Астанаға 20 жыл

Егемендік пен Елбасы – егіз ұғым

Written by Aray2005

Мемлекет құру, оның міндетті көріністерін қалыптастырып, баянды ету, әлемге таныту және мойындату дейтін күрделі процеске қатысу асқан жауапкершілікті талап ететін, кез келгеннің қолынан келе бермейтін қасиет.
Осы орайда, Қазақ мемлекетінің іргетасын қалап, даму жолына бастау халқымыздың біртуар азаматы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бұйырды.
Елбасымыз – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы.

Ол ел басқару ісіндегі халықтың ғасырлар бойғы бай дәстүрі мен әлемдік тәжірибені бойына сіңірген алымды да алғыр басшы. Ел өмірінің сан салалы тіршілік-тынысын терең білу, өзекті мәселелердің ең елеулісін тап басып тани алу, ішкі және әлемдік ахуалдармен санаса отырып, ұтымды әрекеттер жасау, сол жолда таңдалған бағытын табандылықпен жүзеге асыру – Президентіміздің Мемлекет басшысы ретіндегі басты қасиеті.
Елбасының бастамасымен тәуелсіз қазақ елінде дүниежүзілік тарихи маңызы бар істер атқарылды. 1991 жылдың күзінде
40 жылдан астам уақыт бойы адамзат баласына от бүркіп, апат қаупін төндіріп келген Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Туған елінің тыныштығын, адамзаттың қауіпсіздігін ту еткен Елбасымыз Америка Құрама Штаттарының, Ресейдің, Францияның басшыларымен ұзақ та күрделі келіссөздер жүргізіп, ядролық қаруды Қазақстаннан аластауға 1994 жылы келісті. Осылайша адамзат тарихында тұңғыш рет жойқын қарудан ерікті түрде бас тартқан мемлекет пайда болды.
Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында атқарылған істер қыруар екенін көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар жақсы біледі.
Олардың ішінде екеуін ерекше атап өту керек. Оның бірі – 1997 жылы Президент Н.Назарбаев ұсынған «Қазақстан – 2030» даму стратегиясы болса, екіншісі – елорданың Алматыдан Астанаға көшірілуі.
Көшбасшымыз қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту, жаһандық бейбіт бастамалардың авторы ретінде елдің сыртқы саяси бағытын дәл айқындау ісіне орасан зор үлес қосты. Мемлекет басшысының жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының нәтижесінде Қазақстан дербес дамудың өтпелі кезеңіндегі қиындықтарды еңсеріп, өркендеу жолына шықты. Жаңа ғасырдағы бәсекеге қабілетті экономикаға негіз болатын толассыз табыстарға жетті.
Сондай-ақ, Президенттің мықты саяси ерік-жiгерінің арқасында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдардың топтамасы қабылданды. Қазақстан халқы үшін тың құрылымның бірі – жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес жүргізетін сала пайда болды. Әуелде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 1994 жылы Қаржы министрлігінің салық қызметі құрамындағы Салық милициясы басқармасы болып дүниеге келген жаңа сала– қазір мақсаты мен мүддесі айқын Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігі.
2016 жылғы қараша айынан бастап Агенттік тек Қазақстан Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін орган ретінде танылуы ведомствоның даму тарихындағы маңызды қадам және Мемлекет басшысының біздің органға ерекше сенімінің белгісі болды. Соның нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, елдің экономикалық қауіпсіздігін қорғайтын, сыбайлас жемқорлық көріністерінің деңгейін төмендететін пәрменді құралға айналды. 2016 жылғы Президент Жарлығына сәйкес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросына сыбайлас жемқорлық қылмыстарды тергеудің дербес құқығы берілді. Мемлекет басшысының салмақты саясатының арқасында Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламалық негізде тек құқық қорғау органдарымен ғана емес, тұтас қоғаммен жүзеге асырылуда.
Президенттің «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары туралы» Жарлығына сәйкес бекітілген «Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламаның» басты міндеттері, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы жетілдіру, сыбайлас жемқорлық қауіптерін азайту арқылы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты жоғарылату болып табылады.
Елбасының биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да сыбайлас жемқорлықпен қарсы белсенді күрес жалғасатындығы айрықша көрсетіліп отыр. Онда «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалары аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін еліміздің басқа өңірлеріне таратуға бағыт берген. Бұл өз кезегінде, халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастырып, дамытуға мүмкіндік береді. Осы мәселе «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын қызметі» деп түсіндіріледі. Осыдан-ақ бүгінде идеологиялық жағынан да, нормативтік-құқықтық тұрғыдан да елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заманауи саясатты жүзеге асыруға толыққанды жағдай жасалғанын аңғаруға болады. Сондықтан да экономикамызды қарқынды дамытып, бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу әркез басты назарда болуы қажет.
Осы ретте, Жолдау мен аталған бағдарламалардағы міндеттер мен болашаққа деген жауапкершілікті сезіне отырып, тәуелсіз еліміздің даму жолында әрбіріміз шексіз сүйіспеншілікпен аянбай қызмет етуіміз қажет деп білемін. Сондай-ақ, Елбасының Ұлы дала елін дамыту жолындағы ұшан-теңіз еңбегіне лайықты үн қосу – әрбір мемлекеттік қызметшінің басты парызы болмақ.

Әділхан ӘШІРБАЕВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы
Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысы

ПІКІР