Жастар.kz

Ел үшін еңбек еткен еріктілер, бойыңда сарқылмасын ерік-жігер!

Written by Aray2005

Ерікті деген ұғым қазаққа жат емес. Халқымыздың біреуге жылу жинап беру, көп көмегімен бітетін өзгенің тірлігіне асарлатып ат салысу, қайырымдылық көрсету секілді тағы да басқа аталы іспен бұрыннан бері айналысып келе жатқаны баршаға аян. Адам тұрмақ, аң-құстың да тағдырына алаңдап, табиғатты аялай білген ата-бабамыз керек жерінде осылай біріге білген. Туа бітті болмысы ізгілікке негізделген кейбір адамдар жалғыз-жарым жүріп-ақ, талай тірлікті тындырған. Олар өткенін пұлдап, еткенін сөз қылмаған. Сондықтан қайырымдылық жасау қанымызда бар десек, қателеспейміз.

Ортақ мүдде оң нәтижеге бастайды

Бір айта кетерлігі, мұндай игі іспен бұрын халық өз бетінше айналысса, қазіргі таңда аталған жайт мемлекет қолдауына ие болған. Волонтерлар туралы арнайы заң қабылданып, олардың бағыт-бағдары, мақсат-мүддесі, ережесі бекітілген. Соның есебінен бүгінде елдік деңгейдегі түрлі іс-шаралар еріктілердің атсалысуымен еңсерілуде. Әсіресе, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл Волонтер жылы болып жарияланғалы қоғамның осы бір белсенді мүшелеріне деген қолдау да күшейе түсті. Еліміз бойынша волонтерлардың республикалық штабы құрылып, соның аясында Нұр-Сұлтан қаласында «Birgemiz» атты фронт-офис ашылғаны да белгілі. Мемлекет басшысы сол кезде барлық еріктілерге жобаларын 7 бағыт бойынша жүргізуді тапсырған болатын. Нәтижесінде осындай орталықтар еліміздің бірқатар өңірінде ашылып, түрлі бағытта атқарылар жұмыстар жандана түсті. Мәселен, мемлекетімізде «Сабақтастық» бағыты аясында еріктілер балалар үйінің тәрбиеленушілерін өз қамқорлықтарына алуы керек болса, «Саулық» бағыты медициналық волонтерлық топтарды қоғам ортасынан табылуға бастайды. Бұл науқас адамдарға көрсетілетін медициналық көмек түрі. «Таза әлем» бағыты аясында қоршаған ортаны қорғау мақсат етілсе, «Асыл Мұра» бағытын таңдаған еріктілер рухани, мәдени-тарихи мұраларды сақтау жұмыстарына атсалысуы тиіс. «Қамқор» бастамасы бойынша еріктілер қарттар үйіндегі жасы үлкен кісілерге қол ұшын созса, «Білім» жобасы шеңберінде ауыл мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау, ағылшын тілін үйретіп, компьютерлік сауаттылықты жетілдіруге көмектесу жоспарланған. Ал «Үміт» жобасы бойынша еріктілер Жеңістің 75 жылдығы аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қамқор болуы тіис. Міне, осындай игі істерді атқаруға ден қойған еріктілердің дені жастар екені белгілі.
Жалпы, облыста 1 миллион 131 мыңнан астам тұрғын бар болса, оның 21,2 пайызын жастар құрайды. Сынаптай сырғыған уақыт атаулы жылдың алтыншы айына да аяқ бастырып отыр. Осы орайда ерікті жастардың күшімен өңірде қандай шаруалар тындырылып, нендей жобалар жүзеге асып жатқанына назар аударған едік. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожаның айтуынша, өңірдегі 239 мың 151 жастың 6 784-і еріктілер санатында екен. Олардың кейбірі өңір­де тіркелген оннан астам ұйым мен Тараз қала­сын­дағы жоғары оқу орындары және орта ар­нау­лы білім беретін мекемелердің студенттері. Негізі­нен облыста құрамында кемі 850-ге дейін мүшесі бар нақты 6 ұйым тіркелген. Олар «Жібек жолы жастары» волонтерлық қозғалысы, «Біз біргеміз», «Темірқазық», «Еркін пікір», «Қазақстан студенттерінің Альянсы» секілді ұйымдар. Бұдан өзге 10 ауданның әр қайсысында волонтерлық қозғалыстар бар. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде де құрамына 105 студент енген «Волонтерлар лигасы», «Біз біргеміз», «Spread eagles» сынды ұйымдар волонтерлық қызметпен айналысып жүр. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде 40 студент топтастырылған «Жалын», «Біз біргеміз» атты 2 студенттік волонтерлық ұйым бар. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде 85 жастан құралған «Біз біргеміз» волонтерлық ұйымы жұмыс істейді. Облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 26 волонтер тобының құрамына 3055 студент енген.
– Облыста волонтерлық қызмет үшін қолайлы ортаны дамыту мақсатында «Әулиеата жастары» волонтерлық штабы құрылған болатын. Осы арқылы волонтерлардың жұмысы жүйеленуде. Ал Мемлекет басшысы атап көрсеткен негізгі бағыттар өңірде 9 бөлікке жіктеліп, оның аясында 21 жоба жүзеге асырылу үстінде. Бүгінде волонтерлардың көмегімен 7 452 адамға азық-түлік қораптары үлестірілсе, 1 123 адамға дәрі-дәрмек жеткізіліп берілді. 743 жалғыз ілікті қарияның тұрғын үйлеріне барып шаруашылық жұмыстарына көмек көрсетілді. «Қазпошта» АҚ облыстық филиалымен бірлесіп 65 жастан асқан азаматтарға зейнетақысын үйге жеткізіп беру қызметін ұйымдастырып, барлығы 1037 адамға қызмет көрсетілді. Тұрғындарға 88 155 тегін бетперде таратылды. Осындай сансыз тірлік аталған жобалар аясында атқарылып отыр.
Мұндай игі істер атаулы жылмен аяқталып қалмайтыны анық. Мемлекет тарапынан да волонтерларға қолдау көрсету жалғаса беретініне сенімдімін. Бастысы «Волонтер жылы» арқылы мемлекет жалынды жастардың үніне құлақ асып, олардың таңдауына жол ашып берсе, екіншіден жастар еріктілік іс тындыра отырып, қоғамға пайда тигізу арқылы өз мүмкіндіктерін паш етуде, – дейді Серікбол Берікқожа.

