Дұға дарып, оқ дарымайтын сарбаз

0 7

Менің атам 1941 жылы соғысқа аттанып, 1943 жылы бір аяғынан айрылып елге оралды. 1969 жылы өмірден озды. Бала кезімізде атам соғыс кезінде басынан өткен жағдайларды айтып отыратын. Әсіресе Қорғанбек деген майдандасы жайлы жиі еске алатын. Өйткені әлгі сарбазға оқ дарымайды екен.

Атамның айтуынша, Қорғанбектің арғы аталары қасиет қонған адамдар болған. Сол қасиет Қорғанбектің де бойында болыпты. Оның діни ілімі де болған көрінеді.
«Соғыстың алғашқы жылы біздің солдаттарға өте ауыр болды. Әр шайқасқа түскен сайын құрамның 60-70 пайызы ажал құшатын. Қазақ көрсек бір-бірімізді бауыр тартамыз. Әскер құрамы қайта-қайта жаңа солдаттармен толығып жатады. Арада бір ай өткенде біздің ротаға Қорғанбек деген қазақ келіп қосылды. Екеуміз көптен көрмей, сағынысқан туыстарша жылап көрістік. Сол күннен бастап жұбымыз жазылмады. Фашистер шабуылға шыққанда окопта қатар жатамыз. Шайқас басталар алдында Қорғанбек қойын қалтасынан бір кішкентай кітабын қолына алады да дұға оқи бастайды. Болған соң бетін сипап, қолына қаруын алады. Біздің жан-жағымызда қатар жатқан солдаттар бірінен соң бірі оққа ұшып жатса да, Құдайдың құдіретімен екеумізге оқ тимейді. Талай шайқас болса да, әйтеуір, біз екеуміз аман қалып отырдық. 1942 жылдың күзінде қолыма оқ тиіп, 15 күн санитарлық бөлімде болып қайттым. Сол 15 күнде біздің бөлімнің солдаттары түгелдей қырылып, төрт адам тірі қалыпты. Соның біреуі – Қорғанбек.
1943 жылдың басында біздің армия шабуылға шығатын болды. Командирлер «фашистер шегіне бастады, көп ұзамай жеңіске жетеміз» деп бізді жігерлендіріп жүрді. Ал Қорғанбек болса қойын дәптерін алып, бас алмай дұға оқумен болды. «Алла қаласа, екеуміз де бұл шайқастан аман шығамыз», деп ол да мені жігерлендіріп қояды. Белгіленген уақытта шабуыл басталды. «Алға!» деген ұран естілісімен-ақ Қорғанбек орнынан атып тұрып, алға қарай жүгірді. Оның соңынан мен де ілестім. Талай солдат оққа ұшып құлап жатты. Қорғанбектің дұғасының күші ме, әйтеуір, сол шайқастан да аман шықтық. Елді мекенді фашистерден азат еттік.
Шайқас біткен соң алдымда отырған Қорғанбектің кеудесінде қадалып тұрған оққа көзім түсті. Оқ шинельді тесіп өтіп, қадалып қалыпты. Қорғанбекке «Кеудеңде оқ тұр» десем, жайбарақат «Мұндай бірінші рет емес» деп оқты алып тастады. Айтуынша, ондай жағдай талай қайталанған. Онысы рас сияқты, шинеліндегі, белдігіндегі оқ тескен бірнеше ізді өз көзіммен көрдім. Соның бәрін көрген соң Қорғанбекке оқ дарымайтынына сенбеске амалым қалмады. Соғысқа аттанарда әкесі дұғамен қорғаныс жасап берген көрінеді. Оған қоса өзі де үнемі оқтан қорғайтын дұғаны оқып жүреді. Айтуынша, өзі оқыған дұғаға мені де қосады екен. Менің де талай шайқастан аман қалып жүруімнің себебі де сол болуы мүмкін. Расында, менімен алғаш соғысқа кіргендерден ешкім қалған жоқ. Алланың әмірі ме, Қорғанбектің дұғасының күші ме, жалғыз мен аман жүрдім.
Бірде Қорғанбек «Оқ тек басыма тимесе болды, кеудеге тиген оқтан қорықпаймын» деді. Оның сырын сұрадым. Әкесі: «Кеудеге тиген оқтан қорықпа, басыңды сақта, басыңа қорғаныс жасай алмадым», деген екен. Десе де Қорғанбек оқтан еш тайсалмайтын. Елдің алды болып, «уралап», жауға қарсы шабатын.
1943 жылдың жазында үлкен шайқас болды. Сол шайқаста мен қатты жараланып, бір аяғымнан айрылдым. Екі ай госпитальда жатып, елге қайттым. Одан кейін Қорғанбекті көргенім жоқ, оның тағдыры қалай болғанынан да хабар болмады. Соғыс аяқталып, бейбіт заман орнағаннан кейін де бірнеше жыл іздеу салдым. Бірақ оны таба алмадым. Оның өлі немесе тірі екенін де біле алмадым. «Байқаусызда басынан оқ тиіп мерт болды ма екен, әйтпесе бір хабар шығар еді ғой» деп кейде ойлаймын. Өйткені әкесі оның басына дұғамен қорғаныс жасай алмаған еді», деп атам Қорғанбек туралы жиі әңгімелейтін.
Әрине, бұған біреу сенер, біреу сенбес. Алайда атам өмірінде өтірік айтып көрмеген адам. «Басыңды кессе де жалған сөйлеме» деп бізге де айтып отыратын. Сондықтан оқ өтпейтін Қорғанбектей сарбаздың соғыста болғанына мен сенемін. Алайда қазір оның ұрпақтары бар ма екен? Соғыстан аман оралды ма? Атам сияқты мені де мазалайтын осы сауал.

Айдын ЕЛШІБЕК,
журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.