керек емес. Тіс ауруы салдарынан тері ауруларына шағым болғанда да жолдама талап етілмейді. Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілгендерден жолдама сұратылмайды. Сондай-ақ біздің дәрігерлер жылжымалы медициналық кешендер мен диагностикалық пойыздарда қызмет көрсеткенде жолдама сұрамайды. Сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы 15 санаттағы тұлғалар үшін тіс жұлдыру тегін. Біздің мекеме арқылы осы жылы 8 мың адамға қызмет көрсетіледі деп жоспарланған. Мәселен жыл басынан бері 1 800 адамның тісін емдесек, соның 1350-іне тегін қызмет көрсетілді. Медициналық бизнес мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлықты енді сезіне бастады. Ол жекеменшік медициналық ұйымдардың мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізудегі ашықтығынан болып отыр, – дейді З.Жігітекова.

Емхана Чехия, Қытай, Германия секілді медицинасы озық мемлекеттерде шығарылған технологиялық құралдармен жабдықталыпты. Мұнда тіс емдеу қызметінің бірнеше түрі ұсынылады. Тіс емдеу бойынша көрсетілетін қызмет сапалы және бағасы қарапайым халыққа тиімді болғандықтан бұл емхана қызметіне өзге аудан тұрғындары да жүгініп жатқан жайы бар. Аталған мекемеге тісін емдетуге келген адамдар үшін тіс күтімі жайында арнайы кеңес те беріледі екен.

Н.БОЛАТҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.