Ел дәулетін асырған

0 7

Алаштың көрнекті қайраткері Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген өсиет-өнегесі қай заманда да өз құндылығын жойған емес. Расында, білімі мен білігі толысқан, алайда қарапайым елге деген қайырымы жоқ жаннан келісті басшы шығуы екіталай. Ал мінезіне білімі, сөзіне ісі, тәжірибесіне талабы, жанкешті еңбегіне елге деген жанашырлығы сай, әрбір ілкімді ісі мен ізгі ізінен Отанға деген махаббаты сайрап тұратын азаматты қай заманда да нағыз патриот деп айтуға болады. Сондай сом тұлғаның бірі де бірегейі, аймақ өндірісінің алпауыты – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров. Өңір өндірісіндегі қайнаған тіршіліктің қайраткері, кеншілердің көшбасшысы биыл асқаралы 60 жасқа толып отыр.

«Қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп пайдамызды тигіземіз?!» деп тағы да сол Алаш арысы Әлихан Бөкейханов айтқандай, өміршең ұлтты, өскелең ұрпақты жарқын болашақтың жарығы мен жылуына жетелеп, кемел келешекке жол тауып, көпшіліктің көшін бастай білетін жандар ел тарихында аз болған жоқ. Бұл ұлы сарынның үлгісі ұрпақ сабақтастығымен үндесіп, бүгінгі, яки еліміз еңсе тіктеп, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда да ұлт үшін ұтымды жалғасын тауып отырғаны көңіл қуантады. Себебі, әр дәуірдің өз үні бар. Сол секілді салмағы атан түйеге жүк боларлықтай әр кезеңде де халықты жарыққа жетелейтін өз майталмандары болатыны өмір дәлелдеген шындық. Сондай атпал азаматтың бірі Мұқаш Зұлқарнайұлы десек асып айтқандық болмас. Себебі ел тәуелсіздігін алған отыз жылға жуық уақытта отызшақты елге Әулиеатаның фосфорын мойындатқан майталманның ғибратты ғұмыр сүрлеуі де, өнегелі еңбек жолы да өскелең ұрпақ үшін өзекті тағылым, ұлтжандылықтың адал іспен дәлелденген үздік үлгісі.
Тоқырау жылдарының зілі сан салаға салмақ салғаны тарихтан белгілі. Экономиканың еңсесін езіп, әлеуметтің әлеуетін әлсіреткені әмбеге аян. Аумалы-төкпелі заманның зауалы аймақтағы өндіріс ошақтарын да айналып өткен жоқ. Қыз-қыз қайнаған тіршіліктің қазаны төңкеріліп, будақтаған түтіні бұлтпен бұрымдасқан ғимараттар қаңырап қала берді. Көзкөргендердің көкейінде қалған Мұқаш Зұлқарнайұлының ерен ерлігі де осы тұста тарих сахнасынан төбе көрсетеді. «Ата-анам сол колхозда еңбек етті. Әкем малшы, анам сауыншы болатын. Біз бір отбасында алты ағайындымыз. Ауылдағы негізгі тіршілік егін егу, мал өсіру болғандықтан, осы шаруаның барлығын атқардық. 18 сотық жеріміз болатын. Сол жерге көкөніс егетінбіз. Үйдің үлкені болғандықтан сол шағын бақшада баптап өсірген көкөністерімізді қалаға апарып сататынмын. Одан бөлек, жылқы ұстап, бие байладық. Таңмен таласа тұрып, қымызды саудалайтынмын. Мен келгенше анам да таңертеңгі сауыннан оралып, бақшадағы қияр, қызанақтарды қапшықтарға толтырып қояды. Сосын оларды арқалап тағы кетем. Осылайша бизнеспен бала кезден айналыстым. Бірақ, ол кезде сауда-саттық жасайтын қазақтар аз болатын. Көбіне саудада өзге ұлттың өкілдері жүретін. Қазақтар бірен-саран