Жарқын жобалардың жемісі қандай?

Жыл басынан бері облыс көлемінде 121 іс-шара өтіп, оған 10 мыңға жуық адам қатысыпты. Соның ішінде «Қоғам сақшысы» жобасы аясында «Жібек жолы» волонтерлық қозғалысы облыстық полиция департаментімен бірге Тараз қаласының көшелерінде ғимарат қабырғаларындағы есірткі құралдарын жарнамалайтын граффити жазуларын жою бойынша 5 рет рейд өткізіп, нәтижесінде 300-ге жуық жазу жойылыпты. Бұл жұмыстар жоспарлы түрде жалғасын таба бермек. Осы бағыт бойынша «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанаты және «Ақ сұңқар» қоғамдық бірлестігі Төтенше жағдайлар департаментімен бірігіп, өрт қауіпсіздігі бойынша жеке сектор тұрғындарына үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіпті. Акция барысында 500-ге жуық үй қамтылған көрінеді. «Саулық» бағыты бойынша медициналық волонтерлықты дамыту үшін аймақта «Таза жүрек» жобасы жанданған. «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығымен» бірлесе «Волонтер дәрігерлер қозғалысы» құрылыпты. Қазіргі таңда медициналық білімі бар 100 ерікті орталықта арнайы оқытудан өтіп жатыр екен. Алдағы уақытта олар жоспарға сәйкес ауылдық елді мекендерді аралайды деп күтілуде. «Ерікті кеңес беру алаңы» жобасы аясында ақпан айында 3 рет азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша кеңес беру алаңы ұйымдастырылыпты. Аталған кеңес беру алаңы «Қазпошта» акционерлік қоғамының облыстық филиалында, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде ұйымдастырылған. Шараның жүзеге асырылуына адвокат, нотариус, жеке сот орындаушылары, заң кеңесшілері, жоғары оқу орындарының құқықтану мамандығында оқитын волонтер студенттер сияқты ерікті заңгерлер ат салысқан. Жыл соңына дейін елу мың жасқа көмек көрсету туралы жоспар бар.
Сондай-ақ «Смайл/күлкі сыйла» жобасы бойынша өмірде қиын жағдайға тап болған, көпбалалы, аз қамтылған отбасы балалары облыстық қазақ драма театрында «Бір түп алма ағашы» мелодрамасына, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Тұрар. Сталинге хат» реквиемінің тұсаукесер қойылымына қатысыпты. Тараз қаласындағы тарихи-мәдени орындарда облыс әкімдігі білім басқармасының «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының» тәрбиеленушілеріне арналған экскурсия ұйымдастырылып, сыйлықтар табысталған.
Ал «Qamqor» волонтерлық-қайырымдылық жобасы бойынша облыста жалпы 13 қайырымдылық дүкені ашылыпты. Оның үшеуі Тараз қаласында болса, 11-і аудандарда орналасқан. Халық көп шоғырланатын 5 сауда орындарында арнайы киім-кешек, тұрмыстық заттар қабылдауға арналған жәшіктер орнатылған екен. Аталған дүкендер арқылы 1 мыңға жуық отбасына 3 тоннаға жуық киім-кешек, тұрмыстық заттар үлестірілген. «Харекет» қайырымдылық қорымен бірлесе отырып 10 мұқтаж отбасына баспана сатып алынып берілген. Тағы 10 отбасының балаларына қажетті құжаттарын заңдастыру, оқу орнына түсіру сынды қолдаулар көрсетіліпті. «Өркениет» қорымен бірлесе отырып «Зейін» жобасы аясында аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасылардың 11-сыныпта оқитын 40 баласы ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық курстарына тегін қамтылуда. Жобаның ауқымын кеңейту мақсатында қаладағы үш жоғары оқу орындарымен келісім жасалып, оқу орнының 3-4-курс студенттері сабақ беруге ерікті ретінде тартылатын болды. Жыл соңына дейін 2000-ға жуық баланы оқыту жоспарланыпты. Әлемді дүрліктірген індетке қарсы күресте де волонтерлар тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осы мақсатта Тараз қаласындағы ойын-сауық орталықтарына, кафе-мейрамханаларға 