Донорлық – сауапты іс

0 9

Қан – адам ағзасының маңызды бөлігі болғандықтан, онсыз өмір сүру мүмкін емес. Адамның көп мөлшерде қан жоғалтуы өте қауіпті. Десе де, қырық пайыз қан жоғалтқан ағзаға тез арада қайта қан құйса, аман алып қалуға мүмкіндік бар. Мамандардың айтуынша, жыл сайын донорлар тапсырған қан миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға себепкер болады. Яғни қан тапсыру өмiр мен өлiм арасында жатқан адамды ажалдан арашалап қалудың бір жолы. Донор қанының көмегімен күрделі хирургиялық оталар, медициналық процедуралар жүргізіледі. Дәрігерлер де қан тапсыруды әдетке айналдырған адамның ағзасы әртүрлі аурулар мен күйзеліске қарсы тұра алатынын, жүрек-қан тамырлары ауруына сирек шалдығатынын айтады.

Донор – латын тілінен аударғанда «сыйлау» деген мағынаны білдіреді. Ол белгілі бір дертке шалдыққан науқасқа өз еркімен қан беретін адам. Донор күні алғаш рет мереке ретінде 2004 жылы 14 маусымда аталып өткен. Ал бір жылдан кейін мереке Женевадағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 58-ші сессиясында бекітілді. Аталмыш датаның 14 маусым күнге белгіленгені кездейсоқ емес. Себебі бұл күні австриялық дәрігер әрі иммунолог Карл Ландштейнер (1868-1943) дүниеге келген. Ол 1930 жылы адамның қан тобын ашқаны үшін Нобель сыйлығын алыпты.
Биылғы Дүниежүзілік қан доноры күні – «Қан тапсыр, жер бетіндегі өмір тіршілігі жалғассын!» ұранымен өткізілді.
Адам өміріне араша болуға ниеттеніп, өтеусіз қан тапсырғысы келген әрбір жанды қан орталығы мамандары қуана қарсы алды. Алайда елімізде «Құрметті донор» атағы алынып тасталғанымен, қанды өтеусіз негізде 40 реттен артық немесе плазманы 70 реттен артық тапсырған донорлар «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» наградасымен марапаттауға ұсынылады.
Облыстық қан орталығы халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін қауіпсіз қан компоненттерін шығаратын аймақтық жетекші қан орталығы. 2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталықта білікті мамандармен қоса, донорлық қанды дайындауға, қайта өңдеуге, тестілеуге арналған әлемдік жетекші өндіруші фирмалардың инновациялық жоғары технологиялық жабдықтары бар. Мекеменің басты міндеті – трансфузиялық медицинаны жақсарту арқылы сапалы қан компоненттерімен қамтамасыз ету.
Облыстық қан орталығының басшысы, Тараз қалалық Өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі Гулам Умаров қан орталығының жобалық қуаты жылына 15 мың литрге дейін қан мен оның компоненттерін дайындауға қауқары бар екенін айтады. Сонымен бірге облысымызда өз еркімен қан тапсырушылар санының артқанын атап өтті.
– Өткен жылы халықтың қан тапсыруға түскен өтініштері 2019 жылмен салыстырғанда 1136 адамға артты. Қан компоненттері 11 453 доза (7320 литр) (2019 жылмен салыстырғанда 10 пайызға) артық дайындалды. Оның ішінде, құрамында эритроциттер бар компоненттер (мөлшер) 10 684 мөлшерде, тромбоциттер концентраттары 1017 мөлшерде, жаңа мұздатылған плазма барлық түрлері 11 588 мөлшерде, криопреципитат 774 мөлшерде.
Жаңа қан компоненттерін өндірудің 2022-2024 жылдарға арналған жоспары аясында облыстық қан орталығы АСР215 гемонетика аппаратындағы қосымша SAGM ерітіндісінде көп компонентті қан (аферездік лейкофильтрленген эритроциттер) және жуылған лейкофильтрленген эритроциттерді енгізуді қарастырып отыр. Қазіргі уақытта «Info-Donor» базасында 60 мыңға жуық донор тіркелген. Жалпы жыл сайын орталыққа 4 000 мыңға жуық жаңа донор қан тапсыруға келеді, – дейді Гулам Умаров.
Былтыр аталмыш орталық арқылы облыстың медициналық ұйымдарына жалпы 15 428 мөлшерде қан компоненттері жіберілген. Оның ішінде құрамында эритросы бар компоненттің 9792 мөлшері, плазманың барлық түрлері қамтылған 4619 мөлшері және тромбоконцентраттың мөлшері – 1017.
– Пандемия кезінде облыстық қан орталығы анти-ковид-19 иммундық плазмасын шығаруды енгізу бойынша жедел жұмыстар жүргізіп, жоспарлар сәтті орындалған. Әсіресе біздің облыс республика бойынша алғашқылардың бірі болып COVID-19 жұқтырғандарды емдеуге арналған иммундық плазма қорын жасақтады. Жетістікке жету үшін дәрігерлеріміз еліміздің және ТМД елдерінің мықты деген кәсіби мамандарымен тәжірибе алмасты. Орталық арқылы медициналық орталықтар мен ковид емдейтін стационарларға 181 мөлшерде плазма берілді. Бүгінде бұл жұмыстар өз жалғасын табуда, – деген Гулам Умаров орталықта танымал шетелдік өндірушілердің халықаралық стандарттарға сай зертханалық жабдықтары жаңартылғанын тілге тиек етті.
Қан орталығы донордың құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау саясатын, соның ішінде донорлық құқықтар бойынша семинар-тренингтер, вебинарлар, донор туралы ақпараттың құпиялығы мен құпиялылығын қамтамасыз ету және донордан негізделген келісім алу саясатын жүзеге асырады. Ақысыз донорлықты дамыту және насихаттау мақсатында донорларға күнделікті хабарламалар жіберіледі.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.