Диқандар қуанышы

0 0

«Аспара» гидроторабы қайта жаңғыртылып, іске қосылды

Апта басында Меркі ауданында қайта қалпына келтірілген «Аспара» гидроторабы мен қосымша сумен қамту трактісі іске қосылды.

Шараға өңір басшысы Бердібек Сапарбаев пен Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов қатысты.
Облыс жерүсті су ресурстарының 80 пайызына жуығын Шу мен Талас трансшекаралық өзендері арқылы алады. Шекаралас мемлекеттер арасында суды өзара бөлісу осы тұрғыда арнайы бекітілген ережелер негізінде жүзеге асырылады.
Соңғы жылдары облыс шаруалары вегетациялық кезеңінде суару ылғалының тапшылығын бастан кешіріп келе жатқаны жасырын емес. Ағымдағы жылы Орталық Азия аймағында ылғал тапшылығы сезіледі деп күтілуде. Ол диқандардың ойдағыдай өнім ала алмауына әсер етуі мүмкін.
Осыған орай 2018 жылы су тапшылығын ішінара шешу үшін аталған жоба қолға алынған болатын. Бүгінгі таңда 1928 жылы пайдалануға берілген «Аспара» су торабы толығымен қайта жаңартылды. Ол бойынша «Аспара» қосымша сумен қамту трактісі» каналының 7,6 шақырымдық бетон жамылғысы ауыстырылды. Бұл канал 3,7 мың гектар суармалы жерді сумен қамтуға негізделген.
Сондай-ақ су жүретін арнаны, тұндырғышты, автожол көпірлерін қайта жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізіліп, автоматты су есептегіш жүйесі толығымен жаңартылды. Нәтижесінде трактінің өткізу қабілеті секундына жеті текше метрден тоғыз текше метрге дейін өсіп отыр.
Нысанды іске қосу нәтижесінде Аспара жүйесінің арналарымен Мерке ауданының алқаптарын, сонымен қатар 2,5 мың гектарды құрайтын «Үлкен Шу» каналының батыс тармағының төменгі бөлігіндегі аумақты да сумен қамтуға мүмкіндік туды.
Бердібек Сапарбаев жаңартылған су торабы мен тарату орталығының жұмысымен жан-жақты танысып, жергілікті диқандармен әңгімелесті. Облыс әкімі нысан іске қосылғаннан кейін суармалы жер көлемі қаншаға артатынын сұрады. Бұл орайда 1,5 мың гектар суармалы жердің айналымға қосылуы туралы айтылды.
– Жыл сайын облыс бойынша 170 миллион текше метрге дейін су жетіспейді. Ағымдағы жылы біздің шаруаларымыз суармалы судың тапшылығын сезбеуі тиіс. Біздің міндетіміз – суармалы жерлердің көлемін 200-210 мың гектарға жеткізу. «Тасөткел» су қоймасын жөндеу, кем дегенде үш шағын су қоймасын салу жұмыстары жоспарлануда. Біз суды жинауға және сақтауға дағдылануымыз керек. Суармалы су мәселесін шешу арқылы өңіріміздің шаруалары үшін жоғары рентабельді дақылдарды егу және жоғары өнім алу мүмкіндігіне қол жеткіземіз. Қант қызылшасының егісін ұлғайту қажет. Базардағы қанттың құны өсіп келеді десек, бұл тұрғыдағы басты мақсат – облысымызды қантпен қамтамасыз ету. Бұл ретте сапалы тұқымдарды пайдалануға назар аудару қажет, біз осы мәселе бойынша семинар өткізетін боламыз, – деді облыс әкімі.
Меркі аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Серік Құралбай атап өткендей, ауданда 3,5 миллиард теңгеге 41 арнаны қайта жаңғырту және 5,6 миллиард теңгеге 46 ұңғыманы салу жобалары жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар жергілікті аграрлық сектордың дамуына оң әсер ететіні сөзсіз.
Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громовтың айтуынша, құны 922,4 миллион теңге болатын жобаны іске асыруға министрліктің Су ресурстары комитеті тапсырыс берген.
Нысанның салтанатты ашылу шарасы барысында бас ғимарат іске қосылып, канал арқылы алғашқы су ағыны жіберілді. Енді осы су жүйесінен егіс алқаптарын тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған меркілік диқандар ойдағыдай өнім ала алатын болады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.