Домбыра – дастан

0 26

Шілде айының алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыр күні деп аталып, ел ішінде ұлттық құндылығымызды арттыруды көздеген мерекені тараздықтар да өз деңгейінде атап өтті. Көне шаһардағы Тұңғыш Президент саябағында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен «Домбыра – дастан» атты әдемі де әсерлі концерт өтті. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған бұл шара бабалардан бізге жеткен қасиетті домбыраны жас ұрпаққа дәріптеуді көздеді.

Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның қазақ ұлт аспаптар оркестрі мен Тараз қалалық мәдениет үйінің үйірме оқушыларының орындауындағы Түркештің «Көңілашар» күйімен ашылған концертте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

– Қазақ пен домбыра егіз ұғым. Бүгінге дейін қазақтың әр шаңырағының төрінен табылған киелі домбыра тұрған жерге жын-жыбыр, жағымсыздық жуымайды деген наным бар біздің халықта. Домбыра халқымыздың қуанышын да, мұңын да, тіпті қоғамына айтар ішкі үнін де айна-қатесіз әрі әсерлі әуенмен жеткізе білгендігімен құнды аспап. Сонысымен де қазақ үшін қадірлі, қасиетті. Бүгінгі ұрпақ та киелі аспабымызды қастерлеп, төрімізге қойып, құндылығымызды арттыруға тиісті, -деп барша тұрғындарды мерекемен құттықтады.

Мерекелік шарада ҚР Мәдениет қайраткері, күйші-композитор Аман Малдыбаевтың сүйемелдеуімен «Көне Тараз» күйі, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның қазақ ұлт аспаптар оркестрі мен әншілерінің, қала өнерпаздарының орындауымен Құрманғазының «Сарыарқа», «Балбырауын», М.Әубәкіровтың «Талас», Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым», «Әулиеата» күйлері көпшіліктің назарына ұсынылды.  К.Әзірбаевтың «Бастау», «Домбыра», «Ш.Қалдаяқовтың «Жаңарған Жамбыл», Н.Тілендиевтің «Өз елім» және тағы басқа әндер шырқалды. Күмбірлей төгілген күй мен әуелеген ән тыңдарман қауымның көңілінен шыққаны қуаныш лебі ескен жүздерінен байқалды.

Қ.Рахметуллина

Leave A Reply

Your email address will not be published.