5 мәрте рейд жүргізіліп, 10 мың дана ақпараттық бүктеме қағаздар мен медициналық маскалар таратылған. Еріктілер әлі де тұрғындарға мереке күндері саябақтарда, көшелерде, ықшам аудандарда COVID-19 пандемиясына ұрынып қалмас үшін үйден себепсіз шықпау, адам көп шоғырланатын орындарға жиі бармау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыр екен. Сонымен қатар волонтерлар базарлар мен адам көп жиналатын орындарда вирустың алдын алу шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру парақтарын, медициналық бетперде мен қолғаптар таратқан. Аймақта қолға алынып отырған тағы бір жоба – «IT-волонтер». Басқарма өкілдері еріктілерге онлайн тапсырма берсе, мұқтаж азаматтар сұраныстарын басқармаға жібере алады екен. Осылайша еріктілер оларға азық-түлік жеткізіп беріп жатқан жайы бар. Төтенше жағдайға байланысты облыс аумағында барлығы 717 волонтер нақты жұмыс жүргізіпті.
Қазіргі таңда, штабта барлығы 110 волонтер қызмет атқаруда. Барлық штаб жеке автокөлікпен қамтамасыз етілген. Тараз қаласында 3 жеңіл автокөлік, ал барлық аудандарда 2 автокөліктен қарастырылған.
Аудандық жастар ресурстық орталықтарының жанынан 11 волонтерлық топ құрылып, қазір аудандарда да еріктілік ісі кең етек жая бастағаны белгілі. Олар қайырлы іс жасауда аудан аумағымен шектеліп қалып жатпағаны анық. Мәселен, Жамбыл ауданындағы волонтерлардың жасаған сауапты ісінің шарапаты өзге облыстарға дейін жетуде. Олар Түркістан облысында жарияланған төтенше жағдай кезінде де белсенділік танытқан.
– Биылғы жыл «Волонтер жылы» деп жариялануына және әлемде орын алған пандемия салдарынан туындаған ахуалға байланысты қоғамға көмек көрсету мақсатында 164 жастан құралған волонтерлар базасы жасақталды. «Біз біргеміз» акциясы бойынша жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ауданға қарасты 17 ауылдық округте волонтерлардың көмегімен 30 наурыздан бүгінгі күнге дейін аз қамтылған, көп балалы, мүгедек бала асырап отырған 571 отбасыға әлеуметтік пакет беріліп, 14 849 бетперде таратылды. 34 қарияның үйіне көмек беріп, бірнеше мәрте сенбілікке қатысты. Айша бибі орта мектебінің еріктілері Әулиебастау тарихи ескерткішіне тазалық жұмыстарын жүргізсе, аудандық жастар ресурстық орталық мамандары 1 500 бетперде тігіп таратты.
Түркістан облысының Мақтаарал, Төле би аудандарында орын алған табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарына көмек беру мақсатында да еріктілер бастама көтеріп, нәтижесінде арнайы есепшот ашылған еді. Оған аудан тұрғындары ерікті түрде өз қаражаттарын аударған болатын. Сол қаржыға алынған заттарды еріктілер екіге бөлініп, аталған облысқа жеткізіп берді. Тарқата айтқанда, бірінші топ 15 мамыр күні жиналған қаражатқа азық-түлік, киім-кешек және Жалпақтөбе ауылының тұрғындарының 60 тоннаға жуық көкөніс өнімдерін Ленгір қаласындағы арнайы орталыққа жеткізді. Олар су тасқыны кезінде өз шаңырағынан айырылып, уақытша эвакуациялау орталықтарына орналастырылған 20 отбасыға азық-түлік, киім-кешектер таратты. Сол күні эвакуациялау орталықтарына орналастырылған отбасыларға ауызашар берілді.
Екінші топ 17 мамыр күні Мақтаарал ауданына жол тартты. Олар да жиналған қаражат есебінен құрылыс заттарын, азық-түлік, киім-кешектер апарып берді. Ондағы осал топқа жататын отбасыларға еріктілердің көмегімен 300 мың теңгедей қаражат үлестіріліп, Мақтаарал ауданында табиғи апаттан кейінгі жөндеу жұмыстарына атсалысып жүрген азаматтарға ауызашар берілді, – дейді Жамбыл аудандық жастар ресурс­тық орталығының маманы Нариман Бекетұлы.

