Диқандар дала төсін дүбірге бөлеуде

0 0

«Көктемнің бір күні жылға азық», деген қағида диқандар үшін бұлжымас заңдылық. Себебі дәл қазір егіс алқабына қаншалықты тер төксең күзгі жиын-терінде соншалықты ырзық-несібеге кенелерің сөзсіз. Сондықтан дала төсін дүбірге бөлеп жүргендердің қазір қолы бір сәтке де босамайды.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні аудандардың берген жедел ақпараттарына сәйкес, тұқым себу алдында 46,4 мың гектарға өңдеу шаралары жүргізілсе, 34,4 мың гектар жер жыртылған. Сондай-ақ, 24,4 мың гектар алқапқа жаздық масақты дәнді дақылдар себілсе, 5 мың гектарға көп жылдық шөп егілген екен. Ал 1,1 мың гектар алқапқа көкөніс дақылдары отырғызылған.
– Жалпы биыл ауыл шаруашылығы дақылдары егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылдарын 710 мың гектарға, яғни 365,4 мың гектарға – дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, 64,2 мың гектарға – майлы дақылдар, 7,2 мың гектарға – қант қызылшасы, 10,5 мың гектарға – картоп, 51,2 мың гектарға – көкөніс-бақша дақылдары және 211,3 мың гектар мал азығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Есесіне егіс алқабы өткен жылмен салыстырғанда 22,9 мың гектарға немесе 3,3 пайызға артады деп болжап отырмыз, – дейді басқарманың баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақов.
– Ал тұқым дайындығына келсек, қажетті тұқым көлемі 100 пайыз дайын. Оның ішінде дәндік жүгері, картоп, қант қызылша дақылдарының бірінші ұрпақ будандарын және көкөніс, бақша мал азығы дақылдарына ғылыми дәлелденген сұрыпын жаңарту жоспарына сәйкес, сырттан қосымша 3,4 мың тонна сатып алынатын болады, – деген ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі техникалардың да дала жұмыстарына барынша жұмылдырылып жатқанын айта кетті.
Түсінгеніміз техникадан проблема жоқ сияқты. Соңғы мәліметке сүйенсек, бүгінде облыста 8419 ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген екен. Тарқата кетсек, оның ішіндегі 4536 трактордың 4445-і (98 пайызы) көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге сақадай сай дайын тұр. Ал соқалар мен дәрілегіштердің – 96, қопсытқыштар мен дән сепкіштердің 97 пайызы науқанға сақадай сай.
Сондай-ақ биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі облысқа көктемгі дала жұмыстарына қажетті 18300 тонна кепілді дизель отынын бөліпті. Әрине оның бәрі диқандарға бірден үлестірілмейді. Алдымен 3500 тоннасы наурыз айында берілсе, 4940 тоннасы – сәуір айына, 5300 тоннасы – мамыр айына, 4560 тоннасы маусым айына белгіленген. Басқарма жанар-жағармайдың бұл көлемі көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге толықтай жетеді деп отыр. Жалпы дизель отынының нарықтағы бағасы литріне 188-194 теңге аралығында болса, шаруашылықтарға босатылатын кепілдендірілген бағасы 175-177 теңге аралығын құрап отыр.
Сонымен қатар кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев дала жұмыстарының қарқын алғанын айтып өтті.«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін шаруашылықтарды несиелендіруге 400 миллион теңге бөлінгенін жеткізді. Басқарма мәліметіне сенсек, қазіргі таңда 28 шаруашылықтан 203,1 миллион теңгеге өтінім түсіп, 15 шаруашылық субъектісіне 83,3 миллион теңге қаражат бөлініп, 91,3 миллион теңгені құрайтын 9 шаруашылықтың өтінімдері мақұлданып, 28,5 миллион теңгені құрайтын 4 шаруа қожалықтың өтінімдері қаралуда.

Ж.БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.