Қоғам

Ел көңілінен шыққан «Ерлік» кешені

Тараз қаласындағы жаңа келбетке ие болған «Жеңіс» саябағы осында аяқ басқандардың қай-қайсысына болмасын үлкен әсер сыйлайды.Облыс әкімі А.Мырзахметовтің жеке бастамасымен және қамқорлық-қолдауымен жүргізілген жаңғырту жұмыстарының барысында жаңадан ашылған «Ерлік» мемориалдық кешені , оның төріндегі даңқты жерлесіміз Бауыржан Момышұлының ескерткіші, «Мәңгілік алау», «Батырлар аллеясы», Ұлы Отан соғысына қатысқан 105 мыңнан аса жамбылдық жауынгерлердің есімдері қашап жазылған мәрмәр қабырғалар … бәрі-бәрі бір-бірімен ерекше үйлесім тауып тұр.

Мұндағы алдын-ала мұқият ойластырыл­ған, ойдағыдай атқарылған іске неге сүйсінбеске?! Әсіресе, майдангерлер есімдерінің қабырғаларға әр аудан мен қала бойынша жазылғандығы тәнті етті. Бұл келушілердің іздеген есімдерін тез тауып алуына өте ыңғайлы. Жеңіс мерекесі күні көптің бірі болып осында келген мен де Мойынқұм ауданынан соғысқа аттанып, қайтып оралмаған әкем мен оның бауырларының есімдерін тез тауып алдым.

Отты жылдарда төрт бірдей Тілепбергенов сұм соғыстың құрбаны болды. Үлкені менің әкем Карентай, одан кейінгі оның інілері Дүйсенбі, Жақатай, Мұсақұл. Бұлардың соңғы екеуін атам Тілепберген ашаршылықта жетім қалған шиеттей кездерінде асырап алып, өз балаларынан кем етпей өсірген еді. Содан да атам өмірден өткенінше «Тым болмаса төртеуінің біреуі аман оралмады» деп қайғы шерін айтып жүретін.

Ұлы Жеңіс жолында шейіт болған әкемнің және оның бауырларының есімдерін оқыған сәтте қуаныш пен қайғы қатар келгендей ерекше сезімге бөлендім. Осындай сезімді Жеңістің 70 жыл­ды­ғы тойланған 2015 жылдың 9-мамырында әке қабіріне зиярат ету сапарымен барып, Ресейдегі Новгород облысы Холм қаласындағы Жеңіс алаңында болғанымда да бастан кешірген едім. Қазақстанда жасақталған 316-дивизия (кейін генерал Панфилов атындағы 8-гвардиялық) сапында шайқасқан әкем Карентай Тілепбергенов 1943 жылы Холм қаласына таяу Новички деревнясы түбіндегі ұрыста қаза тапқан. Оның мәйіті кейін қазып алынып, Холм қаласы әкімшілігі кеңсесінің жанындағы Жеңіс алаңына бауырластар зиратына қайта жерленген. Аты-жөні мәрмәр тақтайшаға, жазылған. Қалаға келісімен бірден әкемнің мәрмәр тасқа жазылған есімінің үстіне гүл қойып, аруағына тәу еттім, ішімнен дұға оқып, құран бағыштадым. Ертеңіне 9 мамырда таңертеңгі сағат 10:00-де Жеңіс алаңында салтанатты митинг өтті. Оған қатысқандар арасында Ресейдің өзге қалаларынан, тіпті, Қазақстанның Астана, Алматы, Талдықорған, Өскемен қалаларынан келгендер бар еді. Өңдері қазақ екендігін айтып тұрған соң өз тілімізде сөйлесіп шұрқырасып қалғанымыз, топтанып суретке түскеніміз қай­та­лан­бас сәттер еді-ау. Митингте Қазақстан­нан келген құрметті қонақ екендігімді хабарлап, маған сөз берілгенде ерекше толқи тұрып, соғыс қаһармандарының ерліктері ешқашан ұмытылмайтындығын, майдан даласынан оралмаған әкемнің дерегін көп жыл іздеп әзер тапқанымды айттым. Өз жерлерінде шайқасқан, қаза тапқан қазақстандықтарға деген құрметтері мен ізеттері үшін Холм ауданы әкімшілігіне, жалпы жергілікті тұрғындарға алғыс, ризашылығымды жеткіздім. Митинг аяқталысымен концерт қойылды, «Мәңгілік полк» шеруі өтті. Ресейдегі мереке тура Тараздағыдай ұйымдастырылды. Сірә, бұл бұрын да жазғанымдай, ерлікті құрметтеу сияқты қастерлі қасиеттің барлық халыққа ортақ екендігінде болар. Сол сапар соғыс сұрапылын бастан өткерген Ресейде қазақстандықтардың ерліктері ерекше қастерленетіндігіне айрықша көз жеткіздім.

Араға үш жыл уақыт салып Тараздағы «Жеңіс» саябағында сондай әсерге бөленіп отырмын. Ерекше бөліп айтарлығы–саябақты жаңғыртуда осыншама ауқымды жұмыстар небәрі бір ай көлемінде атқарылғаны, алда да жалғаса беретіні болды. Осы жайында хабардар болған жұртшылық сөзінде тұра білген облыс әкіміне алғыс арнап жатты.

Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев­тың «Рухани жаңғыру» идеясы негізінде жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу–қастерлі міндет. Көне Тараз төріндегі ашылған күнінен бері алыс-жақыннан адамдар келіп жатқан «Ерлік» мемориалдық кешені облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Елбасының халықтың кеңінен қолдауына ие болған осынау бағдарламасын іске асыруда өзіндік ізденістерге барып, тың шешім таба білгенін көрсетеді. Бұл жер жастарды отансүйгіштікке үндейтін орталыққа, көне Тараздағы қала қонақтары мен шетелдік туристер көп келетін көрікті мүйістің біріне айналары сөзсіз.

Жеңіс мерекесіне осындай тамаша тарту жасағаны үшін облыс әкіміне әкелері майдан даласынан оралмаған ұрпақ өкілдері атынан алғыс арнағым келеді. Асқар Исабекұлына өңір басшысы болып тағайындалғаннан бергі аз ғана уақыт ішінде Тараз қаласының келбетін жаңғырту ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында қолға алған, іске асырып жатқан бастамаларына да облыс жұртшылығының бағасы жоғары.

Аманкелді КАРЕНТАЕВ,
экономика ғылымдарының кандидаты, облыстың
Құрметті азаматы

ПІКІР