Егінге «Есіл» кірді дегенше…

0 8

Шіліңгір шілденің аптап ыстығы. Аспан айналып жерге түсердей. Термометр бағаны 38 градус ыстықты көрсетіп тұр. Бірақ «Құлбарақ» шаруа қожалығының Төле Қадірбекұлы бастаған комбайншы-механизаторлары мың гектар арпалыққа шалғы түсіргелі тынбай жүріп, өндіре еңбек етуде. Төленің мінгені күні кеше ғана «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамы арқылы лизингке сатып әкелінген «Есіл-750» астық комбайны. «Былабайдағы» арпаны Төленің өзі комбайнға үйреткен шәкірті Мақсат Оразов орып жүр. Ол комбайн да жаңа, 2019 жылы сатып әкелінген. Комбайнның маркасы – «Есіл-740». Екеуінің де класы бір. Бірақ Төле мінген комбайн оған қарағанда қымбат. Қожалық оны жеті жыл мерзімге 56 миллион 800 мың теңге қаржыға сатып әкеліпті.

Екі астық «кемесінің» «Үш ағаштағы» танапқа шалғы түсіргеніне бүгін екінші күн. Диқандар аласалау өскен астықты ору кезінде көптеген қиындықтарға кездесуде. Жаңаның аты жаңа ғой, «Есіл» комбайны дәннің ысырап болуына жол берер емес. Бірақ шығым аз болған соң ба, шанақтан түсіп жатқан сабан да, бункерге жиналып жатқан дән де ауыз толтырып айтарлықтай емес. Алайда егілген егінді жерде қалдыру егіншінің шартына кірмейді. Сондықтан болар, аптап ыстыққа шыдамай төгіліп бара жатқан астықты жинап алу егінші-механизаторлардың ең басты міндеті болып тұр.
Қолында екі институттың дипломы болса да, Төле кейбір жалтақ жандарға ұқсап қала қуалап кетіп қалған жоқ. Әкесі Қәдірбектің тілін алып, ауылда қалды. Ол қатардағы комбайншы ғана емес, механик те. Ал ақ егіске бригадир болып жүрген, жасы жетпісті еңсерген Батырбек Теңізбаев: «Жасым болса келді, енді тып-тыныш үйде жатайын», деп жастығын құшақтап үйінде жатпай, осынау таңдай қуырған ыстықта жастармен бірге егінжайда жүр. Батекең: «Мен жұмыс ауыр екен деп жұмыстан қашсам, жастар қайтеді?» дейді. Қарияның қолынан бәрі келеді, кәдімгі қиындыққа қыңбайтын қаранардың өзі дерсің. Төлеш те осы атасының шыдамдылығын көріп, оның үндемей жүріп үйдей тірлік бітіретініне дән риза. Кейде ол бір өзі бұзылған трактордың моторын шашып тастап, оны қайта жинайды.
Біз «Үш ағаштағы» дала қосына келдік. Мұнда диқаншы-механизаторлар үшін барлық жағдай жасалыпты. Шаңға түсіп, жүзі тотығып қосқа келген адам душқа, қажет болса, моншаға түсіп алады. Ал аспазшы Майраның сап-салқын ашымығын шөлің қанғанша сіміріп алсаңыз, даладағы аптапты мүлдем ұмытасыз. Содан соң аппақ сейсебі бар жиырма адамға арналған демалыс бөлмесіне келіп рахаттана бір демаласыз. Шаршағаныңызды ұмытасыз, еңбек адамы үшін жасалған осынау қолайлы жағдайға дән риза боласыз.
Біз дала қосындағы дүбір сәл де болса басылып, механизаторлар түскі асын ішіп алып, демалып жатқанда Жаңатұрмыс ауылының шетіндегі қырманға келдік. Бізбен жарыса мұнда екі «Камаз» көлігі де келіп жеткен екен. Жанболат Әбілов пен Серік Дүйсеналиевтің бұл күнделікті тірлігі. Олар астықты алқаптан қырманға дән тасиды. Биылғы астық аса мол болмағанымен, қырманда бір жал болып үйіліп жатыр. Оны басқарушы Меркібай Тоқтағұловтың өзі қолына күрегін алып, дәнді суыратын механизмнің көмегімен қырман жұмысшысы Мырзағали Маупаев екеуі тазалап жүр екен. Мырзағали осында қожалық құрылғалы бері күрек ұстап келе жатқан қара жұмысшының біреуі. Ол да «Шаршадым» деп айтпайтын қажымас қайратты жігіттің бірегейі.
Осы кезде біздің жанымызға қожалық жетекшісі Қадірбек Құлбарақовтың өзі де кеп қалды.
– Орақ науқаны басталғалы бәріміздің ұйқымыз шала болып жүр. Жылда осындай қарбалас. Енді орақ біткенше қамбашы Бағилаға да, есепші келін Наргизаға да тыныштық жоқ. Егіні жиналып алынған аңызда қазір төрт трактор жүр. Қуатты «Кировецтерді» Әтен Назарбаев, Бақытжан Қарабалаев, Руслан мен Ерлан Жәрдембаевтар екі ауысымда тыным көрмей жүргізіп жүр. Күні бүгінге дейін қолда бар егіннің тең жартысы орылып бітсе, бұл солардың еңбегі, – дейді Қадірбек. Биыл қожалық 87 миллион теңгеге жаңа техника сатып алыпты. Оның ішінде тыңайтқыш шашатын «РАУ-6» механизмі, қанаты 400 метр жерді қамтитын жаңбырлатқыш қондырғы да бар. Дәл осындай өнімді агрегаттарды жуырда «Қайқы» және «Бай Алғабас» шаруа қожалықтары да алған. Қ.Құлбарақов келешекте осы кешеннің көмегімен 150 гектар жерге жоңышқа егуді көздеп отыр екен. Лизингке алынған техниканың ішінде рулонды пресс пен рулондағы шөпті ұсақтап, турайтын механизм де бар екен. Иә, қожалық қолда бар техникасын 60-70 пайызға жаңартып алыпты.
Біз жаңатұрмыстық диқандардың алапат ыстыққа қарамастан мың гектар арпаны орып бітіргенінің куәсі болып қайттық. Диқандар енді «Шыңырау» мен «Сорбұлақтағы» мың гектар күздік бидайын оруға кіріседі. Әзірге әр гектардан орылған астық 7-8 центнер көлемінде ғана. Бәлкім, құмды алқаптағы астық бұдан көп болатын шығар. Дегенмен қиын ораққа диқаншы қауым өздерінің қажырлы еңбектерін қарсы қойып, өнген өнімді ысырапқа жол бермей жинап алудың қамымен жүр.

Сейсен ҚОЖЕКЕ,
Т.Рысқұлов ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.