Ел үміті – Ерасыл

0 13

Адамды адамнан артық ететін жақсы қасиеттің
бірі – оның тәлім-тәрбиесі мен білімі. Әсіресе адам үшін білімнің маңызы айрықша. Себебі кез келген халық өз елінің болашақ тұтқасы ретінде көбіне дарынды, қабілетті, тәрбиелі, зейінді жастарға сенім артады. Егер өсіп келе жатқан ұрпақ білімді болса, сол елдің ғылымы да дамып, игілігі ел пайдасына асады.

Қазіргі таңда білім беру саласы оқушылардан әлемдік бәсекеге қабілетті болуды талап етіп отыр. Оған озық өркениетті, дамыған мемлекеттердің өз оқушылары арасында білім мен ғылымға негізделген сан түрлі додалар ұйымдастырып, соның арқасында дарынды оқушылары әлемдік білім кеңістігін бәсеке алаңына айналдырғаны дәлел.
Мұндай білім бәйгелерінде оза шауып, өзінің қарым-қабілетін дәлелдеп жүрген жамбылдық жастар да баршылық. Озат оқушылардың кейбірі көп ішінен жүлде алып көзге түсіп жатса, тағы бірі үздіктер қатарынан көрінуге тырысып бағуда. Соның бірі – Ерасыл Тлеу. Ол Байзақ ауданының Көкбастау ауылындағы Амангелді орта мектебінің оқушысы. Қазір 6-сыныпта білім алып жатқан Ерасыл бірінші сыныптан бері үздіктер қатарында келеді. Сынып жетекшісі Айнұр Надирбекованың айтуынша, ол өз мектебіндегі және аудан мен облыстық деңгейдегі ұйымдастырылатын іс-шараларға белсене әрі үздіксіз қатысып, қоғамдық жұмыстардың да бел ортасынан табылып жүр. Өзі сыныптың топбасшысы екен.
– Елімізде оқушылар арасында жыл сайын ұйымдастырылатын айтулы доданың бірі – «Myń Bala» ұлттық олимпиадасы. Бұл сайыстың мақсаты – ауылдық жерлердегі 5-6-сынып оқушылары арасынан мың дарынды баланы анықтап, олардың еліміздегі ең үздік білім ошақтарында оқуына жағдай жасау. Бұл бойынша оқушы «Танымдық ойлау», «Логикалық ойлау», «Кеңістіктік ойлау» бөлімдері бойынша сынға түсіп, үздік деп танылғандары «Математикалық сауаттылық», «Қазақ тілі», «Ағылшын тілі», «Жаратылыстану» пәндері бойынша бақ сынайды. Осының ішінде қара үзіп шыққандары «Дарын», «Білім-инновация» лицей-интернаты секілді айтулы білім беру мекемелеріне қабылдана алады.
Ерасыл Тлеу былтыр осы «Myŋ Bala» ұлттық олимпиадасына қатысып, жеңімпаз атанды. Онда ол өз қарым-қабілетін 74 ұпай жинау арқылы дәлелдеді. Қазіргі таңда ол «Birge Oqy» онлайн мектебінде оқып жатыр. Бұл да керемет жоба, осы арқылы білімін қосымша жетілдіру үстінде. Ерасылды информатика пәнінің алғыры десек те болады. Ол осы пән бойынша «The Dour of Code» байқауының жеңімпазы атанды. Шәкіртіміз «Daryndy zhas» оқу орталығының ұйымдастыруымен өткен «Біз тәуелсіз елдің ұрпағымыз» атты республикалық байқауға да қатысып, эссе номинациясы бойынша ІІ дәрежелі дипломға ие болды. Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың өзі жаңа жыл қарсаңында ноутбук сыйға тартты, – дейді сынып жетекшісі Айнұр Ерікбайқызы.
Ерасылдың бойында зеректік қасиеттің болуы кездейсоқтық емес. Әкесі Дидарбек Жайлаубеков ауылға құрметті азамат, №5 орта мектептің педагог- ұйымдастырушысы екен. Анасы Ляйля Базарханова Амангелді атындағы орта мектептің медбикесі. Отбасында 4 ұл болса, Ерасыл үйдің кенжесі. Ағасы Ардақ Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық жүйелер университетінің «Ақпараттық жүйелер менеджері» мамандығын тәмамдап, қазіргі таңда голландиялық халықаралық компанияда жұмыс істеп жүрсе, Арнат М.Тынышбаев атындағы көлік академиясынан «Инженер-электрик» мамандығын игеріп, жеке кәсіпкерлікпен айналысуда. Ерсұлтан Амангелді атындағы орта мектептің 9-сыныбындағы озат оқушының бірі.
– Менің жетістікке жету жолымда бірінші ата-анамның еңбегі сіңді деп нық сеніммен айта аламын. Одан кейін бастауыш сыныпта сабақ берген мұғалімім Г.Тәйтиеваның көмегі көп болды. Қазіргі таңда 5-сыныптан бастап сынып жетекшім болып келе жатқан қазақ тілі пәнінің мұғалімі А.Надирбекованың, ағылшын тілі пәні мұғалімі К.Алменованың, жаратылыстану пәні мұғалімі А.Исмаилова мен тарихтан дәріс беретін ұстазым Ж.Әзімқұлованың да көрсеткен көмегі мол.
Мектепте Ернұр Амангелді, Нұржас Әбдімәлік, Әбілмансұр Мырзакәрім, Аңсар Мұратәлі, Асылхан Құдайберген секілді басқа да сыныптастарыммен жақын әрі тату доспын. Халқымызда «Адамды досына қарап таны» деген қанатты сөз бар. Мен жақын тұтатын достарымның кез келгені осал емес. Бәрі де білімді, тәртіпті. Болашақта мектепті үздік бітіріп, ағаларым секілді еліміздегі таңдаулы оқу орнынан өзіме лайықты білім алсам деген арманым бар. Мақсатым – еліме, Отанға адал еңбек ету, – дейді Ерасыл Дидарбекұлы.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Мамандардың негіздеуінше, мемлекеттің тек дарынды оқушыларды қолдауы балалар арасында әлеуметтік аражікті ұлғайтуы мүмкін. Бұған жол беруге болмайды.
Осыған орай мемлекет қарапайым мектептерге қолдау көрсетеді. Сонымен бірге бұл қадам қала мен ауыл арасындағы білім беру саласындағы алшақтықты қысқартуға жол ашады», деген болатын.
Еліміздің білім жүйесі ауыл балаларын жасынан іріктеп, олардың ойлы, озат оқушы болуына көңіл аударуы, дарынды балаларға арналған білім ошақтарында оқуына жағдай жасауы, сапалы білім қашанда ауыл мен қала баласына ортақ екенін айғақтайды. Мемлекет басшысы айтқандай, ауыл баласының біліміне алдағы уақытта бұдан да тереңірек көңіл бөлінсе, Ерасыл секілді ауылдан шыққан дарынды балалардың қатары көбейетіні анық.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.