Өзекті мәселелер де жоқ емес

Облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Арайлым Әбдуалиева аймақта жүйелі жұмыстар жүргізілгенімен, шұғыл түрде қолға алу керек мәселелер де туындап отырғанын жасырмады.
– Президент Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, Тараз қаласында «Асыл мұра» бағыты бойынша фронт-офис ашылуы керек болатын. Алайда бүгінгі күнге ғимарат пен қаржыландыру мәселесі шешімін таппады. Сондай-ақ волонтерлық қозғалыстарды жетілдіру, оларға қолдау көрсету мақсатында жергілікті бюджеттерден гранттар бөлу жайы да күн тәртібінде тұр. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы тарапынан 21 грантқа экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына өтінім берілді. Қолдау бола ма, жоқ па, ол жағы да белгісіз.
Одан бөлек облыстағы барлық волонтерлық ұйымдардың басын бір жерге біріктіру және олардың жұмысын үйлестіру мақсатында «Волонтерлар үйін» ашу қажеттілігі туындауда, – дейді Арайлым Әділбекқызы.
«Жібек жолы» волонтерлар қозғалысының жетекшісі Аяулым Расылхан да волонтерлардың көпшілігі жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері екендігін, десе де университ студенттеріне ешқандай көмек қарастырылмай отырғанын айтты. Ал колледждің ақылы негізде оқитын білімгерлеріне оқу ақысына жеңілдіктер жасалған көрінеді. Одан бөлек олардың шәкіртақысына да қосымша қаржы қосылған сыңайлы.
– «Еріктілер қозғалысы» 2015 жылдан бастап қарқынды жұмыс атқаруда. Оның құрамында 1200 волонтер бар болса, оның 52-сі өзім оқитын «Тараз-Болашақ» колледжінен. Бүгінде волонтерлар көптеген департамент, басқармалармен келісім шартқа отырып, нәтижелі жұмыстар істеуде. Волонтерлардың еңбегі елеусіз қалып жатқан жоқ. Дейтұрғанмен өңірімізде волонтер деген ұғымды дұрыс ұғына алмайтын адамдар да аз емес. Ашып айтқанда оларды кейбіреулер «барып кел-шауып кел» адам ретінде қабылдайды. Белгілі бір шараға топтасу (массовка) үшін жиналатындар деген мағынада түсінеді. Сол себептен де біз көптеген волонтерларымыздан ажырап қалып жатырмыз. Сондықтан ең алдымен волонтерлардың дәрежесі (статусы) көтерілсе, жігерлендіру үшін мотивациялар берілсе деген тілегім бар, – дейді облыстық «Еріктілер қозғалысы» ұйымы басшысы Медет Нұрділлаұлы.
Біз қал-қадірімізше еріктілер тарапынан атқарылған жұмыстарды тарқата жеткіздік. Ал олар көтерген мәселелердің шешімін табуы жергілікті билік құзырында екені даусыз. Олардың уәжі бәлкім орынды шығар. Себебі Мемлекет басшысы волонтерлық қызмет реформаларды жүзеге асыруда, жалпы мемлекетімізді жаңғыртуда маңызды рөл атқаратынын, жастардың волонтерлық идеясын белсенді ілгерілету қоғамдық ой-санасының жаңа парадигмасын жаңғыртуға ықпал ететінін айтқан еді. Ендеше, «болам деген баланың бетін қақпай, белін буудан» ұтпасақ, ұтылмасымыз ақиқат.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР