Sport

Доп додасы

Тараз қаласындағы «Айбек Арена» спорт кешенінде білікті банк қызметкері, белгілі әуесқой футболшы Темірлан Арзымбетовті еске алуға арналған кіші футболдан облыс біріншілігі өтті. Арзымбетовтер әулеті мен Тараз қалалық №2 соты ұйымдастырған доп додасына 21 команда қатысып, өзара бақ сынасты.

Біріншіліктің ашылу салтанатында сөз алған облыстық қылмыстық істер жөніндегі алқа сот төрағасы Нұрмахамат Абидов жарысқа қатысушыларға сәттілік тілесе, Темірлан Арзымбетовтің қарындасы Әлия Исмаділдақызы үшінші жыл қатарынан дәстүрлі түрде өткізіліп жатқан турнирге келіп, дүниеден өткен бауырын бірге еске алып жатқан көпшілікке алғысын білдірді.
– Бұл жарысты қаражатымыз асып-тасып жатқанынан жасап жатқанымыз жоқ. Мақсатымыз – Темірлан ағамды еске алып, оның өнегесін өскелең ұрпаққа үлгі ету, футболды бірге ойнаған достарының басын қосып, әруағына құран бағыштау. Биылғы жарыстың жаңалығы –«Үздік қақпашы», «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы» атты арнайы номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталмақ. Доп додасына келген барлықтарыңызға алғысым шексіз, — деді Әлия Арзымбетова.
Бұдан кейін жарыс көркі қыза түсті. Алдыңғы жылдары турнирде күш сынасқан командалардың саны онға жуықтаса, биыл «Аса» ықшам ауданының өзінен 3 команда өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, Жуалы, Байзақ, Жамбыл аудандары да арнайы құрама жасақтап, «Альтаис» әуесқой футбол клубы мен ішкі істер органдарының командалары да тартысты кездесулер өткізді.
Нәтижесінде, бас жүлде мен ауыспалы кубокты «ҰҚК» командасы жеңіп алса, екінші орыннан Байзақ ауданының жігіттері көрінді. Үздік үштікті «Альтаис» футболшылары түйіндеп, төртінші орынға Жуалының жігіттері табан тіреді.
Ал «Үздік қақпашы» номинациясын «Әль-Фирдакус» командасының ойыншысы Есбол Ермұханбетов иеленсе, «Үздік қорғаушы» номинациясына байзақтық Асланбек Шалғынбаев лайық деп танылды. Турнирдің «Үздік ойыншысы» атағы жуалылық Еламан Қалдыбекке берілді.
Барлық жеңімпаздар Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

C.ЖАПАРҰЛЫ

ПІКІР