Қоғам

Достық әзіл

«Qazaqstan» РТРК АҚ Жамбыл облыстық
филиалы директорының
орынбасары-Бас редактор

Нұржан Мергенбайға

 

Сегіз қырлы, бір сырлы, сынға батыл,
Сыйласқанға шын бауыр, шын жанашыр.
Телеарнаның ғана емес, жалпы елдің,
Тарихына керек бір Нұржан батыр.

Тәуекелмен ұмтылған алға, сынға,
Талма, шыңға жете бер, самға, сынба.
Жана бер ел қызығып қарайтұғын,
Жарқылдап «Jambуl» телеарнасында.

 

 

 

«Қордай шамшырағы»
газетінің жауапты хатшысы
Құралай Сүймановаға

 

Талай жылдар еңбек етіп «ARAIда»,
«Жау хатшы» боп кеткен еді Қордайға.
Мың таксидің бірін мініп мейрамда,
Тараз жаққа тартып кетсе болмай ма?

«ARAIды» оқып, бізді еске алмай ма?
Сағыныштан сарғайғанша шалғайда.
Төрін берген «Шамшырағы Қордайдың»,
«Төркініңе» бір жіберсе болмай ма?..

 

 

 

Облыстық «Аq jol»
газеті бас редакторының орынбасары
Асхат Райқұлға

 

Елге оралған ер еді «Егеменнен»,
Демеңіздер облысқа неге келген.
Қазығын тапты айналып қазанатың,
Тұлпардайын түз кезіп, төбе көрген.

Таусылатын тарылып елсіз демі,
«Таразым, тек сен ғана төрсің» деді.
Елдің қолы жетпеген Елорданы,
Бұл жігіт, бәрібір де менсінбеді.

 

 

 

«Алаш info» медиа-студиясының жетекшісі
Эльмира Байназароваға

 

 

Көрмейсің мұндай көңіл күйді ешкімнен,
Пып-пысық, әрбір ісін үйлестірген.
Кеше ғана жүр еді телеарнада,
Бүгінде ол қып-қызыл бизнесвумен.

Талпынған табыс дейтін тәтті дәмге,
Болады әрбір ісін сәтті деуге.
«Жегені жантақ» қой деп журналистің,
Жай ғана ауыз тиіп кетті ма әлде?!

 

 

 

Облыстық «Жеті жарғы» құқықтық
қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы
Бекнұр Сатыбалдиевқа

 

 

Адалдықпен атасың әр оғыңды,
Жуалыдан жолдаушы ең сәлеміңді.
Әз Тәукенің ізімен жас Тәукедей,
«Жаңа өмірсіз» бастадың жаңа өмірді.

Семсеріндей жарқылдап сесті заңның,
Әр бетінде алаулап оты ардың.
Көп газеттің бірі емес, абыройлы,
Әділдікке ту болсын «Жеті жарғың!»

ПІКІР