Диқандарға жаңбырлатып суару техникалары берілді

0 15

Диқан-шаруасы жер емген аграрлы өлке диқандары қазіргі таңда егіннің басым бөлігін егіп қойды. Ендігі мәселе еккен тұқымын суару. Мемлекеттің қолдауын сезінген шаруалар суару науқанына дейін жаңбырлатып суару құрылғыларын алуда. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның «Тараз» микро қаржы ұйымы» ЖШС арқылы несиеге берілетін мұндай құрылғылар шаруаларға табыс етілді. Кезекті жаңбырлатып суару техникаларын бұл жолы Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов және Байзақ аудандарының диқандарына берілді.

Суды үнемдеп, адам күшін азайтатын бұл техниканы алушы шаруа қожалықтарының саны артып келеді. Оның суарудағы артықшылығынан бөлек қаржылық жағынан да тиімділігі көп. Себебі несиеге алынған сомманың 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Күні кеше Алматы қаласынан жеткізілген құрылғыларды «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның «Тараз» микро қаржы ұйымы» қызметкерлері аудандағы диқандарға жеткізді. Техниканың тілін үйретіп, тіпті қораппен келген құрылғыларды құрастырып та берді. Ендігі қалған жұмыс су жаңа техникаларды егіс даласына алып барып, тиісті жұмысын істету.

– Қазіргі таңда 100 гектар жерге жоңышқа егеміз. Әлбетте оған кетпен салып, суару да оңай шаруа емес. Сондықтан «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның «Тараз» микро қаржы ұйымы» арқылы жаңбырлатып суару қондырғысын лизингке алдық. Құны 6 миллион теңге тұратын техника біз секілді шаруаларға тиімді. Себебі бұл қондырғы мемлекет тарапынан субсидияланады екен, – дейді Т.Рысқұлов ауданындағы «Көкірек» шаруа қожалығының төрайымы Роза Бақтыбаева.

 Өткен жылдан бері мұндай құрылғылардың 130-дан астам данасы өңір шаруаларына лизингке берілді. Техника тиімділігін енді сезіне бастаған диқандар мұндай қондырғыларға әлі де сұраныс беруде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.