Жамбыл жаңалықтары

Егінжай – ел ырысы

Written by Aray2005

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілді мәселелер тізбектеліп, болашақтың еншісіне енетін жоспарлар айқындалатын «Егінжай күні» семинар-кеңесі биыл мерейлі Меркі ауданында жалғасын тапты. Семинар-кеңес барысында облысымыздағы бірқатар алдыңғы қатарлы агроқұрылымдардың жұмысы таныстырылып, ауылшаруашылық өнімдері мен техникалар көрмесі қатысушылар назарына ұсынылып, сондай-ақ агросаладағы ортақ мәселелерді бірлесе шешу жолдары қарастырылды.

Семинар-кеңеске қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, төрағалары, аудан әкімдері, облысымыздың әр өңірінен келген шаруа қожалық төрағалары, ғылыми-зерттеу институттарының білікті мамандары ең алдымен жеке кесіпкер Ахан Сәрсембиевтің «Аспара-Хан» жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. 2017 жылы ашылған, аумағы 35 гектарды алып жатқан кешен иесі Ахан Сәрсембев ағымдағы жылы 80 тонна қызанақ жинауды жоспарлап отырғанын айтып өтті. Сонымен қатар А.Сәрсембиев заманауи технологияларды енгізе отырып өнімділікті арттырып және жылыжайды кеңейтуді де көздеп отырғанын жеткізді.
Жылыжай кешенінің жұмысымен танысып, оң бағасын берген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кәсіпкерге тек қияр мен қызынақпен шектеліп қалмай, өзге де өнім түрлерін өсіруге көңіл бөлу қажеттігін айтты.
– Өзіңізде білесіз, қазір облыстағы сауда нүктелерінің кез келгенінде өзге мемлекеттерден келген өнімдер көп. Халықтың отандық өнімді тұтынғысы келгенімен, өкінішке қарай сұранысын қанағаттандыра алмай отырмыз. Мәселен қазір ішкі нарықта жергілікті құлпынай мен таңқурайға сұраныс өте жоғары. Ал сіздің жылыжайда құлпынай мен таңқурай өсіруге және мол өнім алуға мүмкіндік көп екенін көріп отырмыз. Сондықтан осы мәселеге де көңіл аударғаныңыз жөн, – деді Б.Машбекұлы.
Мұнан кейін семинар-кеңеске қатысушылар Кеңес ауылында қант қызылшасын, жүгері, бидай өсіріп, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп отырған «SMART AGRO KARKARA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын бұрды. Серіктестік директоры Марат Сәлменов шаруасы шалқыған шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен таныстырып, жұмыстың сапалы жүруіне кері әсерін тигізіп отырған түйткілді мәселелерді де ортаға салды. Мәселен соңғы жылдары серіктестік су тапшылығын сезініп, салдарынан әр жылдары шығынға да батуда. Марат Қанатұлының айтуынша, егістік алқаптарына су жеткізетін үш канал тазалауды, қайта қалпына келтіруді қажет ететін көрінеді. Ал тазалап, қалпына келтіру үшін қомақты қаржы, үлкен күш керек екен. Серіктестік директорын, шаруаларды алаңдатқан мәселені мұқият тыңдаған Бердібек Машбекұлы суармалы жерлерді көбейту мақсатында құрылған мехотрядқа нақты тапсырма жүктеп, олқылықты тез арада жоюды тапсырды.
Ал «Нур-П» шаруа қожалығында қант қызылшасын өсіру, диқандардың тұқым таңдауы, жерді күтіп-баптауда айрықша көңіл бөлетін мәселелер, мол өнімге аз шығынмен қол жеткізу жайы әңгіме өзегіне айналса, Ақарал ауылдық округіндегі «Гүлдер» шаруа қожалығында жеміс ағаштарының элиталық көшеттерін өсірудің жай-жапсары қозғалды. Шаруа қожалық былтыр 50 мың жеміс ағашын отырғызса, биыл бұл көрсеткіш екі есеге артып, 120 мыңға жеткен. Шаруа қожалық төрағасы Александр Бондорьдың ендігі мақсаты – сыйымдылығы мың тоннаға жуық жемісті сақтауға арналған қойма салу. Сонымен қатар ара шаруашылығында өткен кездесу барысында кенже қалған саланы субсидиялау мәселесі көтеріліп, батыл ойлар мен ұтымды ұсыныстар айтылса, «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесі және «Егінжай күні-2020» қорытындыланған семинар-кеңес өтті.
Кеңесті ашып, жүргізген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстың асыраушы саладағы жарқын жетістіктеріне, алдағы мақсат-міндеттерге кеңінен тоқталды. Бердібек Машбекұлы ағымдағы жылдың төрт айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 39,4 миллиард теңгені құрағанын, бұл еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш екенін тілге тиек етті.
– Қазіргі таңда облыста 14 миллион гектар жер бар. Соның 4 миллионы егістік. Биыл 728 мың гектар жерге егін ектік. Былтырғымен салыстырғанда бұл 29 мың гектарға көп. Ал егер тоқсаншы жылдармен салыстырсақ, ол жылдары 1 миллион гектарға жуық алқапқа егін егілген. Біздің болжамымыз бойынша бүгінде 1,5 миллионнан астам гектар жер пайдаланусыз жатыр.
Ауыл шаруашылығын дамытуға биыл 29 миллиард теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 18 миллиард, облыстық бюджеттен 11 миллиард теңге бөлінді. Нақтырақ айтсақ, өсімдік шаруашылығын дамытуға 4,4 миллиард теңге, мал шаруашылығына 7,4 миллиард теңге, өңдеу өнеркәсібіне 831,6 миллион теңге, инвестициялық субсидияларға 6,6 миллиард теңге қарастырылды. Былтыр су үнемдейтін технологиялар 20,5 мың гектар жерге енгізілген болса, биыл суармалы жерлерді 30 мың гектарға жеткізу көзделген, – деді Бердібек Сапарбаев.
Шаруалар үшін үлкен тәжірибе алаңы болған семинар барысында ғылыми-зерттеу институттарының мамандары пайымды пікір, пайдалы кеңестерімен бөлісті. Сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі техникалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов, облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Аманов және өзге өңірлерден келген агрария өкілдері мен Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің өкілдері және өзге де семинарға қатысушылар өз ойларын ортаға салды.
Жиын соңында Бердібек Сапарбаев аудан әкімдеріне, ауыл шаруашылығы басқармасы мен бөлімдерінің басшыларының алдына бірқатар міндеттер қойып, қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді.
Осы күні облыс әкімі Т.Рысқұлов ауданына да ат басын бұрып, біраз жылдан бері ет, сүт және балық шаруашылығымен табысты айналысып келе жатқан «Луговое жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында болды. Шаруашылық жетекшісі Александр Линниктің айтуынша, серіктестік алдағы уақытта жылына 120 тоннаға дейін дайын өнім шығарып, жергілікті нарық пен еліміздің өзге өңірлеріне өткеруді көздеп отыр екен.
Облыс ауыл шаруашылығының алға жылжуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан серіктестіктің аяқ-алысына көңілі толған аймақ басшысы оның жұмысына табыс тіледі.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ
Меркі ауданы

ПІКІР