Жастар.kz

«Дипломмен ауылға» келіп, далада қалды…

Мемлекет басшысының ықпалымен елімізде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүзеге асқан уақыттан бері 30 мыңнан астам маман ауылдық жерлерде жұмыс жасауға мүмкіндік алды. Оларға берілетін бір реттік көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй алу үшін қаралатын несие көлемі де өсті. Бұл бағдарлама екі қолға бір күрек таппай, жұмыс іздеген жастарға да, ауылдық жердегі кадр тапшылығы мәселесін шешуге де тиімді болды.

Алайда, білімін шыңдап, алтын бесік ауылға арманын арқалап, құстай ұшқан жастардың шалғай елді мекенге келгеннен кейінгі жағдайы назардан тыс қалып қоюда. Мәселен, бағдарлама аясында Сарысу ауданындағы Шығанақ ауылына жұмыс істеуге барған жас маман Меруерт Жүнісбаеваның шырылы шындық сүйетіндердің шымбайына батпай қоймайды. Жамбыл ауданында туып-өскен ол 2015 жылы Құдай қосқан қосағы Бекзат Қамысовпен бірге шалғайдағы мекенге табан тірейді. Арнаулы оқу орнын тәмамдаған фельдшер маманға ауылдық дәрігерлік амбулаториядан жұмыс ұсынылған. Ал, жұбайы туған жерге ту тігіп, Шығанақ ауылдық клубының меңгерушісі болып еңбек жолын бастайды. Дегенмен, біржолғы көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған жеңілдетілген несие Меруертке ғана рәсімделген. Алайда, жас отбасының қуанышы көпке созылған жоқ.

– Жолдасым Бекзат екеуміз шаңырақ көтерген күннен бастап ауылда тұрып, осында еңбек етеміз деп шештік. Әйтпесе, ата-аналарымыз қалада тұрады. Сондықтан «Дипломмен-ауылға» бағдарламасы мақ­сатымызды жүзеге асыруға мол мүмкін­дік екенін сезіп, алып-ұшып ауылға ат­тан­дық. Келе сала ауылдық дәрігерлік амбула­тория­лық пунктке жұмысқа ор­на­ластым. Алайда, бір жылға жуық уақыт өткенде аудандық аурухана басшылығы штаттық бірлікті Жаңатас қаласына тиесілі деп алып қойды. Бұл аралықта біз бағдар­лама шеңберінде несиеге 2,5 миллион теңге алып, ауылда баспаналы болған едік. Осылайша бүтін бір отбасы отағасының 40 мың теңге айлық жалақысына қарап қалдық. Алған несиеміздің тек 1 жылын ғана төледік. Әлі 15 жылдай бар. Қазір несиені уақытылы төлей алмай, қиналып отырмыз. Мәселемізді айтып аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің де есігін талай мәрте қақтым. Бірақ, нақты нәтиже болған жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына да жүгіндім. Кейін басқармадан хат келді. Хатта қосымша штаттық бірлік ашылмайтыны жазылыпты. Аудандық аурухана басшылығы да осыны айтты. Қазір Жайлаукөл ауылында жүктілік демалысындағы социолог маманның орнына уақытша жұмыс жасап отырмын. Ертең ол маман шықса, қайтадан жұмыссыз қаламын. Қазір бұл ауылда 1 фельдшер және 1 акушер бар. Жуырда акушер маманының да қысқаратыны туралы хабар естідік. Осындай жағдайда маған қосымша штаттық бірлікті ешкім ашып бермейтіні анық. Аяғы осылай боларын білсек, тып-тыныш қалада жүріп-ақ бір мәнісін көретін едік қой. Не себепті бізге басында жұмыс болмайтыны туралы айтылмады. Әр мекемеге табан тоздырып, әбден шаршадым, – дейді үш баланың анасы Меруерт Жүнісбаева.