еді. Сол аз қазақтың ішінде мен де жүрдім. Таң атпай тұрып, табыс табудың соңында жүрсем де оқу-білімсіз қатарымнан оза алмайтынымды түсіндім. Сондықтан оқып-тоқуға көп көңіл бөлетінмін. Әсіресе, химия пәні қатты ұнайтын. Химиядан беретін Қоңыржан Талқанбаева есімді мұғалімімнің үйіне аптасына 3-4 рет барып, қосымша сабақ алатынмын. Нәтижесінде талай рет химия пәнінен олимпиадалардың жеңімпазы атандым. Химияға деген қызығушылығым сол мектеп қабырғасынан қалыптасқандықтан, болашақта кім болам деген сұрақ төңірегінде көп ойланған жоқпын. Өзімді осы саланың маманы ретінде сезінетінмін. Мектеп бітірген соң көп ойланбастан осы саланы таңдадым. Ол кезде Кеңес Одағы көлемінде ірі 5 химия-технологиялық институт бар еді. Солардың бірі – Шымкент қаласында орналасқан Қазақ химия-технология институты. Осы оқу орнына құжаттарымды тапсырып, оқуға түстім. Содан кейінгі өмір жолымның барлығы өндіріспен байланысты өрбіді.
1982 жылы жоғарғы оқу орнын бітірген соң, жолдамамен Жаңа Жамбыл фосфор зауытына келдім. Ол кезде Жаңа Жамбыл фосфор зауытының екінші кезеңінің құрылысы жүріп жатқан-ды. Осында ауысым шебері болып жұмысқа орналастым. Жас маман болғандықтан өзімді көрсетуім керек деген мақсат қойдым. Осы бағытта күндіз-түні тынбай еңбек еттім», деп қайраткер өзінің өмірлік естеліктерінің бірінде атап өткендей, Сайрамның сайыпқыраны осылайша қазыналы Қаратаудың құзар шыңына қонып, алдына Алатаудай мақсат қояды һәм соған табанды еңбекпен жете білді де.
Тәрбие тамыры тағылымнан нәр алған тұлға талбесіктен тұғырға дейін өз күшімен жетті. Қарапайым шаруа қарашаңырағында жарық дүние есігін ашып, қаршадайынан еңбекке араласты. Марлан далада мал да бақты, егін егіп, жеміс жинады. «Шешінген судан тайынбас» деген халық даналығын жадына сіңіріп, білек сыбана кіріскен кез келген шаруадан қашпады. Халық сеңдей соғылып сенделіп, бос жүргенде жұмысын тоқтатқан кәсіпорындардың бойына қан жүгіртіп, көптің алғысына бөленді. Бес-алты кәсіпорынның басын біріктіріп, ірі компанияға айналдырды. «Қазфосфаттың» өнімдерін Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шетелдерге, тіпті мұхиттың арғы жағына экспорттады. Мыңдаған адамды жұмыспен қамтып, егемен еліміздің экономикасының еселеп өсуіне септігін тигізе білді.
Тарқатып айтсақ, Сайрам ауданындағы Қарасу ауылында дүние есігін ашқан болашақ Еңбек Ері ешқашан терең білім мен іскерліктен қол үзген емес. Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтын тәмамдаған бойда Жамбылдағы сары фосфор цехының шеберінен «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры лауазымына дейінгі өндірістің барлық сатыларынан абыроймен өтті. Қиын-қыстау кезеңде «Қаратау», «Шолақтау» тау-кен өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорны, Жаңа Жамбыл фосфор зауыты, Тараздағы минералды тыңайтқыштар зауыты, Степногорск пен Шымкенттегі теміржол-транспорт кешені мен химиялық кәсіпорнын бір арнаға тоғыстырып, қазіргі алпауыт «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды.
