Жеңіс-75

Ел қорғаны – айбынды армия

Written by Aray2005

Төрткүл дүниені алаңдатқан індетпен күресте әскерилердің де еңбегі ерен

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Әрбір қазақстандықтың Отан алдындағы борышын өтеуі парыз. Сондықтан бұл күн ерекше мәнге ие. Ал бейбіт күннің батырларының ерлігі өз алдына бір төбе. Бұны сап түзеген сарбаздарымыз әлемдік пандемия кезінде де дәлелдеуде.

Коронавирус індетіне қарсы дабыл қағылған кезден бері жамбылдық сарбаздар алдыңғы шепте жүр. Мәселен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерилері Тараз қаласында құрылған мобильдік топтармен бірге қала көшелерін дезинфекциялау жұмыстарына жұмыла атсалысты. 16 наурыздан бастап 28903 әскери бөлімінің 250-ден астам сарбазы «Mart», «Small» сауда орталықтары, «Ауыл Береке», «Қайқармет» базарлары, теміржол бекеті, әуежай, автобекет және басқа да халық көп шоғырланатын орындарда залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді.
Негізі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Тараз, Шымкент және Қызылорда қалаларындағы бөлімдер індеттің оңтүстік аймаққа таралмауы үшін от кешуге дайын екендерін көрсетті. Сондай-ақ өңірлік қолбасшылық сарбаздары Петропавл сынды солтүстік аймақтағы ағайындарға да қол ұшын созған. Мәселен бөлімнің 50 сардары мен сарбазы Петропавл көшелері мен үй аулаларын дензинфекциялау жұмыстарына атсалысқан.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тағы бір ерлігі – олар Алматы қаласының маңындағы ашық аспан астындағы әскери аурухананы небәрі 72 сағатта тұрғызып тастады. Тараз қаласынан аттанған әскерилер ауруларды оқшаулауға арналған 300 адамдық жатын орын мен 500 орынға шақталған емдеу бөлімдерін небәрі үш тәулікте тұрғызғанын көршіміз Ресей мемлекетінің журналистері жарыса айтты. Әріптестеріміз ауруханаларын алты күнде, қытайлар он күнде тұрғызатынын сүйіншілеп жатқанда біздің өңірлік әскерилер дабыра қылмай, үш күннің ішінде заманауи қондырғылармен жабдықталған аурухана салып тастады. Құдайға шүкір, әзірге аталған аурухананың қажеттілігі туындап отырған жоқ. Десе де Алла сақтанғанды сақтайтынын ескерсек, бұл сөз жоқ бас бармақпен бағалауға тұрарлық дүние.
Бұдан бөлек, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында қызмет атқаратын нәзік жандылар тігін цехтарындағы қалыпты жұмыстарын ысырып қойып, бетперде тігуге кіріскен. Бүгінде әскери цехта тігілген маскалар сарбаздардың отбасыларынан бөлек, мұқтаж жандарға да таратылуда.
Тараз қақпасы тарс жабылып, карантин режимі күшейтілген кезде де Отан алдындағы борышын өтеп жатқан сарбаздар қасқайып алдыңғы шептен табылды.
Блок-бекеттерді айналып өтіп, ереже бұзушыларды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының атты әскері бақылауға алды.
Осылайша қала айналасына қойылған блок-бекеттердің жұмысы атты әскери патрульмен күшейтілді. Жауынгерлік кезекшілікке «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы тау-қорық бөлімшесінің әскери қызметшілері мен жауынгерлік аттары көмекке шықты. Кезекші топтың міндеті – Тараз қаласына қатынайтын жақын маңдағы елдімекендердің жолдарын тору, тексерістен өтпеген автокөліктердің қалаға кіруіне жол бермеу және қоғамдық тәртіпті сақтау болды.
Тау-кен қорықшы бөлімінің орналасқан пунктінен Тараз қаласына 30 жауынгерлік ат бөлінген. Оларды патрульдеу кезінде ұстау үшін Тараз гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінің базасында қора салынып, жемшөп жеткізу мәселесі шешіліп отыр.
Ал блок-бекеттер аумағында жауынгерлік кезекшілік жұмыстарын атқару үшін бөлімнің ең үздік және барынша дайындалған әскери қызметшілері мен жауынгерлік аттары жіберілген.
– Біздің жылқылар жауынгерлік дайындықтан өтіп отырады. Олар бұйрықты түсінеді, у-шудан қорықпайды. Олармен машина өте алмайтын кез келген жерде патрульдеуге болады. Өзімізе жүктелген міндетті абыроймен атқарып, карантин кезінде темірдей тәртіптің орнауын басты назарда ұстап отырмыз, – дейді тау-кен егерлік ротасының командирі, Тараздағы ат патрульдерінің жұмысын басқарып жүрген аға лейтенант Бекдаир Төлегенов.
Иә, осылайша жамбылдық әскерилер ел басына күн туған сәтте жұдырықша жұмылып, қол ұшын созуда. Қар жамылып, мұз жастанып жатқан кезең болмаса да бұл Отан алдында борышын өтеп жатқан сарбаздардың өлшеусіз көмегі. Бұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та баса айтып, Үндеуінде әскерилерге деген шексіз алғысын жеткізді. Сондықтан барша әскерилерді Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтай отырып, жұмыстарына тек жеміс тілейміз!

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР