"Тарих. Таным. Тағылым."

Дулаттар және олардың даңқты ұрпақтары

Written by Aray2005

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қазақтың кейбір ру-тайпаларының атаулары «қазақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болғаны айтылды. Расында, қазақ даласын мекен еткен алғашқы тайпалық одақтардың кейбірі бүгінде қарапайым ру ретінде шежіреге енген. Дегенмен сан ғасыр бұрын олардың атымен аталған алпауыт мемлекеттің болғандығы ескерілмейді. Тіпті бұл тайпалық одақтар кәрі құрлықтағы мемлекет басқару институтын негіздеді. Найзаның ұшымен, білектің күшімен Еуразия даласына үстемдік жүргізді. Осының өзі-ақ қазақтың төл тарихының шын мәнінде тереңнен тамыр тартатындығын айғақтайды. Чувашия ғылым академиясының академигі, Ресей, Чуваш Жазушылар одағының мүшесі Әбдуқадір Дәуітбектің тарихи фактілер мен дереккөздеріне негізделген мақаласында да қазақтың дулат тайпасының арғы-бергі тарихы, оның зерттелу барысы жөнінде ой қозғайды.

Редакциядан

Әбдуқадір Дәуітбек,
Чувашия ғылым академиясының академигі, Ресей, Чуваш Жазушылар одағының мүшесі 

