Елден хабар

Екі ел ынтымақтастығы арта түспек

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия Республикасына ресми сапармен барып, аталмыш елдің Президенті Саули Ниинистёмен кездесті. Ресми кездесу рәсімінен кейін мемлекет басшылары шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізді.

Кездесу соңында тараптар ауыл шаруа­шылығы, қаржы, энергетика, ғылым және білім, мәдени-гуманитарлық байланыстар салаларындағы екі жақты ынтымақтастық мәселелерін де талқылады.
Мемлекет басшысы Финляндия Республикасына ресми сапарының бары­сын­да «Хиетаниеми» мемориалды кешеніндегі Карл Маннергейм бейітіне және фин солдаттарының бауырластар зиратына орнатылған «Батырлар кресі» ескерткішіне гүл шоғын қойып, фин халқының қаза тапқан перзенттерінің рухына тағзым етті.
Мемлекет басшысы Финляндия Республикасына жасаған ресми сапарын қорытындылап, бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдері үшін брифинг өткізді
Қазақстан Президенті журналистер алдында сөйлеген сөзінде қонақжайлық көрсеткені үшін Финляндия Президентіне ризашылық білдіріп, екі жақты ынтымақ­тастықтың 26 жылы ішінде мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастар серіктестіктің жоғары деңгейіне жеткенін атап өтті.
– Бүгін біз екі жақты және көп жақты форматтағы ынтымақтастықтың ахуалы мен келешегін егжей-тегжейлі әрі өзара сенім жағдайында талқыладық. Қазақстан мен Финляндия өңірлік және халықаралық саясаттың мейлінше өзекті мәселелерін шешуге қатысты ортақ қағидаттар мен әдістерді ұстанады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Финляндияның алдағы уақытта Еуропа Одағына төрағалық ететініне байланысты, фин тарапының Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім аясындағы диалогты тереңдетуге белсенді ықпал ететініне сенім білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан – Финляндия ынтымақтастығының табыстылығы мен зор әлеуетін атап өтіп, оны жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалғанын айтты.
– Елдеріміз арасында жоғары деңгейдегі саяси диалог тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қолайлы іскерлік ахуал қалыптасуда. Өзара іс-қимылдың шарттық-құқықтық және институционалдық базасы нығаюда. Сондай-ақ, тікелей әуе қатынасы орнаған. Осы мүмкіндіктердің бәрін толық пайдалану керек, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы жүргізілген келіссөз­дердің нәтижелеріне арнайы тоқталып, финляндиялық серіктестеріміз екі жақты экономикалық байланыстарды дамытуға мүдделілік танытып отырғанын атап өтті.
– Біз Қазақстан мен Финляндия арасын­дағы Сауда-экономикалық ынтымақ­тастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тиімділігін арттыруға, сондай-ақ энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларында құрылған жұмыс топтарының қызметін жандандыруға уағдаластық. Сонымен қатар, біз фин капиталы мен технологиясын Қазақстан экономикасын жаңғырту жөніндегі жобаларға тартудың жаңа мүмкіндіктерін талқыладық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан өңірлеріне Финляндияның «жасыл» экономикадағы үздік тәжірибелерін енгізу жөніндегі жоспарларына тоқталып, тараптар қайта өңдеу саласын, инновациялық және ғылымды қамтитын кәсіпорындарды, сондай-ақ экспортқа арналған өндірісті ынтымақтастықтың басым бағыты ретінде белгілейтінін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның географиялық жағдайының артықшылықтары жөнінде айтып, Суомидің экспорттық әлеуетін күшейту және фин экономикасының бәсекеге қабілеттігін арттыру жолындағы жаңа мүмкіндіктерге назар аударды.
– Қазақстан мен Финляндияның логис­ти­калық компанияларының қатысуымен екі темір жол бағытының іске қосылуы елдеріміз арасында көлік-транзит альянсын құруға жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті брифингке қатысып отырған журналистерге Финляндияның бизнес өкілдерімен өткен кездесу жөнінде айтып, екі ел арасындағы ынтымақтастыққа серпін беретін жаңа бизнес жобаларға тоқталды.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев келіс­сөз­дер қорытындысына жоғары баға беріп, бұл сапар елдің игілігі үшін серіктестігімізді одан әрі нығайтып, кеңейте түсетініне сенім білдірді.

Ақ Орда

ПІКІР