Дулаттықтар «Асарлатып үй салудан» алдына жан салмады

0 88

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» дейді қазақ даналығы. Сондықтан да қара халықты емес, қара бастың қамын күйттеп кеткен кейбір «болыстарды» бұқара сынап та, мінеп те жататындығы заңды құбылыс. Десе де еңбегі ел есінде қалып, көпшіліктің алғысын арқалап жүрген әкімдер де баршылық. Міне, сондай азаматтың бірі – Шу ауданындағы Дулат ауылдық округінің әкімі Найман Сұлтанбаев.

Найман әкім бүгінде шулықтарға емес, тұтас жамбылдықтарға жақсы таныс. Өйткені бір жылдары Н.Сұлтанбаев демеуші тартудың нағыз үлгісін көрсетіп, бірқатар ауылдық округтерді құлпыртқан болатын. Кейіннен «Nur Otan» партиясы Шу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін де абыройлы атқарып, мемлекет мүддесі үшін адал қызмет етті. Енді міне, өткен жылдан бастап Найман Кенжеханұлына Дулат ауылдық округінің тізгіні сеніп тапсырылып, әкім небәрі бір жылдың ішінде толайым іс атқарып отыр.
– Өткен жылы орын алған әлемдік пандемияға қарамастан, ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін сақталды. Былтыр Дулат ауылдық округіне барлық деңгейдегі мемлекеттік бағдар­ла­малар аясында жалпы сома­сы 94,6 миллион теңге бөлініп, 6 жоба іске асырылды. Оның ішінде «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында Бөлтірік ауылындағы Ақтасты және Көкбастау көшелеріне, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы арқылы Бөлтірік және Бәйдібек ауылдарының 6 көшесіне шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы шеңберінде Бәйдібек ауылының Қосы батыр көшесіне орташа жөндеу жұмыстары, Бөлтірік ауылының орталық көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары басталды. Жүзеге асырылған жобалар аясында ауыл тұрғындарының бірқатары жұмыспен қамтылды.
Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына бас-аяғы 154 адам тартылса, оның ішінде «Еңбек» бағдарламасы аясында 11 азамат қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін бастады. Жастар тәжірибесіне – 3, ақылы қоғамдық жұмысқа – 72 және тұрақты жұмысқа 36 тұрғын жолданды.
9 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілсе, облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы аясында халықтың ұйымдасуымен жалпы 3 отбасыға демеушілер тарапынан тұрғын үй кілті табыс етілді. Карантиндік шараларға байланысты көпбалалы, аз қам­тыл­ған отбасыларға, жалғыз­басты қариялар мен мүгедек азаматтарға 130 азық-түлік себеті мен ұн таратылды, – дейді округ әкімі.
Округте ауыл шаруашылығы саласында да алшаң басқан тірлік көп. Атап айтсақ, былтыр 787 гектар жерге арпа, 170 гектарға көкөніс, 350 гектарға бақша дақылдары, 6 гектарға дәндік жүгері, 32 гектарға картоп, 451 гектарға майлы дақылдар және 500 гектарға жоңышқа егіліп, мол өнім алынған.
Сонымен қатар өткен жылдан бастап округте «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру-2» бюджеттік бағдарламасы іске асырылуда. Бұл бағдарлама бойынша округтегі ұзындығы 47,5 шақырымды құрайтын тоғандар мен лотоктар жаңартылады деп күтілуде.
Төрт түліктің басы бойынша да өсім қалыптасқан. «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында 1 жеке кәсіпкер 15 миллион теңге несие алып, бордақылауға 70 бас бұқашық сатып алған. Негізі ауылдық округте жалпы 136 шаруа қожалық тіркелсе, онда 292 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Көктемгі және күзгі абат­тандыру, сондай-ақ санитарлық тазалық жұмыстары да өз деңгейінде жүргізілген. Ауылға кіреберіс саябақтың аумағын кеңейту мақсатында 1 900 дана ағаш көшеті отырғы­зылса, сани­тарлық тазалық жұмыс­тарына қоғамдық жұмыс­шылар­мен қатар 462 ауыл тұрғыны өз үлестерін қосқан.
Найман Кенжеханұлы округте өзекті мәселелер барын да жасырмайды. Атап айтсақ, бүгінде Бөлтірік ауылына ауызсу құбырын жүргізу қажет. Бұл бағытта ауылдың жерасты су қоры зерттелуде. Жерасты су қорының қажетті көлемі анықталған жағдайда жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, тиісті бюджеттік өтінім берілмек.
Сондай-ақ ауылдық округте интернет желісінің жылдамдығы төмен деңгейде. Бұл бағытта жергілікті әкімдік тарапынан «Транстелеком» акционерлік қоғамымен тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Округтегі келесі өзекті түйткілдің бірі – тұрғындарды табиғи газбен қамту мәселесі. Алайда өткен жылы Шу ауданы аумағындағы 18 елді мекенге магистралды газ құбырын тарту жұмыстары басталған болса, Дулат ауылдық округіне қарасты Бөлтірік пен Бәйдібек ауылдары да осы тізімге еніп отыр. Сондықтан ағымдағы жылдың соңына дейін газ құбыры ауылға кіреді деп күтілуде.
Ауылдық округтегі электр желілері мен бағаналардың тозуы да тұрғындардың жанына батып келген екен. Бұл бағытта биылға аудан бюджетінен 11,2 миллион теңге қаржы бөлініп, ағымдағы жылы ауылдық округтегі электр бағаналары мен желілері жаңартылмақ.
Жоғарыда айтқанымыздай, округ әкімі Н.Сұлтанбаев қазына қаржысына ғана иек артпай, демеуші тартудан да көш ілгері тірлік етуде. Мәселен биыл демеушілер есебінен Бәйдібек ауылында 50 орындық балабақша мен балалар ойын алаңшасын салу көзделуде. Одан бөлек Бәйдібек ауылындағы 100 келушіге арналған ауыл мешітінің де құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға берілмек. Сонымен қатар демеушілер есебінен ауылда спорт кешенін тұрғызу, «Жастар саябағын» салу, Бөлтірік ауылында мәдениет үйінің құрылысын жүргізу, әмбебап сауда дүкені мен автокемпинг құрылысын жүргізу де межеленіп отыр.
Міне, осылайша жұдырықша жұмылған дулаттықтар көпке үлгі болуда. «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша бір округтің өзінен үш үй салынып жатса, бұл бас бармақпен бағалауға тұрарлық. Айта кетейік, облыс көлемінде бірде-бір ауылдан үш бірдей үй тұрғызылған емес. Биыл да дулаттықтар атадан қалған дәстүрді жалғастырып, көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға «асарлатып үй салуды» жалғастырмақ.
Демеушілер есебінен биыл әлеуметтік бағыттағы бірнеше жобаның жанданатындығы да жан жадыратады. Ауыл тұрғындарының осынау ауызбіршілігі мен ынтымағы мызғымасын деп тілейміз.

Саян ТІЛЕУЖАН

Шу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.