1982 жылғы тамыздан 1996 жылғы қыркүйекке дейін Жаңа Жамбыл фосфор зауытында алдымен шебер, кейіннен ауысымның аға шебері, аға шебер – технолог, №5 цехтың бастығы, партия комитеті хатшысының орынбасары, партия комитетінің хатшысы, бас директордың сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 1996 жылғы қыркүйектен 1998 жылғы наурызға дейін «Арго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, 1998 жылғы наурыздан тамызға дейін «Жамбыл нан компаниясы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында, 1998 жылғы тамыздан 1999 жылғы қарашаға дейін «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» өндірістік кооперативінде, ал 1999 жылғы желтоқсаннан 2000 жылғы мамырға дейін Жаңа Жамбыл фосфор зауытында, 2000 жылғы мамырдан 2002 жылғы шілдеге дейін «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің маркетинг жөніндегі департаментінде біліктілігімен басшылық етті. 2002 жылғы шілдеден 2005 жылғы ақпанға дейін «Қасфосфат» ЖШС басқарма басшысының маркетинг жөніндегі орынбасары міндетін абыроймен атқарса, 2005 жылғы 9 ақпаннан бүгінге дейін «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры лауазымын лайықты атқаруда.
Бүгінде бұл серіктестік өңірге, ел аумағына ғана емес, төрткүл әлемге танымал компанияға айналып отыр. Қайраткердің қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында белсенді араласып жүретіні, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға бей-жай қарамайтыны елге мәлім. Осылайша есіл еңбектің арқасында ол өзі күнделікті 15 шақырымын жаяу шарлайтын Тараз қаласының Құрметті азаматы атанды. «Жамбыл облысының Құрметті азаматы», «Халық ағарту саласының меценаты», «Жылдың үздік рационализаторы», «Химия өнеркәсібінің үздік қызметкері», «Құрмет», «Парасат», І дәрежелі «Ресей химия индустриясына сіңірген еңбегі үшін» және осы сынды ордендерімен марапатталды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен еліміздегі ең жоғарғы наградаларының бірі – Еңбек Ері атағын абыроймен иеленді.
Облыстық мәслихаттың VI шақырылымдағы депутаты ретінде халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілегін азаматтық борышы ретінде адал орындап, ел алғысына бөленіп жүргені өз алдына бір төбе. Тұрақты түрде Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен интернационалист-жауынгерлерге қамқорлық пен қолдау көрсетіп, балалар үйлеріне қайырымдылық пен меценаттық көмегін аянбайтын атпал азамат биыл әлем жұртын әбігерге салған пандемия кезінде де дәрігерлер мен науқастар үшін жанашырлықтың нағыз үлгісін танытты.
«Еңбек етпесең, жиған білімің кәдеге жарамай жатқан минерал секілді. Оның ішін аршып, асыл кенін жарқырату үшін еңбек керек, қол мен ой қимылы қажет… Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірбиелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады… Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес» деп ұлтымыздың тұңғыш академигі, елімізде тау-кен ғылымының негізін қалаған ғалым Қаныш Сәтбаев айтқандай, Мұқаш Зұлқарнайұлы да саналы ғұмырын салаға арнап келе жатқан сайыпқыран. Оның анаға, қыз баласына деген шексіз құрметі, салауатты өмір салтын ұстанған бітім-болмысы, классикалық көркем шығармалардың, атап айтқанда бес мыңнан аса кітап жинаған кітапқұмарлығы, өзгеге үлгі, өзіне парыз болған мейірімділігі секілді сан қырын бір мақаламен ашу да мүмкін емес шығар. Десек те біз еліміздің Еңбек Ерінің алты белден асып абыроймен жеткен асқаралы алпыс жасында ғибратты ғұмырына осылай тоқталып өткенді жөн көрдік. Ендеше, өндірістің өміріне жан бітіріп, қан жүгірткен Мұқаш Зұлқарнайұлының өмір өлшеміндегі ардақты абырой асуымен шын жүректен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық, басқарып отырған ұжымына толағай табыс тілейміз!

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.