Егіс алқабындағы жұмыс қауырт

0 6

Қазіргі таңда өңірде көктемгі дала жұмыстары қарқын алған. Диқандар жұмыстарына қызу кірісіп, көктемнің бір күнін жылға азық ету жолында бар күшін салып-ақ жатыр. Соқасын сайлап, техникасын майлап, сақадай сай дайын отырған жамбылдық шаруалар күндіз-түні тынбай еңбектенуінің арқасында биыл көл-көсір өнім алуды мақсат еткен. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев Жамбыл және Байзақ аудандарына барып, ондағы көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты.
Аймақ басшысының орынбасары алдымен Жамбыл ауданының Ақбастау ауылындағы «Шарипов» шаруа қожалығына ат басын бұрды. Қожалық диқандары бүгінде 50 гектарға картоп және 70 гектарға пияз егу үстінде. Егіс алқабында Әбдімәлік Шарипов жетекшілік ететін қожалық 100 гектарға қант қызылшасын егуге дайындықты бастап кетіпті. Облыс әкімінің орынбасары аймақ брендіне айналған картопқа баса назар аударды. Олардың егіп жатқан картобының өнімділігі жоғары екен. Сондықтан диқан айналдырған үш айда өнім беретін картоп алқабын 200 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап қойыпты. Сондай-ақ 2013 жылы ашылған қожалық 70 гектарға голландтық «Бонус» және «Медуза» пияз тұқымын егіп жатыр. Аталған сорт гектарына 70-100 тоннаға дейін өнім беруге қауқарлы көрінеді. Осылайша Жамбылдың брендтік өнімдерінен көл-көсір пайда табуды көздеген шаруа бұл алқаптардың барлығын тамшылатып суғарады. Ол үшін су көзін Аса өзенінен алатын диқанның мәселесі де жоқ емес. Былтыр қант зауытына өткізген балтамырдың ақшасын толық алмапты. Дегенмен облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев бұл мәселе жуық арада шешілетінін жеткізді.
Келесі кезекте аймақ басшысының орынбасары «Қызыл-Дихан» өндірістік кооперативінің 55 гектарға жаздық арпа және 50 гектарға қант қызылшасы дақылын себу жұмыстарымен танысты. Өндірістік кооператив жетекшісінің орынбасары Жақсылық Жамансариевтің айтуынша, диқандар қант қызылшасының «Квест», «Еврика» тұқымын егіп жатыр екен. Ол үшін 18 техника мен 35 адам жұмылдырылған. Науқан кезінде жұмысқа тартылатын адамдардың саны 60-қа дейін жететін көрінеді.
– Бүгінгі күні балтамырды егу барысында сульфатомоним тыңайтқышын қатар беріп жатырмыз. Себебі ол жаңадан егілген тұқымның қиындықсыз өнуіне жағдай жасайды. Барлығы жақсы болса, гектарына 80 тоннаға дейін өнім алу жоспарымызда бар. Сондай-ақ 70 гектарға жүгері егуді де жоспарлап отырмыз. Жалпы бізде 1 850
гектар суармалы, 450 гектар тәлімдік жеріміз бар, – дейді Ж.Жамансариев.
Негізінен өңірдегі егін шаруашы­лығына қолайлы аймақ саналатын Жамбыл ауданында биыл 57,3 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын отырғызу жоспарланыпты. Қазіргі таңда 9,4 мың гектарға жаздық масақты дақылдар, 2 мың гектарға көпжылдық шөп, 2 мың гектарға көкөніс және 540 гектарға майлы дақылдар себілген.
Мұнан соң облыс әкімінің орынба­сары Берік Нығмашев байзақтық «Бапыш Сейсенбай» және «Үміт» шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты. Ондағы шаруалардың айтуынша, су, тыңайтқыш, тұқымдардан ешқандай мәселе жоқ екен. Сонымен қатар техникаларға қажетті жанар-жағармай да жеткілікті. Аталған ауданда 59,1 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын себу жоспарланса, бүгінгі күні 5,8 мың гектарға жаздық масақты дақылдар, 1,9 мың гектарға көпжылдық шөп, 1,7 мың гектарға көкөніс егіліпті.
Айта кетерлігі, биыл облыста 398,2 мың гектарға дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, 60,1 мың гектарға майлы дақылдар, 6,2 мың гектарға қант қызылшасы, 11,4 мың гектарға картоп, 39,2 мың гектарға көкөніс және 15,7 мың гектарға бақша дақылдары егілген. Сондай-ақ 229,5 мың гектарға мал азығы дақылдары, 143 гектарға таңқурай мен құлпынай дақылдарын жалпы 760,7 мың гектарға орналастыру межеленіп, өткен жылмен салыстырғанда 25,8 мың гектарға арттыру жоспарланған.

Ш.Биділдәұлы,
Жамбыл, Байзақ аудандары

Leave A Reply

Your email address will not be published.