Сараптама

Егістік көлемін ұлғайту – ұтымды шешім

Жері ауыл шаруашылығына өте қолайлы Жамбыл өңірінде агросекторды алшаң бастыруға мүмкіндік мол. Әсіресе, егін шаруашылығын өңірді дамытудың негізгі тетігі ретінде қарастыруға болады. Бұл тұрғыда басымдықтың аймақтағы егістік алқаптарын арттыру жұмыстарына берілуі құптарлық қадам.
Жыл басында облыс әкімінің бастамасымен түзілген агроөнеркәсіп кешенін дамытудың картасында егіс көлемін еселеудің алгоритмі тайға таңба басқандай етіп бекітілді. Осылайша, алдағы үш жылда кезінде түрлі себептермен жайылымдық жерлердің санатына жатқызылған 175,5 мың гектар аумақ қайтадан егіс алқаптарына айналмақ.

Облыстың жалпы жер көлемі 14,4 миллион гектарды құраса, оның 4,4 миллион гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің санатына жатады. Қолда бар мәліметтер өңірдегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 778,1 мың гектары ғана егістік алқабы ретінде есепке алынғанын айғақтайды. Ал, әлгінде айтылған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың картасында 2021 жылы 175,7 мың гектар жерді егістік алқабына айналдыру туралы межелі міндет қойылған. Ағымдағы жылдың өзінде өңірдегі 12,5 мың гектар жер егістік алқабының қатарын толықтырады. Күні бүгінге дейін 1,3 мың гектар жер егін шаруашылығында пайдаға жаратуға берілді.
– Егістік алқабын арттыру жұмыстарын қолға алуда облыстың жалпы жер қорының бөлінісіне баса назар аударылды. Бұл бөлініске сай облыстағы жалпы жер көлемі 7 түрлі санатқа жіктеледі. Біздегі жердің негізгі үлесі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мен босалқы және орман жер қорына тиесілі. Демек, өңірдегі егіс көлемін арттыруда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жай-жапсарымен қайта танысып шығуға тура келеді. Мәселен, 1991 жылдан бері кезінде егін шаруашылығында пайдаланылған 940 мың гектарға жуық алқап жайылымға айналған. Сол себептен де егіс көлемін арттыруда дәл осы жерлерді қайта егін шаруашылығында пайдалану мүмкіндігі жан-жақты зерделенбек. Өйткені, қазір облыстағы ауыл шаруашылық мақсаттағы жер қорының 17,5 пайызы ғана егіс алқабына жатады. Сондықтан да, облыстағы егін шаруашылығы қайта өркен жаятын алқаптарды ұлғайтуды біз жайылымдық жерлердің санатын өзгертуден бастағалы отырмыз. Мысалы, 2019 жылы 44,7 мың гектар, 2020 жылы 51,8 мың гектар, 2021 жылы 66,4 мың гектар жайылымдық жерді қайта егіс алқабы ретінде айналымға енгізу жоспарда бар. Сондай-ақ, 2014-2015 жылдары жүргізілген түгендеу жұмыстары кезінде анықталған 24,88 мың гектар запастағы босалқы жер қорын егістік алқабының көлемін ұлғайтуда пайдаланылады, – дейді облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Ербол Райымбеков.
Әрине, егістік алқаптарын ұлғайтудан күтілетін нәтиже ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортынан түбегейлі арылу екендігі ешқандай дау тудырмайды. Мәселен, ағымдағы жылы облыс шаруаларымен игерілген 778,1 мың гектар алқаптан 3,4 миллион тоннаға жуық өнім алынса, оның 106,8 мың тоннасы қайта айналымға енгізілген егіс алқаптарынан жиналған. Ал, агроөнеркәсіп кешенін дамыту картасына сай өңірдегі егістік алқаптарын арттыру арқылы 2021 жылға қарай өсімдік шаруашылығының өнімділігін 27 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде, жамбылдық шаруалар алдағы үш жылда нарықты көкөніс, жеміс-жидек пен мал азығының импортына тәуелділіктен арылтып, керісінше өнімді экспорттау мәселесімен шұғылданбақ.
Бұдан бөлек, егістік алқабын ұлғайту жұмыстары өңірдегі барлық аудандарда жүзеге асырылады. Сол арқылы бұған дейін егін шаруашылығы кенжелеп тұрған аймақтарда бұл саланың екінші тынысы ашылмақ. Мәселен, қазіргі таңда 7,87 мың гектар ғана егіс алқабы бар мойынқұмдық шаруалар үш жыл ішінде 9,2 гектар алқапты айналымға енгізеді. Сәйкесінше, Талас пен Сарысу аудандарында да егістік жер көлемі 30 пайызға дейін артады.
Ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруда тиімділігі дәлелденген жобаның қолға алынуын шаруалар да құп көріп отыр. «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Жигули Дайрабаев ендігі кезекте егін шаруашылығына ден қойған шаруаларға қолдау болса егістік көлемін арттыру жұмыстарынан күтілетін нәтижеге қол жеткізу қиындық туғызбайтынын айтады.
– Жайылымдық және запастағы босалқы жерлерді қайта айналымға тарту арқылы егістік көлемін арттыру шараларының қолға алынуы құптарлық бастама.
Рас, тәуелсіздіктен кейінгі тоқырау жылдары егіс алқаптары тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатты. Оған дейін кеңестік жүйеге иек артқан ірі шаруашылық құрылымдар бір сәтте жер игеруге қабілетсіз болып шыға келді. Оның себебі де түсінікті, қаражат жоқ, техника жетіспейді. Соның салдарынан біздің облыстың өзінде 900 мың гектарға жуық жер жайылымға айналды. Осынау жер қоры санатының өзгеруі өңірдегі өсімдік шаруашылығының өнімділігіне өз әсерін тигізбей қоймады.
Ал, қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға бар мүмкіндікті қарастыруда. Нәсібін аграрлық саладан іздегендердің айы оңынан туды. Осы тұста мемлекет қолдауын егістік алқаптарын ұлғайтуға пайдалану шарасының тиімділігін айта кетуіміз керек. Біріншіден, ұзақ жылдар егін егілмей тың жатқан алқаптар мол өнім береді. Екіншіден, шаруаның жер қорын кезектесе пайдалануына мүмкіндік туады. Яғни, егін егілген алқап өнім жиналған соң бір жыл тыңайтылады.
Осы орайда, облыс шаруаларының көкейінде жүрген мына бір мәселені айта кетпеске болмайды. Қазір біздегі егін шаруашылығында пайдаланылатын жерлерді тыңайту көлемі 5-10 пайыздан аспайды. Демек, шаруаларға тыңайтқыш алу жұмыстарын оңтайландыру қажет. Мәселен, «Қазфосфат» серіктестігімен келісімге келу арқылы диқандарға ерте көктемде тыңайтқыш беріп, оның ақысын күзгі жиын-терім кезінде өтеу мүмкіндігі берілсе жөн болар еді, – дейді Ж.Дайрабаев.
Егістік алқаптарын ұлғайту өңір экономика­сы­ның дамуына мүмкіндік беретін тың бастамаға айналғалы тұр. Тек жауапты тұлғалар жұмыр жоспарды жүйелі жүзеге асыра білсе болғаны.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР