Екпе егетін көшпелі бригада жолға шықты

0 6

Облыста коронавирус індетіне қарсы көшпелі екпе егу бригадасы жолға шықты. Өңірде қазір мұндай 18 топ жұмыс жүргізуде. Олар тоңазытқыш қондырғысы орнатылған рефрижераторлық үлгідегі термоконтейнерлерді пайдаланады. Вакцинаны тасымалдау «суық тізбекті» сақтай отырып жүзеге асырылуда. Мобильді егу бригадасының құрамында терапевт дәрігер мен егу медбикесі бар. Мамандар ұжымдарға барып, қызметкерлерге өндірістен қол үздірмей екпе егуде.

Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салу алдында әр қызметкердің қан қысымы мен жүрек соғысы тексеріледі. Егер барлық көрсеткіштер қалыпты болса, онда екпе салуға болады. Вакцина салынған соң пациент 30 минут дәрігердің бақылауында болады.
Жалпы облысқа 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап 31 500 доза «Спутник V» вакцинасы жеткізілген. 19 сәуірдегі жағдай бойынша вакцинаның 1-компоненті 31 100 адамға егілді. Бұлардың 7 506-сы (24,1 пайыз) 21 күннен кейін вакцинаның екінші дозасын салдырды.
Вакцина алғандар тарапынан денсаулығына теріс әсер беріп, шағым келтіргендер тіркелген жоқ. Коронавирусқа қарсы иммундау ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасады.
Жыл соңына дейін облыста 600 мыңнан астам тұрғынға екпе салу жоспарлануда.

С.ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.