Доллар төңірегіндегі дау

0 0

Жер-жаһан қауіптілігі пандемия деңгейіне жеткен коронавируспен алысып, әлекке түсіп жатқанда өткен аптаның басында мұнай бағасының күрт төмендеп, доллардың кейбір ұлттық валютаға шаққандағы бағамының шарықтап шыға келуі буынсыз жерден пышақ ұрғандай болды. Зардап шеккен ұлттық валюталар қатарында өзіміздің төл теңге де бар. Өткен аптаның дүйсенбісінде 1 АҚШ долларына шаққандағы бағамы 386 теңгенің төңірегінде еркін «жүзіп жүрген» теңге курсы бір сәтте-ақ әлемдік мұнай саудасындағы қитұрқы саясаттың салқынына ұрынып, 400 теңгеге дейін құнсызданды. Ал апта басындағы курс бойынша теңгенің 1 АҚШ долларына шаққандағы бағамы – 405 теңгеге тағы өссе, кешегі жағдай бойынша – 435,85 теңгеге жетті.

Ұлттық банк басшылығы өткен аптада валюталық курс осымен тұрақтап, яғни 400 теңгенің төңірегінде қалып, теңге жақын арада одан әрі құлдырай қоймас дегенді алға тартып, халықты сабырға шақырған-ды. Бірақ әлемдік нарық ырыққа көнер емес. Өйткені 6 наурыздан бері мұнайдың бағасы 1 баррель үшін 50 доллардан 35 долларға дейін немесе 30 пайызға дейін төмендеді. Дамушы елдер нарығының валюталары, соның ішінде Қазақстанның сауда серіктестерінің валюталары да әлсіреуде.
Ашығын айтқанда, теңгенің құнсыздануына қазақстандықтардың еті де үйреніп кетті. Өз тарихында бірнеше девальвацияны бастан кешкен ұлттық валютамыздың «дерті» интервенциялық саясатқа көнбей кеткендіктен 2015 жылдың жазында Үкімет теңге курсын еркін айналымға жіберген болатын. Міне осыдан бері доллар мен теңге курсының арасы уақыт өткен сайын әлемдік экономикалық және түрлі геосаяси жағдайларға байланысты алшақтап барады. Әрине түптің-түбінде теңге курсының еркін айналымы шетел валютасымен жұмыс жүргізетін бизнес, кәсіпкерлік субъектілері үшін тиімді болатыны сол кезде айтылғанымен әзірге экономикамызға тигізген айтарлықтай шапағатын көріп отырғанымыз жоқ. Қысқасы, осы жүйені ұсынғандар арық айтып семіз шыға алмады. Қазір қаржыгерлер Қазақстанға теңге курсын белгілейтін жаңа жүйе, яғни еркін айналымға балама құралды енгізу керектігін айтудай-ақ айтып келеді. Бірақ соңғы жағдайлар Ұлттық банктің, тіпті жекелеген мемлекеттердің ұлттық экономикасының қолынан келер қайран жоқ екенін анық көрсетіп берді.
Не керек, бүгінде қазақстан­дықтардың теңге курсына көз салып қоюы әдетке айналып кетті. Апта басындағы жағдай елді дүрбелеңге салып, жұрт жаппай ақша айырбастау орындарына ағылды. Бірі алдағы уақытта тағы болуы ықтимал курстық қауіптен сақтанса, біразы курстық айырмашылықтан пайда көріп қалуды көксеп кетті. Дегенмен, Ұлттық банк іске араласып, жағдай әп-сәтте тұрақталғандай болып еді. Бірақ, ахуал күннен күнге өршіп бара жатқандай.
Десе де еліміздің Ұлттық банкі ағымдағы жылғы ақпан айында елімізге шетел валютасының әкелінуінің, экспорттаушылардың валюталық түсімді сатуының және бюджетке кепілдік берілген трансферттерге арналған Ұлттық қордың валюталық активтерін конвертациялаудың арқасында теңге нығая түскенін айтуда.
Иә, расында бүгінде ғаламдық және валюталық нарықтарда ахуалдың нашарлауы байқалуда. СOVID-19 коронавирусының таралуы және ОПЕК пен ОПЕК+ елдерінің мұнайды өндіруді азайту туралы келісімге келе алмауы әлем экономикасының баяулау тәуекелдерін үдетуде. Мұндай қиын шақта халықаралық сарапшылар әлемдік экономиканың айтарлықтай және ұзақ уақытқа баяулауы күтілуде дейді. Тіпті 2020 жылы әлемдік ЖІӨ-нің өсу қарқыны 2008 жылғы әлемдік дағдарыс кезіндегіден де нашар көрсеткішке алып келуі мүмкін.
Ұлттық банк ұстанымы сыртқы сектор тарапынан өскен тәуекелдер аясында баға тұрақтылығын қолдауды қамтамасыз ету, сондай-ақ теңгенің айырбастау бағамын қорғау қажет дегенге саяды. Сондықтан Ұлттық банк өз мандаты шеңберінде кезектен тыс отырыста ағымдағы жылғы 10 наурыздан бастап базалық ставканы және проценттік дәлізді жылдық 12 пайызға дейін арттыру туралы шешім қабылдады. Бұл базалық ставканы арттыру макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты сақтауға жағдай жасайды деген болжам бар.
Ұлттық банктің мәліметінше, сыртқы секторда қалыптасқан белгісіздік және COVID-19 коронавирусының, сауда соғыстарының таралуына, геосаяси шиеленістің өсуіне байланысты халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша әлемдік экономиканың айтарлықтай және ұзақ уақытқа баяулауы күтілуде.
Тіпті бұл мұнай бағасымен байланысты қаржылық қыспақ алпауыт елдерді де шұғыл шешім қабылдауға мәжбүрледі. Себебі әлемдік инвестициялық саясаттағы орын алып жатқан жанама келеңсіздіктердің салдарынан әлемдік қор нарықтарындағы индекстер соңғы 30 жылда ең көп төмендеуді көрсетті. Сөйтіп өткен аптада АҚШ Федералды резерв жүйесі шұғыл арада негізгі пайыздық мөлшерлемені 0-0,25 пайызға дейін төмендетіп, экономиканы қолдау және мүмкін болып тұрған құлдырау салдарын азайту үшін жалпы сомасы 700 миллиард АҚШ долларына сандық жұмсарту бағдарламасын енгізді.
Бұл ретте Қазақстан да қарап қалған жоқ. Қауіпті вируспен қабаттаса келген қаржылық дүрбелеңмен де алысып-ақ жатыр. Бірақ нәтижесін жақын арада көре қоймауымыз мүмкін. Ол заңдылық. Өйткені теңгені құлдыратпай ұстап тұру тек Ұлттық банктің ғана қолынан келетін шаруа емес. Ол үшін экономиканың жекелеген секторларын мүмкіндігінше қолдап, шикізатқа тәуелділіктен құтылудың қамын жылдар бойы жасап келеді. Десе де ішкі қаржы нарығындағы жағдайды бұдан әрі тұрақтандыруға қажетті құралдар Ұлттық банктің қолында. Сондықтан қажет болған жағдайда, сыртқы сектор тарапынан теріс салдарларды тежеу үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлескен және үйлестірілген шаралар қабылдауы ықтимал. Жалпы, Ұлттық банк жағдайға мониторинг жүргізуін жалғастыруда. Аталған қаржы ұйымы, базалық мөлшерлемені және пайыздық дәлізді жылдық 12 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдау туралы мәлімдеме жасады.
Сондай-ақ бензин бағасы төңірегінде де түрлі алып-қашпа әңгіме елдің арасына желдей есті. Жағдай ушықпау үшін Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев жанармай бағасының әзірге өспейтінін отандық мұнай өңдеу зауыттарындағы шикізат қорының жеткілікті екенімен және зауыттар қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанымен сендірді.
Бұдан бөлек теңгенің құнсыздана түсуінен қаржыгерлер зейнетақы салымдарын шетел валютасында жинау туралы да мәселе көтерді. Бірақ Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бұның ұзақ талқылауды, зерделеуді қажет ететін мәселе екенін және қазақстандық зейнетақы қорындағы қаржыны халықаралық қор биржаларына салудан қаншалықты табыс түсетінін нақты айту қиын екенін, яғни түсетін табыстың да көңілді аса көншіте қоймайтынын айтып өтті.
Қалай десек те, қазіргі қаржылық қиындық алпауыт АҚШ-тан бастап көптеген дамыған, дамушы елдерге де салқынын тигізуде. Ал әлемдік мұнай державаларының бірі Сауд Арабиясы мұнай өндіруді одан әрі арттыра береміз деп отыр. Бұл әрине, жағдайды қиындатпаса, оңалтпайтыны анық. Сондықтан, ОПЕК+ елдерінің алдағы ортақ келісіміне көп нәрсе байланысты болып тұр.

Жасұлан Сейілханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.