"Заң және біз"

Басты мақсат – жануарлар дүниесін қорғау

Written by Aray2005

Ағымдағы жылғы 3 маусымда аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің №144 өкімімен облыс көлемінде табиғатқа қиянат жасаушылармен күресу, қору, күзету жұмыстарын атқаратын «Сапсан» жедел тобы құрылды.

Топтың құрамында 9 адам қызмет ететін болады. Бүгінде топ өкілдері облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітовтің қолдауымен 2 жаңа «УАЗ» автокөлігі, арнайы киім, жетон секілді керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп отыр. Құрылғанына бір күн өтпей жатып жедел топ өкілдері заңбұзушылық туралы хабар алып, шұғыл түрде жұмыстарына кірісіп те кетті. Ұстау шараларына жедел топ өкілдерінің 5 мүшесі қатысып, заң бұзушыны қолға түсірді. «Көкшұраттан» келген хабарда «Үмбет» ерекше қорғалатын табиғи аумағынан 1 доңыз, 1 борсықты атып алған Медербек Арыстанбаев есімді азамат екені анықталған. Бірлескен іссапар рейдке қатысқан «Үмбет» аумағының қорықшысы Көкшұрат бөлімшесінде тұратын Сәндібек Мадияров М.Арыстанбаевты өзіне бекітіліп берілген «УАЗ» автокөлігімен қуып жүріп қолға түсіріп, біз барғанша қаруын, атын, иттерін жібермей ұстап отырған.

Тез арада жеткен М.Қазбеков, Е.Жантаев, К.Абай, Р.Қожатаев, Б.Ботабек, Н.Сералиев, М.Мәшенов, М.Ермұратов, Н.Тұрарбек сынды азаматтардың жедел қимылдауының арқасында табиғатқа қастандық жасаушы М.Арыстанбаев құрықталып, өзінің іс-әрекетін мойындады. Тергеу барысында Ресей Федерациясының азаматтығын алған оның қосұңғылы аңшы мылтығымен және 3 итімен екі жасар 1 жабайы доңызды және 1 жабайы борсықты «Бас шеңгел» аумағынан атпен жүріп атып алғаны анықталды.
М.Арыстанбаев Меркі ауданындағы «Талдыбұлақ» шаруа қожалығында
3 жылдан бері сиыршы болып жұмыс атқарады екен. Тексеру кезінде астындағы күрең айғырды және қосұңғылы аңшы мылтығының шаруа қожалық басшысы Аңсар Несіпбаевқа тиесілі екені белгілі болды.
Ресей азаматы 3 жыл шаруа қожалығында жұмыс жасай жүріп, аңды аямай қыруды ермегіне айналдырған. Қазіргі таңда осы іске байланысты Т.Рысқұлов аудандық полиция бөлімінде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Жалпы, «Үмбетте» күрделенген мәселе бұл ғана емес. Олай дейтініміз, табиғи аумақта малмен айналысатын көптеген шаруа қожалықтары болғандықтан, қолға ұстаған итіңізден де қауіпті аурулар жұғуы мүмкін.
Аумақтың ережесіне сәйкес малшылар итті шектеу және аң-құс төлдеп жатқан наурыз-қыркүйек айларында иттерді байлап ұстау, малшы иттеріне малдәрігерлік жеке құжаттар ашып, мерзімді уақыттарда емдеп тұру керек. Өйткені емделмеген иттің қиындағы құрт 200 күн бойы 50градустық ыстықпен 50 градустық суықта өлмейді. Тіпті шөптен-шөпке, сол арқылы малға жабысып, ішіне енген жағдайда «Эхинококк» және «Ценуроз» секілді әр түрлі ауруларға ұшырау қаупі жоғары. Бұл жөнінде ақпарат құралдарында талай рет айтылып та, жазылып та келеді.
Және бір көтеретін мәселе – ерекше қорғалатын табиғи аумақта аң-құс көлшіктер жағасындағы қамыстарды паналайтын болған. Осы қамыстарды шаруа қожалықтары шауып алып малына береді, артылғанын сатады. Өте дұрыс, дегенмен мемлекеттік құжатпен бекітіліп берілген шабындық жерлердің шөбін шабу қажет. Аумақтың әрбір көлшіктерінде 50 метрге дейінгі жерде шөбі мен қамысын қалдыру қажет. Ол жерлер аң-құстың паналайтын, жыртқыштардан қашып құтылатын мекені. Осы жағдайларды аумақ қорықшылары қадағаласа, нұр үстіне нұр болар еді.

Ерназарбек Жантаев,
облыс әкімдігінің табиғатты қорғау
кеңесінің және «Сапсан» жедел тобының төрағасы

ПІКІР