Қазақстан халқы ассамблеясы

Достыққа дәнекер болған дара шаңырақ

Written by Aray2005

Елдігіміз бен теңдігіміздің айнымас көрінісіне айналған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық үйі» 2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен ашылған еді. Сол сәттен бері достық шаңырағының қоғамдағы көтерер жүгі, атқаратын жұмысының ауқымы мен әлеуметтік-саяси маңыздылығы артты. Бертін келе «Достық үйі» «Көне-Тараз» тарихи-мәдени орталығына көшіріліп, төбесі шаңырақ тәріздес ұлттық нақышта салынған жаңа ғираматта жаңаша түрлене түсті.

Үш қабаттан тұратын нысанның жертөлесінде пікірлесуге арналған дөңгелек үстел алаңы, жүз адамға шақталған конференц зал, ғылыми-әдістемелік кеңселер, ғылыми-сарапшылық бөлім, әдіскерлер кабинеті, көркемсурет және қолөнер залы, медиаторлар кабинеті, баспасөз қызметі және мәдени көпшілік іс-шаралар бөлімдері өз орындарын тапқан. Этномәдени бірлестіктердің салт-дәстүрін, мәдени мұраларын көрсететін бұйымдармен жабдықталған музей, «Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің мұражайы, үлкен айналмалы хореографиялық зал, қойылым және концерт костюмдеріне берілген бөлмелер де өзінің ерекше архитектуралық композициясымен көз тартады.
Бірінші қабатында төрт каналды синхрондық аударма жүйесі орнатылған мәжіліс залы және мультимедиялық орталық орналасқан. Ал екінші қабатында 250 адамдық акт залы мен кең сахналы мәжіліс залы бар. Сондай-ақ Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларының негізінде құрылған электронды алаңшалары да іске қосылған. Мәселен, «Қазақтану», «Достықта жоқ шекара», «Жаңғыру жолы», «Жаңғырған ауыл» жобаларына байланысты этнобірлестіктердің атқарған іс-шаралары мен облыстық білім басқармасының «Рухани жаңғыру» алаңшалары арқылы облыста жүзеге асып жатқан жұмыстармен электронды түрде таныса аласыз. Сонымен бірге «Туған жер» арнайы жобасы аясында құрылған «Атамекен» бағдарламасы және «Қазақтану» жобасы шеңберінде ашылған «Мәміле» клубының тынысын да электронды үлгіде тамашалауға мұнда мүмкіндік бар. Олар уақыт талабына сай жаңартылып отырады.
Нысанның шаңырақ іспеттес күмбезді үшінші қабатында үлкен мәжіліс залы жұмыс жасауда. Мұнда көршілес мемлекеттерден және еліміздің ірі қалаларынан келетін өкілдердің этносаралық мәжілістері мен ғылыми-практикалық конференциялары өтеді.
Іші ынтымақпен үндескен «Достық үйінің» ерекше құрылымы – Аналар кеңесі. Бұл ұжым 2013 жылдың 20 тамызында құрылған. Кеңестің негізгі міндеттеріне отбасылық құндылықтарды дамыту, облыстың этномәдени бірлестіктері жанындағы аналар кеңесі қызметтерін үйлестіру жатады. «Жаңа әлемдегі әйелдің рөлі» форумы, «Бір отбасында 20 жыл», «Отбасы – қоғамның ұясы», «Менің әулетімнің дәстүрі» атты кеңейтілген отырыстармен қоса, фестивальдер, «Әже мен немере» атты байқаулар, «Қыз тәрбиесі», «Қыз, әйел, ана» тақырыптарындағы дөңгелек үстел отырыстары осы кеңестің күшімен іске асуда. Оған қоса, Аналар кеңесі Тараз қаласындағы №1 қарттар үйі мен К.Сарымолдаев атындағы балалар үйін де қамқорлықтарына алған.
Аналар кеңесі жыл сайын «Жүректен жүрекке!» және «Мектепке жол!» акцияларына да мұрындық болып келеді. Кеңес төрайымы Мухаббат Миражапова «Рухани жаңғыру» бағдарламасының республикалық дәріскерлер тобының мүшесі. 2018-2019 жылдары «Алғыс айту күніне» орай оның бастауымен
