Егемендік пен Ер Қайрат – егіз ұғым

0 27

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында өткен тарихты білмей, оны дәріптеп, кейінгі ұрпақтың санасына сіңірмейінше, баянды болашақтың ақ таңы атпайтындығын айтқан болатын. Ал 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тарих бетінде өзінің ақтаңдақ таңбасын қалдырғаны даусыз. Жастардың бейбіт шеруінің соңы қанды қақтығысқа ұласып, талай жас қыршынынан қиылды. Мұзды алаңда айтылған жастардың жалынды сөзін кеңестік билік күшпен басуға тырысқанымен, бұл көтеріліс Қызыл империяның құлауына әкеліп соқты. Сондықтан да ел егемендігі желтоқсаншылардың ерлігімен тікелей байланысты. Әсіресе тәуелсіздіктің ақ таңы Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің көзсіз батырлығымен қатар айтылады. Ел үшін туған ер көзі тірі болғанда биыл 55 жасқа келер еді…

Қайрат Ноғайбайұлы 1966 жылы 13 наурызда Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Бірлік ауылында дүниеге келген. 1973-1981 жылдары Шу ауданының Төле би ауылындағы Сәду Шәкіров атындағы мектеп-интернатта, 1981-1983 жылдары Бірлік ауылындағы орта мектепте білімін тереңдетіп, бір жыл оқыған. Жастайынан күреспен шұғылданған. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ шыншыл, сыншыл, бетке тура айтатын мінезімен ерекшеленген. Сондай-ақ кітапты көп оқып, сөзге де шешен болған.
Ол 1986 жылы мамырда әскерден оралғаннан кейін сол жылдың тамызында Алматыдағы Сәулет-құрылыс институтына оқуға түседі.
Міне, осы білім ордасында оқып жүргенде Қайрат көппен бірге алаңға келеді. Қолына таяқ ұстаған Қайратты біреулер сол кезде суретке түсіріп алған екен. Тағы бір деректерге сүйенсек, қазақ қыздары милицияның соққысына жығылып жатқан кезде Қайрат бастаған жігіттер араша түсіп, қақтығысқа араласыпты. Алайда тәртіп сақшысы жеңіл жарақат алғанына қарамастан, сот кейін Қайратты адам өлтірді деген жаламен ату жазасына кеседі. Бірақ батыс елдері қауымдастығының қысымынан соң КСРО басшысы Михаил Горбачев Желтоқсан оқиғасына қатысқан Қайрат Рысқұлбековке шығарылған үкімді «жеңілдетіп», яғни ату жазасын 20 жыл түрмеде отыруға ауыстырады. Алайда Семей түрмесіне жеткізілген Қайрат небәрі 21 жасында өзі отырған камерадан өлі табылады. Бұл Желтоқсан оқиғасына байланысты ең үлкен құпиялардың бірі болып қалды.
13 наурыз күні Қайрат Рысқұлбековтің жерлестері батыр ұлдарын еске алып, рухына құран бағыштады. Ең әуелі Мойынқұм ауданының орталығы – Мойынқұм ауылында Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтағы ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, қаһарман ұлды еске алу шарасы өтті. Бір минуттық үнсіздіктен кейін аудан әкімі Мәден Мұсаев сөз алып, қазақтың қайсар перзентінің өмір жолына тоқталып, оның ерлігі мәңгілік ел есінде, ұрпақ жадында қалатындығын жеткізді. Ал Желтоқсан оқиғасына қатысушы Нұржан Сәденов мұндай шаралардың маңыздылығын тілге тиек етіп, ұйымдастырушыларға деген алғысын білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Желтоқсан оқиғасына айрықша бағасын берді. Президент: «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда азаттықтың алғашқы қарлығаштары –
Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек», деді. Расында, біз желтоқсаншылардың ерлігін кейінгі ұрпақтың санасына сіңіріп, батыр ұл-қыздардың ерлігін жан-жақты насихаттауымыз керек. Әсіресе Қайрат Рысқұлбековтей батырдың болмысы кейінгі буынның үлгі тұтар тұлғасына айналуы қажет. Сондықтан бүгінгідей шаралардың тәрбиелік және патриоттық маңыздылығы зор, – деді Нұржан Сағадинұлы.
Ал Қайратпен тай-құлындай тебісіп, бірге өскен ауылдасы Ләйлә Қожагелдиева өткен күнді еске алып, көз жасына ерік берді.
– Жерлесім Қайрат ауылда менен бір сынып жоғары оқыды. Мектепте жүргенде-ақ ол жалындаған өжет, өткір өрен еді. Сол мектепте математика пәнінен дәріс берген әкем Шайбай Қожагелдиев Қайраттың осы қасиетін ерекше бағалайтын.
Желтоқсан ызғарын өз көзімізбен көрдік. Қазір еске алудың өзі өте ауыр. Кейінгі жастарымыз сол кездегі жазықсыз, қыршынынан қиылған боздақтардың тағдырын кешпесін, қайталанбасын деп тілейміз.
Оқиғадан кейін өзім үш тәулік «Целинный» кинотеатрының астындағы жертөледегі КГБ-ның түрмесінде жаттым. Қырық қыз бір камераға қамалдық. Сол жақта Қайратты да көрдім. Ол бір адамдық камерада жалғыз өзі отырды. Милиция қызметкерлерінен дәлізді жуып береміз деп сұранып, сыртқа шыққанымызда тергеуге алып бара жатқан Қайратты көзім шалып қалып жүрді. Содан кейін оны көрмедік…
Ендігі міндет – Қайраттың патриоттық рухын кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, дәріптеуіміз қажет, – деді желтоқсаншы Л.Қожагелдиева.
Ал Қайраттың тағы бір сыныптас құрбысы Сәлима Исаева оның қолындағы барын бөліп беретін жомарттығын да айтып өтті.
– Ол жапа шеккен, зәбір көргендерге жаны ашып, қолынан келген жәрдемін аямайтын. Өзім кішкентайымнан әкемнің туған әпкесінің қолында өстім. Ол кісінің қайтыс болғанына көп уақыт бола қойған жоқ еді. Мектеп-интернаттың басшылары бір күні оқушыларға киім үлестіргенде маған пальто мен етік тиді. Сонда мұғалімдер маған шешем жоқ болғандықтан мүсіркеп беріп отырған шығар деп, көңілім әбден құлазып қалдым. Сол кезде Қайрат менің қасыма келіп: «Сәлима, сен бұған ренжіме. Түсіне білсең, бұл киімдерді ата-анаңа көмек ретінде беріп отыр ғой», деп жұбатқаны әлі есімнен кетер емес, – дейді С.Исаева.
Өзінің өмірі қыл үстінде тұрғанда кім өзгенің өміріне ара түсе алар екен. Десе де осындай өнегелі де өрелі ерлік Қайраттың бойынан табылды.
– Тергеушілер Қайратпен мені беттестіріп: «Сендерді алаңға шығыңдар деп үгіттеген мына мұғалім емес пе?» дегенде ол: «Бұл кісіні танымаймын, алаңға өзіміз бардық», деп қаймықпай, мені ашық қорғады. Егер ол басқаша айтқанда ату жазасына мен де кесілер ме едім, – деп ұстазы, Сәулет-құрылыс институтының доценті Әркен Уақов та өткен күнді еске алады.
Мойынқұм ауданындағы шара соңында Қайрат пен өмірден ерте озған боздақтардың рухына бағышталып құран оқылды. Сондай-ақ еске алу кеші Бірлік ауылында да ұйымдастырылып, қаһарман ұлдың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. «Желтоқсан» атауы берілген мәдениет үйінде кеш ұйымдастырылып, ауылдастары жаужүрек ұлын ұлықтап, кейінгі ұрпаққа ерлігін дәріптеді.

Саян ТІЛЕУЖАН

Мойынқұм ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.