Жастар.kz

Ел болашағы – дарынды жастар

Written by Aray2005

облыс әкімі А.Мырзахметов білім бәйгесінде биіктен көрінген оқушылармен кездесті

Білімге құштар, өнерге құмар жамбылдық жас жеткіншектер биылғы оқу жылын да айтарлықтай жетістікпен аяқтады. Халықаралық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстардан үздік еңбектерімен еленген өрендеріміз жетінші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атанып отыр. Білім бәйгесінде биіктен көрінген оқушылармен облыс әкімі Асқар Мырзахметов кездесіп, еркін форматта емен-жарқын пікірлесті.
Аймақ басшысы дарынды да жалынды жеткіншектерді жарқын жеңісімен құттықтап, ашық ой бөлісуге шақырды. Өз кезегінде оқушылар осы сәтті тиімді пайдаланып, Асқар Исабекұлының балалық шағын, ұстаздарын, оқушы күндеріндегі жарыстарға қатысқан сәттерін еске түсіртіп, арман-мақсатын да сұрады. Сонымен қатар, өздерінің алдағы жоспарларымен бөлісті.
Кездесуде сөз алған облыстық «Білім-инновация» дарынды ер балаларға ар­налған мамандандырылған мектеп-интер­натының 10-сынып оқушысы Әділет Тұртемір бүгінде білім аламын деген жас­тарға мемлекет тарапынан барлық мүм­кіндік жасалғаны, бұл тұр­ғыда Елбасына, облыс басшыларына алғы­сының шексіз екенін жеткізді. Алдағы уақыт­та ел сенімін ақтап, бұдан да биік белестерді бағындыруға барын салатынын тіліне тиек етті.
Ал, көптеген додаларда дарынымен топ жарған Төле би атындағы 8-гимназияның оқушысы Ақжан Жахангер:
–Жамбылдық оқушылар бүгінге дейін де небір бәсекелі байқауларда алғырлығымен қатарластарынан оза шауып, облысымыздың абыройын асқақтатты. Бұдан кейін де солай боларына сіздерді сендіргім келеді. Өйткені, біз егемен елімізде өзіміздің қалауымызша сапалы білім алудамыз. Еліміздің қамқорлығын сезінудеміз. Жиған ілімімізбен халқымыздың қажетіне жарап, барынша қызмет етеміз, – деп ойымен бөлісті.
Сондай-ақ, оқушылар облыс орталығы­мен шектелмей, аудандарда да дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ашылса деген ұсыныстарын да ортаға салды. Осы орайда, облыс әкімі Асқар Мырзахметов алдағы уақытта 10 ауданнан дарынды балаларды оқытатын білім ошағы ашылатынын айтып, жас дарындарды қуантты.
Айта кетейік, 2017-2018 оқу жылында облысымыздың 257 оқушысы халықаралық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар жарыстарына қатысып, 22 алтын, 35 күміс, 85 қола жүлделеріне ие болған.
Өңір басшысы бұл жетістіктер ізденімпаз ұстаздардың тынымсыз еңбектерінің арқасы екенін атап өтіп, барша педагогтар қауымына табыс, сәттілік тіледі. Сондай-ақ, облыс әкімі оқуда озат болып, білім бәйгесінде ел намысын қорғап жүрген жасөспірімдерге алғыс жариялап, бағалы сыйлықтар тарту етті.

Қамар Қарасаева

ПІКІР