Дулаттар күллі әлемге танымал ежелгі, құдіретті этносқа жатады. Олар жайындағы тарихи деректер қытай, рим, византия, гот, сирия, армян, болгар, венгер, славян, араб, парсы, франк, неміс, чуваш, татар жазбаларында кездеседі. Түрлі жазбалар мен аңыздарда дулаттар тайпасы жайында мұншалықты мол мәліметтердің қоры олардың қуаты мен қауқары арқылы әлемдегі тарихи оқиғаларға тереңнен әсер еткендігін көрсетеді.
Дулат тайпасы ғұн тайпасының құрылуының бастауында тұрды. Және саяси одақ ретінде ғұндарды біріктіруші күш саналды. Дулаттар негізін қалаған Ғұн империясы да күллі әлемге танымал. Ғұндар жайында ежелгі, орта ғасырдағы және қазіргі заманғы дүниежүзі тарихшылары жазды. Сәйкесінше ғұндар мен дулат тайпасының құрылу, даму тарихы орыс ғалымдарының да басты назарында болды. Алайда өкініштісі сол, бұл тайпалардың дүниежүзі тарихындағы рөлін бағамдауға қазақстандық тарихшылар өз деңгейінде көңіл бөле алмай келеді.
Ал шындығында, Еуразиядағы дулаттар ежелгі және орта ғасырда бірқатар халықтар мен мемлекеттерінің негізін салды. Өз заманында күллі Еуразия даласында үстемдік құрған дулаттар қазір қазақ халқының құрамындағы ру ретінде ғұмыр кешіп келеді.
Тарихи деректерде «Дулат» атауы дулы, дулұ, дула, тула, тоғлақ, ханад, дұғлақ, дүкүлат, дола, доолат, дулеба, дулоба, доғлаттар сынды формалармен кездеседі. Алайда бұл атаулардың мағынасы ортақ.
Жазба деректерде дулаттарды әртүрлі атау мәселесі жайында Н.А.Аристов, Г.Е.Гурум-Гржимайло, З.З.Мифтахов сынды көрнекті ғалымдар нақты түсініктеме берген. Сондай-ақ дула, дулы, дулат атауларының мағынасын түбі қазақтан шыққан қытайлық ғалым, ежелгі қытай тілі мен жазуының білгірі Нығмет Мыңжан толық ашып берген. Ол «Қазақтың қысқаша тарихы» деп аталатын еңбегінде: «Дулаттар біздің заманымызға дейінгі барлық жазба деректерде көптеп кездеседі. «Дулат» атауы жазба деректерінде «дулы, дулуг, далу, дулугас, далуг, доглат» сынды тілдік формалармен кездеседі. V-VIII ғасырлардағы Қытай (Жунго) жазба деректерінде «Дулат» атауы «дулу» формасында жазылады. Ал парсы авторлары «дуглат» формасында жазады. Бірқатар зерттеушілер «дулу» сөзі «туглук», «дуглы» сөздерінен шыққанын мысал етеді. Сол секілді Н.Я.Бичурин мен Г.Е.Грумм-Гржимайлоның зерттеулеріне қарағанда, біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырда дулу тайпасының Үйсін хандығының құрамындағы тайпа болған» деген деректер бар.
Дуло мен дулат тайпаларының атауы әртүрлі болғанымен, олардың бір тайпалық одаққа жататынын орта ғасырдан бүгінге жеткен жазба деректерінен бөлек, олардың таңбалары да растайды. Бұл таңбалардың бір-бірінен ешқандай айырмашылығы жоқ. Осының өзі салмақты және ешқандай дау тудыра қоймайтын аргумент саналады.
Дуло тарихы жайында Рен ТВ арнасына берген сұхбатында орыс ғалымы С.В. Трусов та жан-жақты айтып, мол мәліметтермен бөліседі. Сонымен қатар М.Н.Юхма, И.Р. Мусина, И.Баранов сынды орыс ғалымдары да дуло тарихы туралы ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазған. Бұл іске қазақ ғалымы Талас Омарбеков те өз үлесін қосқан.
Расында да кемеріне келіп, барынша кең қанат жайған шағында Еуразия даласын уысында ұстаған дулат тайпасы қалай және қайда пайда болды деген сұрақтың тууы заңды. Бұл тайпалардың атамекені ретінде «Мың Үйсін қазаншұңқыры» аталады. Қазаншұңқырдың кең аумағында біздің заманымыздың ІІІ мыңжылдығына дейін дулаттардың арғы атасы саналатын үйсіндер өмір сүрген. Дәл осы қасиетті жерден басталған жеңісті жорығын жалғастырған үйсіндердің ізбасары дулаттар да тарих кеңістігінде өздерін мойындата алды. Мың Үйсін қазаншұңқыры аумағындағы жер-су атаулары, тастағы жазулар мен таңбалар, жазу белгілері мен суреттер, қару-жарақтары, алтын-күміс әшекейлері, тұрмыстағы заттары түгелімен дулат тайпасының ізін көрсетеді. Үйсіндер, дулаттар Сібір аң стилін ойлап табушылар саналады. Бұл жайында белгілі академик А.П. Окладников соңғы ғылыми еңбегінде жазады. Үйсіндердің тәжірибесін кейіннен олардың талантты ізбасарлары сақтар мен скифтер де жалғады.