1 000 000 теңгеден аса қаражат жұмсалған қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылды. Үстіміздегі жылы аналар кеңесінің мүшелері Тараз қаласындағы мектеп оқушыларымен, колледж студенттерімен кездесіп, отбасылық тәрбие туралы әңгімелер жүргізді.
Ақсақалдар мен Қоғамдық келісім кеңестері де «Достық үйінде» өз жұмыстарын жүргізуде. Жастардың бойына патриоттық сезімді сіңіру, рухани-ағартушылық бағыттағы жобалар мен ұлттық салт-дәстүр, мәдени мұраны құрметтеу, ұлттық құндылықтарды қастерлеу арқылы өңірдегі тұрақтылық пен достықты сақтау сияқты қасиеттерді ұялату – осы аталған Кеңестің еншісінде.
Өзге этностардың қазақ тілін меңгеруіне әдістемелік көмек көрсететін мемлекеттік тілді дамыту бағытында ұйымдастырылып тұратын жұмыстардың да этносаралық қарым-қатынасты дамытуда өз үлесі баршылық. Мәселен, тілдерді оқыту орталығында жыл сайын қырықтан астам өзге этнос өкілдері қазақ тілін меңгеріп шықса, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері пән оқытушыларынан үш тілде сауаттарын ашып, емтихан тапсырып, сертификаттарға ие болуда.
«Достық үйінде» «Қазақтану» бағдарламасының аясында ашылған, қазақ тілін еркін меңгерген түрлі этнос өкілдерінен құралған «Мәміле» тіл жанашырлары клубымен бірлескен рухани-ағартушылық жобалар ұдайы жүзеге асырылып тұрады. «Мәміле» клубында өзге ұлт өкілдері қазақ халқының тарихи және мәдени мұрасын, салт-дәстүрлерін, менталитетін, өмірлік құндылықтарын зерделеу арқылы мемлекеттік тілді үйренуде.
Үстіміздегі жылдың ақпанында «Достық үйінде» «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды. Орталық облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Nur Otan» партиясының облыстық филиалымен бірлесе отырып, «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы аясында құрылды. Игі істі ашудағы басты мақсат – қарт адамдардың өмір сүру ұзақтығын арттыруға және өмір сүру сапасына ықпал ету, қоғамда ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне, егде жастағы адамдарға құрметпен қарауды қалыптастыру болып табылады.
Қазір аталған орталық төрт түрлі бағытта жұмыс жасап отыр. Олар «Қарт адамдардың бос уақытын ұйымдастыруға жәрдемдесу», «Салауатты жас», «Атаулы көмек» және «Ұмытылмас батырлар» жобалары. Ал осы бағыттарды бағдарлы ету үшін «Өзіңе-өзің көмектес!», «Музыкалық қонақ бөлмесі» клубтары, тілдерді оқыту курсы бойынша қазақша, орысша, ағылшынша оқу топтары, хореография және сәндік-қолданбалы шығармашылық үйірмелері қызмет көрсетуде. Дәрістерді облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің мамандары, Тараз қаласы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» қызметкерлері мен студенттерден құралған еріктілер өткізуде. Қазіргі уақытта орталықта 80-ге жуық қарт тіркелген. Олар түрлі сабақтарға қатысып, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыстарына белсене атсалысуда.
Жалпы алғанда «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйытқы болуымен «Достық үйінде» әртүрлі форматтағы 300-ге жуық іс-шара өткізілді. Соның 40 пайызы өзге ұлт өкілдерінің күшімен жүзеге асып отыр.
Осы орайда ынтымақ пен бірліктің жылы ұясына ай-налған «Достық үйіндегі» ұлттар мен ұлыстарды 1 мамыр –
Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтағым келеді. Татулығымыз бен теңдігіміз жарасып, ел игілігі жолында атқарып жатқан жұмыстарымыз жемісті де мәңгі болғай.

Бибігүл ШАХЗАДА,
облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» мекемесі баспасөз қызметінің басшысы

ПІКІР