Елден хабар

Ел мен жер

Written by Aray2005

Байзақ

Отбасылар сайысы

Байзақ ауданы әкімдігінің білім бөлімі мен аудандық балалар шығармашылығы және тәрбие орталығы бірлесіп, «Отбасы шежіресі» атты ата-аналар байқауын өткізді.
Аудан орталығындағы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясы базасында ұйымдастырылған шараға алты отбасы қатысып, өзара бақ сынады. Төрт кезеңнен тұратын байқауда ең әуелі қатысушылар өздерін таныстырды. Келесі бөлімде олар белгілі бір тақырыптар төңірегінде өз ойларын ортаға салды. Ал үшінші кезеңде байқау қатысушылары өз өнерлерін көрсетті.
Байқау нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен Н.Киікбаев мектеп-гимназиясы атынан Ақпанбетовтер отбасы бірінші орынға лайық деп танылды.

Жамбыл

Қаройда зауыт салынады

Қарой ауылдық округінде дәнді дақылдарды терең өңдеу зауытының құрылысы қолға алынады. Жобаны «Артал-17» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Чехиядан инвесторлар тарту арқылы жүзеге асырмақ. Бүгінде зауыт салынатын аймақтан 23 гектар жер таңдалып қойды. Қазіргі таңда аталған серіктестік пен шетелдік компания арасында екіжақты меморандумға қол қою рәсімі күтілуде. Жоспар бойынша зауыт 2022 жылы пайдалануға беріледі. Жобаның құны 60 миллиард теңгені құрайды.

Жуалы

Сырғанақ алаңшасы ашылды

Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылына кіреберісте бой көтерген «Мәңгілік Ел» саябағында сырғанақ тебетін арнайы алаңша ашылды. Алаңша жұмысын өткен жылдан бері Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Мадияр Сатыбалдиев қолға алған.
Бұрнағы күні саябақта облыс тұрғындарының қатысуымен отбасылық демалыс ұйымдастырылды. Бұл іске Тараз қаласындағы «Мультидом» жеке кәсіпкерлігі және «Золотой караван» туристік орталығы қолдау көрсеткен. Мұндағы сырғанау алаңшасында балалар сырғанақ теуіп мәз-мейрам болса, үлкендер арнайы ұйымдастырылған отбасылық фестиваль аясындағы іс-шараларға белсене атсалысты. Белсенді қатысушыларға «Мультидом» жеке кәсіпкерлігінің және оннан астам ірілі-ұсақты компаниялардың демеушілігімен түрлі ұтыс ойындары үлестірілді.

Қордай

Ғасыр құрдасына құрмет

Қордай ауданының тұрғыны, ауданның Құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қайым Керденов ақсақал 100 жасқа аяқ басты. Ғасыр құрдасын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет пен ауданның Құрметті азаматы Шопен Модахалықов арнайы құттықтап барды.
1921 жылы дүниеге келген Қайым Керденов алғашқы коллективтендіру кезеңін, отызыншы жылдардағы зұлматты ашаршылықты көрген. Дүниежүзін дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысының бел ортасында жүрген майдангер жаяу әскер қатарында Беллоруссия майданында болып, Венгрия, Чехословакия жерлерін жаудан азат етуге қатысқан. Әскер қатарынан тек 1946 жылы босап, елге оралғаннан кейін еңбек майданына араласты. Өмірінің қырық жылын ұстаздық етуге арнаған жан расында кез келген құрметке
лайық.

Меркі

Агросала жетіле түседі

Облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып, ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жоспарларға ден қойды. Ең әуелі, Мұратхан Жүнісәліұлы аудан орталығындағы мал базарында болды. Мұнда жыл санап сауда-саттық көлемі артып келеді. Өз кезегінде Мұратхан Жүнісәліұлы базар ауқымын кеңейту мәселесін реттеуге қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ ол Меркі ормандары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінде болып, жауаптыларға құмды аймақта азайып кеткен сексеуіл ағашын көптеп тігуді қолға алуды және орман қоры жері аумағындағы ахуалды бақылауда ұстауды тапсырды.

Мойынқұм

Жұмыссыздық азайып келеді

Аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы жыл бастала жұмыссыздықпен күреске мықтап кірісіп кетті. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында үш бағытта ауқымды істер атқаруда. Атап айтсақ, бағдарламаның бірінші бағытына сай қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету аясында 51 миллион теңге қаралып, 4 мамандық бойынша 100 адам оқытылмақ. Сондай-ақ жаппай кәсіпкерлік дамыту шеңберінде 41 азамат шағын несиеге қол жеткізетін болады. 757 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант үш адамға қарастырылған.

Т.Рысқұлов

«Отау ТВ» құрылғысы тегін таратылды

Қараша айының соңына қарай облысымызда аналогты хабар тарату толығымен тоқтатылып, сандық технология жүйесі іске қосылғаны мәлім. Осыған орай Т.Рысқұлов ауданында бірнеше отбасыға «Отау ТВ» спутниктік қондырғысы тегін үлестірілді.
Көгілдір экраннан отандық және бірнеше шетелдік арналарды ақысыз әрі сапалы тамашалауға мүмкіндік беретін қабылдағыш құрылғы аудандағы тұрмыс жағдайы төмен 344 отбасыға таратылды. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшылығы осы шаруаның басы-қасынан табылды.

Сарысу

Көше атауы өзгертілді

Жайылма ауылындағы «Гараж» және Маятас ауылындағы «Коминтерн» көшелерінің атаулары өзгертілді. Тиісті нормативтік құжаттарға ендігі жерде «Гараж» көшесі «Қаратау» болып, ал «Коминтерн» көшесінің атауы «Ақтас» болып жазылатын болады.

Талас

Мектептер мәселесі шешілуде

Талас ауданында құрылыс саласы жыл санап қарқын алуда. Соның есебінен апатты және үш маусымды мектептер мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Мәселен, бүгінгі таңға дейін аймақтағы 3 апатты жағдайдағы мектептің орнына жаңа мектептер салынды. Сондай-ақ 7 мектеп бүлдіршіндерге есігін айқара ашты.

Шу

Досаев жастармен жүздесті

Кеше аудан әкімі Қайрат Досаев «Жастар жылы – жаңа серпін бастауы» атты шараға қатысып, жергілікті жастармен кездесті.
«Жастар жылын» жастармен кездесуден бастаған аудан басшысы өз сөзінде Шуда өскелең ұрпақты жан-жақты қолдауға ағымдағы жылы ерекше мән берілетінін атап өтті.
Сондай-ақ басқосу барысында сөз сөйлеген «Zhas Projeсt» жастар корпусын дамыту жобасының грант иегері Камила Сейсембиева мен «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жұмыс істеп жатқан Динара Көшенова аталмыш жобалардың тиімділігін тілге тиек етті. Кездесуге жиналған аудан жастары көкейінде жүрген түрлі мәселелер бойынша аудан әкіміне өз сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.

ПІКІР