Оңтүстік Сібірдің берекелі жерінде көшпенділердің тайпалары өте тығыз орналасты. Олардың кейбірі малға жайлы қоныс іздеумен Мың Үйсін қазаншұңқырынан Солтүстік Қытай жаққа қарай бет түзеді. Мұнда олар хунну және сюнну аттарымен танымал болды. Бұл атаулар «кун», яғни күн сөзінен шыққан еді. Өйткені хундар діни сенімі жағынан күнге табынушылар, яғни тәңіршілдерге жататын. Демек, «Хунна» этникалық атау емес. Ол христиан мен мұсылман секілді діни сенімге байланысты топтау мағынасын береді.
Болгар академигі Омелян Прицак ғұн державасының негізін қалаушысы Мөдені дуло тайпасынан шыққан деп санайды. Неміс ғалымы-синолог Ф.Хирт Мөде қағанның аты Бактур секілді аталатындығына ерекше назар аударған. Ал тарихи деректерде Бактур (Бақтияр) түрік тайпаларының ата-бабасы саналады. Дулат тайпасының Еуразия кеңістігін мойындатқанын Солтүстік Қытайдағы Байди (Бәйдібек), Сихэ (сиқым) секілді ежелгі провинциялардың атауларына қарап-ақ тануға болады.
Өз кезегінде дулу тайпасының (дулаттар) ізбасарлары саналатын ғұндардың жетістігі тарих ғылымына белгілі. Ғұндар ежелгі Қытайды бірнеше рет бағындырып, бірқатар толайым табыстарға қол жеткізді.
Біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда дулаттар Жетісуда өздерінің мемлекетін құрды. Бұл туралы Н.Я.Бичурин, Г.Е.Грумм-Гржимайло, В.С. Трусов сынды шығыстанушылар ғылыми еңбектерінде жазған.
Біздің заманымызға дейінгі І ғасыр мен біздің заманымыздың І ғасырында Ғұндар мемлекеттілігі шарықтау шегіне жетіп, құлдырай бастады. Қытайлар оларды батысқа қарай шегіндірді. Ғұндардың бір бөлігі қытай этностарының құрамына кіріп, ал енді бір бөлігі Алтайға қарай жылжып, кейіннен Қазақстанның оңтүстік бөлігіне қоныстанды.
VI ғасырда ғұндардың басшылығына талантты басқарушы және қолбасшы Баламер келді. Ол да дуло әулетінен шыққан еді. Өз халқымен бірге Баламер Еділге қарай жылжыды. Мұнда ғұндар Идель мемлекетінің құрамына еш соғыссыз қосылды. Бұл кезде де тайпаны дулат тайпасынан шыққан басшылар басқаратын. Шын мәнінде, Идель мемлекетіне ғұндар мен дулаттарды бірінші толқыны ерте келген еді.
Сондықтан ежелден танысып-біліскен Еуропа халқы хундарды да гундар деп атады. Ал Ресей ғалымы К.А.Иностранцев олардың тарихын бөле-жармай, біртұтас халық ретінде тану қажет деп әділ бағасын берді. Әрі тарихи шындық осы еді. Ғұндардың Еділге көшуімен Еуропаға таныла бастаған дуло тайпасының тарихы Еділ болгарларының жазбаларынан жақсы таныс. Бұл мәліметтер Микаэл Баштудың «Шаңқызы дастаны», Рейхан Болгардың «Қыпшақ даласының гүлі», Кул Галидің «Хон кітабы», Гази Бараджаның «Гази Бараджа тарихы», Бакши Иманның «Жафар тарихы» еңбектерінде кездеседі.Көп кешікпей тамаша саясаткер және шебер ұйымдастырушы ретінде танылған Баламер Идель мемлекетінің басшылығына келді. Ол өзінің айналасына көптеген тайпаларды біріктіріп, қуатты әскері бар мемлекет құра алды. Сол арқылы Баламер аландар мен готтарға лайықты қарсылық көрсетті. Бұл сұрапыл шайқастар жайында толымды еңбекті гот тарихшысы Иордан жазып қалдырды.
Қуаңшылық жылдары Баламер өз ордасын Еділ жағалауынан Аскал ауылына (қазіргі Киев қаласы) көшірді. Осында ол атақ-даңқы дәуірлеп тұрған шағында бақилық сапарға аттанды.
Баламерден кейін ғұндардың билігіне оның үлкен ұлы Алып би келді. Одан соң таққа Алып бидің ұлы Рапиль отырды. Осы билеушілер тұсында ғұндар мен дулаттар Дунайдың ішкі бөлігіне тереңнен еніп, Еуропа даласын бағындырды. Нәтижесінде ғұндар мен дулаттар жайында еуропалықтар да білді.
Ғұндардың атақ-даңқы атақты Баламердің шөбересі, Мыңсақтың ұлы, тегі дулаттың билеушілер әулетінен шыққан Атилла тұсында әйгілене түсті. Ол жайында көптеген кітаптар жазылып, бірнеше көркем фильмдер де түсірілді.