Расында да, айдалада сандалып қалған жас маманның жанайқайы арқаға аяздай батады. Осы орайда, Сарысу аудандық ауылшаруашылы­ғы бөлімінің басшысы Сейілбек Шәкенбайұлымен байланысқа шықтық.
– Жас маманның мәселесімен біз жақсы таныспыз. Бұл жерде біздің міндетіміз ауданның сұранысындағы мамандарды бағдарлама аясында шақыртып, ауылдық жерлердегі қажетті салаға бағыттау ғана. Ал, кадрды сақтап тұру – жұмыс берушінің міндеті. Сондықтан бұл мәселе тікелей аудандық аурухана басшылығына қатысты, – деді ол.
Білдей бір бөлім басшысы мардымды сөз айтпаған соң, аудандық аурухананың бас дәрігері Бағила Бегмановамен байланысқа шықтық. Бұл қызметке кіріскеніне екі айдай ғана уақыт болған бас дәрігер жас маманның жайынан бейхабар екен. Мәселенің мән-жайын біз одан емес, керісінше ол бізден естіді. Ақыры Меруерттің мәселесін қарамағындағы бас медбике Айна Игисиновадан жан-жақты сұрастыра келе, бізге өз пікірін жеткізді.

– Меруерт Жүнісбаева өзінің жұмыссыз қал­ған­дығын айтып, менің алдымдағы екі бірдей бас дәрігерге келген екен. Негізінде маманға
о бас­та ауылдан штаттық бірлік қарастырылмаған. Яғни, жұмысқа кіріскен бірінші күннен бастап декреттік демалыстағы маманның орнына қабылданған. Ал, штаттық бірлік болмаса да, маманды не себепті ол ауылға жібергені маған беймәлім. Арнайы штат болса маманды ешкім негізсіз жұмыстан шығара алмайды. Бізде қазір оптимизация жүріп жатыр. Зейнетке шыққан мамандардың орындарына жастарды жұмысқа қабылдап жатырмыз. Шығанақ секілді шалғай ауылдарда маман ұстап тұру қиын. Сондықтан кадр сақтау, медицина мамандарына жағдай жасау – менің міндетім.. Бірақ, Шығанақта қазір Меруертке өз саласы бойынша бос орын жоқ. Бағдарлама ауылдық жерлерге бағыт­тал­ғандықтан, Жаңатасқа келе алмайды. Бұл тығырықтан қалай шығуға болатынын нақты білмей отырмын. Бәлкім, штаттық бірлігі босаған басқа ауылға ауыстырармын, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Бағила Әбілетқызы.
Біз осы мәселеге байланысты Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Олжас Көкейдің де пікірін білдік.

– Жалпы, «Дипломмен- ауылға» бағдарлама­сы арқылы қабылданған маман ауыр бір құқық­бұзу­шы­лық­қа жол бермесе, негізсіз жұмыстан шығарылмауы қажет. Мен Меруерт Жүнісбаеваның жайымен жақсы таныспын. Бізде мұндай жағдайлар бұрындары да болған. Бірақ, мәселені тиімді жолдар арқылы шешкенбіз. Қазір маман уақытша еңбек етуде. Алайда, оны жұмыссыз қалдырмауға ықпал етеміз. Алыс-шалғайдағы ауылға денсаулық сақтау саласының маманы ауадай қажет. Кадрды сақтауымыз керек. Сондықтан жас маманның мәселесін қадағалайтын боламыз, – деді Олжас Тұрғынұлы.
Осылайша Сарысу өңіріне серпіліспен келіп, сарсаңға түскен жас маманның мәселесі әлі толық шешімін таппай отыр. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жастар көші ауылға енді бет түзеп жатқанда мұндай олқылыққа жол берілгені жөнсіз, шынында. Туған жерге ту тігіп, ауылда адал еңбек етуге ниеттенген әрбір жастың ертең Меруерттің күйін кешпесіне кім кепіл? Тағы бір қызығы, былтыр «Дипломмен- ауылға» бағдарламасы арқылы 49 маман құлшынып барған Сарысу ауданына биыл бірде-бір маман баруға ниет білдірмеген. Сондықтан бағдарлама нәтижесін аудан басшылығы жіті назарға алып, Меруерттің мәселесін шешуге ықпал етеді деген сенімдеміз.

Нұржан Қадірәлі
Сарысу ауданы

ПІКІР