Ел болашағы – білімді жастар қолында

0 3

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.
Алдымен өңір басшысы ақпан айында ғана ашылған 120 орындық «Kids Hub» инклюзивті балабақшасына барды. Бұл жобаға шамамен 20 миллион теңге жеке инвестиция салынған. Бүгінгі күні мұнда 16 маман жұмыс істеуде. Мамандардың үшеуі Мәскеуде оқып келген. Орталықта білікті мамандар ерекше балаларға арналған кешенді қызметтер көрсетеді. Балалардың денсаулығы үшін массаж бен бассейн жұмыс жасайды. Сондай-ақ педиатр, логопед, дефектолог сынды мамандардың қызметтері ұсынылады.
Бердібек Сапарбаев аталған жобаны жоғары бағалап, өңірде ерекше балаларға арналған осындай әлеуметтік мекемелерді көптеп ашу қажеттігін атап өтті.
Бұдан соң өңір басшысы «Taraz HUB» IT-орталығында болды. Орталықта IT-технологиялар бойынша мамандар даярлануда. Стартап жобаларды дамыту, 3D-модельдеу бағдарламалары мен робототехника, графикалық дизайн және тағы да басқа бағыттар бойынша оқытулар жүргізілуде. Орталықта 20 компания жұмыс жасайды. Олардың қатарында бастаушы стартаперлер бар.
Бүгінде аталмыш IT-орталығының мамандары облыстың барлық колледждеріне zhambyltipo.kz қосымшасын әзірлеген. Қосымшаның арқасында қазіргі карантин жағдайында педагогтар мен оқушылар оқу үдерісін онлайн режимінде жалғастыруда.
Сондай-ақ облыс әкімі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында іске қосылған дарынды балаларға арналған мамандандырылған ІТ-лицей-интернатына да барды. Бүгінде мұнда 160 бала тұрақтап, білім алуда. Білім беру нысаны заманауи құрал-жабдықтармен және озық технологиялармен қамтамасыз етілген. Бүгінгі күні мұнда 8 сынып, 12 оқу кабинеті, 2 компьютерлік кабинет, кітапхана, ЛМК, STEM–зертхана, Web-бағдарламалау, робототехника кабинеттері бар. Сондай-ақ спорт және акт залдары, асханамен қамтылған. Лицей-интернатта оқыту бағдарламасы үш тілде жүргізіледі. Алдағы уақытта мұнда 300 орындық қосымша нысан құрылысын салу жоспарлануда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.