Атилла Византия мен Рим империясын да бағындырды. Оның империясының ауқымы Рейна өзенінен Обь өзеніне дейін созылды. Атилла І мыңжылдықтың ең атақты адамы атанды. Сол тұста кәрі құрлықта оған теңесе алатын ешкім болмады. Атилла мен ғұндар жайында аңызға бергісіз әңгімелер да айтылды. Бұл деректерді Олимпидиор, Пан Присканың, скандинавтар мен немістердің жыр-дастандарында,чуваш эпостарынан кезіктіруге болады. Дегенмен даңқты ғұндар жайында шындыққа жанаспайтын әңгімелерде айтылды. Әсіресе орта ғасырлардағы христиан дінінің мамандары олардың кейпін тым ұсқынсыз етті. Және бұл қателік әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Шын мәнінде, ғұндар мен дулаттардың тарих сахнасындағы өзіндік образын еңбектеріне арқау еткен тарихшылар да болды. Бірақ олардың саны тым аз еді. Теңізге тамған тамшыдай болса да, Атилланың өмір тарихын зерттеу ісіне француз ғалымы Бувье Ажам да үлес қосты. Француз ғалымы Атилла жайындағы барлық деректерге объективті қарап, оларды бұрмаламауға тырысты.
Дегенмен батыстық тарихшылардың бір тобы Атилланың 451 жылғы Каталаун даласындағы шайқаста жеңіліс тапқанын дәлелдеуге тырысады. Бірақ олар бір жылдан соң ғұн әскерінің Италияға дейін жетіп, римдіктерді тізе бүктіргенін көзге ілмеді. Осы орайда Атилланың даңқты жорығына күмәнмен қараушылар оның Римдегі шайқасында Аэцияның қуатты әскеріне қарсы тұруға қабілетсіз болғанын айтады. Ал тарихи деректер Рим папасы Левтің «Құдайдың құлынан» (Атилланы римдіктер солай атаған) Римге басып кірмеуін өтінгені тайға таңба басқандай етіп жазылмады. Расында, бұл тұста Рим папасынан өзге ешкімнің «Мәңгілік қаланы» (Римді) қорғап қалуға қауқарсыз болуы, Атилла жорығының жеңіліске ұшырамағанын айғақтайды. Әрі бұл тұста Римді қорғауы керек болған Рим әскері Каталаун даласында күйрей жеңілген еді.
Атилланың 5 әйелі және 500 күңі болған. Мұндай мәліметтерді бірқатар қазіргі зерттеушілер де нақтылайды. Ал гот тарихшысы Иордан өзінің «Гетика» кітабында Атилланың ұрпақтарының біртұтас халықты құрағанын айтады. Оның сөзінің шындыққа жататын тұсы да бар. Атилланың ұрпақтары мен оның айналасындағылар орасан байлыққа, үлкен соғыс тәжірибесімен ұйымдастырушылық қабілетке ие бола отырып, жаңадан пайда болған орта ғасырдағы еуропалық мемлекеттердің қалыптасуының бастауында тұрды. Мәселен, Атилланың замандасы, атақты ақ ғұн Едігенің ұлы Одоакр бірқатар неміс тайпаларымен бірігіп Римді тас талқан етіп, Италия билеушілерінің бірі болды. Сол дәуірде Еуропа, Африка, Азия құрлығы мемлекеттерінің билеушілері, патшалары, графтары мен герцогтары, барондары, дін қайраткерлерінің де этникалық негізі ғұн (дулат) тайпаларынан шыққан. Сондықтан Еуропа тарихшыларына өз халқы мен басқарушыларының тарихына тың көзқараспен қарайтын кез жеткен секілді.
453 жылы өз заманының ұлы адамы болған Атилла дүние салды. Алайда оның ұлдары әкелерінің саяси бағытын жалғастыруға қауқарсыз болды. Олар бірінен соң бірі шешуші шайқастарда жеңіліс таба бастады. Ғұн мемлекетінің шекарасы Дунайдан кері ысырылды. Соған қарамастан, Атилланың ұрпақтары ғұндарды басқаруды жалғастыра берді. Олар жайындағы мол мәліметтерді болгар тарихшылары Гази Бараджа мен Бахши Иманның «Гази Бараджа тарихы» (ХІІ ғасыр), «Жафар тарихы» сынды кітаптарынан кездестіруге болады. Атилла мен оның ұрпақтары жайындағы деректердің үлкен бір шоғырын «Болгар хандарының аталығы» деп аталатын жазба деректерінен алуға болады. Ал Атилланың 38 бабасы жайында ақпаратты орта ғасырдағы венгер тарихшыларының «Хунгария хроникасы», «Мадьяр хроникасы» мен «Кереш хроникасы» еңбектерінде кезігеді. Олардың негізінде кейіннен Ұлы жүздің шежіресі жасалды.
Ғұн империясы құлаған соң, оның орнына Кубрат ханның Ұлы Болгариясы, Хазар мен Авар қағанаттары, Еділ Болгариясы, Дунай Болгариясы, Киев қағандығы, Арпад Венгриясы сынды мемлекеттер құрылды. Әйтсе де олардың басым көпшілігінде Атилла ұрпақтары билік құруын жалғастыра берді. Ұлы Ғұнның ең атақты ұрпақтарының бірі Ұлы Болгарияның билеушісі Кубрат хан болды. Оның мемлекеті Азов теңізінің маңында орналасты. Ал астанасы Фанагория қаласы болды. Кубрат пен оның бес ұлы жайындағы мәліметтер византиялық дереккөздерде кездеседі. Атақты ханның ұлдарының арасында Ботбай, Котраг, Аспарухтардың аттары асқақтап тұрды. Ботбайдан алғашқы ұлы орыс князьдары өздерінің генеологиялық бастауын алады. Ал Котрагтан Еділ болгарларының билеушілері, Аспарухтан Дунай болгарларының ханы тарайды.
Киев қаласының негізін Ұлы Болгария ханы Кубраттың бауыры Шамбат салды. Ол кезеңде мұнда Аскал ауылы болатын. Бұл деректер византиялық император Константин Багрянородтың «Басқару туралы» және Бахши Иманның «Жафар тарихы» кітаптарында айтылады. Сондай-ақ Шамбат Еуропаның қақ ортасында Дулоба (дулат атауына ұқсас) мемлекетін құруымен де ерекшеленді. Бұл ақпаратты жоғарыда аты аталған «Бахши Иманның» «Жафар тарихынан» оқып білуге болады. Бұл тарихи еңбекте Мәскеудің негізін болгар билеушісі Ахад Мосханың қалағаны айтылады. Бұл оқиғалардың барлығы да Еуропада өмір сүрген дулаттардың бел ортасында жүрген ұлы істерінің бір бөлшегі ғана деуге болады.
Мұндай атақ-даңққа Еділ бойын жайлаған Баламер билеушімен көшіп-қонғандардан бөлек, тағдыры қазақ жерімен байланысты дулаттар да кенелді. Бұл дулаттар Түрік қағанатының, Шыңғыс хан империясының, Алтын Орда мен Ақ Орданың негізін салуға өз үлестерін қосты. Олар да аумалы-төкпелі заманның ығына жығылмай, алдыңғы қатарда жүре алды.
Жоғарыда аталған ақпараттар негізінде ғұндарды, ежелгі дулаттарды Еуропа пен Азияны билеп-төстеп өмір сүрді деп айтуға толық негіз бар. Тіпті олармен сол дәуірдегі әлемнің алпауыт мемлекеттері санасты.
Ал өткен жылы орыс тарихының жылнамасы саналатын «Билеушілер кітабы» («Велесова книга») кітабы жарыққа шықты.
Ортағасырлық бұл туындыда автор Еуразия халықтары тарихына мүлдем басқа қырынан келіп, ежелгі және орта ғасырдағы күрделі тарихи үдерістерге шынайы баға беруге көмектеседі. Бұл кітапты ІХ ғасырда славян бақсысы Ягайло Ган жазған. Автор бұл еңбегінде славян тарихына тереңнен үңіліп қана қоймай, олармен аралас-құралас болған халықтардың тарихын да баяндайды. Кітаптың 12 тұсында ясундар немесе үйсіндер жайында айтылады. Автор бұл халыққа ерекше ықыласпен тоқталып, олардың құдіреттілігін сөз еткен.
Шындығында, үйсіндер мен орыстардың генотипінде ұқсастық көп. Үйсіндердің бет пішіні қытай жылнамаларында ақ құба өңді, көкшіл көзді және сары шашты деп суреттеледі. Археологтар да үйсіндердің еуропеоид нәсіліне жататынын растайды.
Тарихшы ғалымдар готтардың, славяндардың түп-тамырын жойып жіберуінің алдын алған ғұндар деп бағалайды. «Билеушілер кітабы» («Велесова книга») кітабында славяндар мен ғұндардың тығыз қарым-қатынаста болғанын айтады. Сондай-ақ Баламер, Одоакре, Едіге, Атилла сынды ғұн билеушілерінің де аттары аталады. Ягайло Ган Атилланы үйсіндердің билеушісі деп суреттейді. Осы еңбекпен-ақ Атилланың дулат тайпасынан шыққандығы толық дәлелденеді. Ал дулаттар үйсіндердің ұрпағы саналады. «Хунгария хроникасы», «Мадьяр хроникасы» мен «Кереш хроникасы» еңбектерінде Атилланың дулаттарға, үйсіндерге және Бәйдібекке жақындығын растайды.

Құлаққағыс

Ертең сағат 10:00-де М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Дулат баба және Мұхаммед Хайдар Дулати: тарихи-рухани сабақтастық» деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылады. Шараға Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академиктері және Чуваш, Башқұртстан, Кабардин-Балқар, Өзбекстан мемлекеттерінің тарихшы ғалымдары мен жазушылары қатыспақ. Сонымен бірге мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Бәйгелді, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы, Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлі, ҚР ҰҒА-ның Құрметті академигі Талас Омарбеков тағылымды шараның бел ортасынан табылмақ.
Ал сенбі күні Т.Рысқұлов ауданының Жақсылық ауылында Дулат баба мавзолейі ашылады.

ПІКІР