Диагноз

Екпе алмағанның есі кетеді

Written by Aray2005

Осы жылдың
5 сәуіріне дейін облыста қызылша ауруы­мен ауырған­дар­дың саны 214-ті құраған. Оның ішінде 160-ы 14 жасқа дейін­гі балалар екен. Дертке шалдыққан жасөспірімдердің 65 пайызы қызылшаға қарсы екпе алма­ған­дар болып шыққан. Мұның ішінде екпе салдыру жасына жетпеген, медициналық көрсеткіштері бойынша уақытша шеттетілген, ата-анасы екпе салдырудан бас тартқан балалар бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Күмісбек Рахимов, облыстық балалар жұқпалы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Елена Пактың қатысуымен өткен брифингте айтылды.

– Қызылша дерті Мойынқұм, Т.Рысқұлов аудандарын қоспағанда қалған 8 аудан мен Тараз қаласында тіркеліп отыр. Әсіресе Тараз қаласы 151 жағдаймен көш басында тұр. Десе де қызылша ауруының облыс тұрғындары арасында әрі қарай таралуын болдырмау және эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында кешенді түрде алдын алу және эпидемияға қарсы шаралар жүргізілуде. Соңғы апталарда жүргізілген шаралар нәтижесінде жағдай біртіндеп қалыпқа түсіп келеді, – дейді Елена Афанасьевна.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР