Жамбыл жаңалықтары

Ел мен жер

Written by Aray2005

Байзақ

АУДАН ӘКІМІ ҚЫСТАУЛАРДЫ АРАЛАДЫ

Байзақ ауданының әкімі Рахматілдә Рахманбердиев бастап аймақтағы мекеме-кәсіпорындардың басшылары, Ботамойнақ, Түймекент, Темірбек ауылдық округтерінің әкімдері құмды өңірдегі мал қыстауларында болып, малшы отбасылардың жағдайымен танысты.
Сапар барысында аймақ басшысы бастаған топ малшы қауымның қысқа дайындығына баса назар аударды. Сондай-ақ шаруаларды алаңдатып отырған мал ұрлығы, төрт түліктің түрлі ауруының алдын алу мәселелеріне қатысты салалық мекемелер мен бөлім басшылары түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Мырзағали Мадимаров бастаған дәрігерлер малшылар мен олардың отбасы мүшелерінің денсаулықтарын тексеріп, медициналық көмектерін көрсетті.

Жамбыл

КҮН ЭЛЕКТР СТАНСАСЫ САЛЫНБАҚ

Жамбыл ауданында «Аса» күн электр стансасы салынбақ. «АЕС Аsа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыратын жоба бойынша аталған күн электр стансасының құрылысы Айша бибі ауылдық округінің аумағында жүргізіледі. Жобаның құны 43 миллиард теңгені құрайды. 150 гектар жер теліміне салынатын күн электр стансасының құрылысы ағымдағы жылдың сәуір айында басталады деп жоспарлануда.

Жуалы

ГАЗ ҚҰБЫРЫ ТАРТЫЛАДЫ

Жуалы ауданының таулы өлкесінде орналасқан 15 ауылды газбен қамту мәселесі енді түбегейлі шешіледі. «Бурный» газ тарату стансасы арқылы аталған елді мекендерді газдандыру жобасы мақұлданды. Жалпы құны 2 миллиард 976 миллион 300 мың теңгені құрайтын жоба арнайы кестеге сай жүзеге асырылмақ.
Биыл газ құбырлары әуелі Көктас, Қарасу ауылдарын, кейіннен Жетітөбе, Күреңбел ауылдық округтерінің елді мекендерін қамтып, Боралдай ауылдық округінің Ертай ауылына дейін жеткізілмек. 2020 жылы Боралдай ауылдық округінің қалған ауылдары мен Қошқарата ауылдық округінің елді мекендері газдандырылатын болады.

Қордай

ІЗГІЛІК АЙЛАРЫ БАСТАЛДЫ

Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын қолдауға арналған «Мейірімділік керуені» атты жыл сайынғы қайырымдылық акциясы Қордай ауданында да басталды.
Акцияның әр айы қайырымдылыққа негізделген сарқыт, сыбаға, шашу, асар секілді ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен жөн-жоралғыларының аясында өтпек. Ал қаңтар айындағы шара сарқыт жоралғысымен ашылды.
– Қайырымдылық іс-шарасы шеңберінде этномәдени орталықтары және аудандық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға арналған түрлі акцияларды ұйымдастыруды көздеп отыр. Біздің көмек біржолғы емес, яғни ізгілік айлары жалғаса береді, – дейді Қордай аудандық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Станислав Насыров.

Меркі

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫН АЛДЫ

Меркі ауданындағы Қызыл Дихан ауылының мектеп оқушылары биылғы жаңа оқу жылын жаңа ғимаратта бастайды. Өткен жылы елді мекенде басталған 120 орындық мектептің құрылысын «Андас-Груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.
Сондай-ақ аудандағы коммуналдық жүйелер бойынша да атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Атап айтсақ, Сарымолдаев ауылының су жүйесінің құрылыс жұмыстары бүгінде қарқын алған. Өткен жылы бұл мақсатқа 568 миллион 251 мың теңге бөлініп, толығымен игеріліпті. «KAZ Intel Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысын жүргізіп жатқан су жүйесі арқылы тұрғындар 2020 жылы таза ауызсуға қол жеткізеді деп күтілуде.

Мойынқұм

АГРОСАЛА АЛШАҢ БАСАДЫ

Мойынқұмдық шаруалар биыл ауданда алғаш рет 5 000 гектар жерді игеруге ниет етіп отыр. Мұндағы 1 000 гектар алқапқа жүгері, ал 500 гектарға жаздық арпа, 300 гектар алқапқа тары себіледі деп күтілуде. Ал қалған 3 200 гектарға жоңышқа мен ауыл шаруашылығы өнімдері орналастырылмақ.
Сондай-ақ мойынқұмдықтар агросалаға қажетті техниканы да жаңартуға көңіл бөлуде. Жаңа техника алуға жалпы сомасы 65 миллион 304 мың теңге бөлінді. Алдағы уақытта бұл қаржыға 3 комбайн, 2 сүргіш, 2 тырма, 2 канал тазалағыш және 2 сепкіш сатып алынбақ.

Т.Рысқұлов

АРДАГЕРЛЕР ҮЙІ АШЫЛДЫ

Аудан орталығындағы саябақтан Ардагерлер үйі жаңадан салынып, салтанатты түрде ашылды. Жеке кәсіпкердің демеушілігімен жүзеге асқан игі іс қарияларға деген құрметтің жоғарылығын байқатса керек.
Қазыналы қарттарға арналған үйде демалыс орны, жиын өткізетін бөлме, ақылдасуға арналған мәжіліс залы, жеке асхана, мұрағат, бильярд үстелі де бар.
Енді мұнда келелі әңгіме, мазмұнды шаралар өткізіліп тұратын болады.

Сарысу

Меморандумға қол қойылды

Аудан бойынша жылыту пункттерін белгілеу үшін облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына жақын орналасқан шаруа қожалықтарымен, кәсіпорындармен немесе жеке тұрғын үйлермен қыс мезгілінде төтенше жағдайлар орын алған кезде жолаушыларға көмек көрсету туралы келісімшарт жасалынды.
Мысалы, Жаңатас-Тараз бағыты бойынша Жаңаарық ауылдық округіне қарасты «Баян» шаруа қожалығымен, Жаңатас-Шаян бағыты бойынша Түркістан ауылдық округінің Ә.Бүркітбаев ауылындағы Мұхтар Әуезов орта мектебімен, Саудакент – Жайылма – Шолаққорған бағыты бойынша Жайылма ауылдық округіне қарасты «Мұхтар» шаруа қожалығымен меморандумдар рәсімделген.

Талас

ҚЫСҚЫ КИІМДЕРМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТТІ

Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінде «Балаға қуаныш сыйла» тақырыбында қайырымдылық акциясы өткізілді. Аталған шара колледж ұжымының және белді әлеуметтік серіктестерінің бірі болып табылатын өндірістік кәсіпорынның қаражаты негізінде жүзеге асты. Айта кету керек, қолы ашық азаматтар ұйымның атауын көрсетуді жөн санамаған.
Акция кезінде демеушілер колледжде тұрмысы төмен отбасынан шыққан 10 студентке қыстық киімдер сыйлады.

Шу

ЖАҢА МҰРАЖАЙ БОЙ КӨТЕРУДЕ

Шу аудандық тарихи-өлкетану мұражайы жаңа ғимаратқа көшпек. Музейдің құрылысын қолға алу үшін былтыр аудан әкімдігі 36 миллион 670 мың теңгеге жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеген. Міне, осы негізде «Айна Сити» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын жандандырып, қазір 15 қызметкер күн-түн демей еңбек етуде. Серіктестік басшысы Мерей Рымбековтің айтуынша, бүгінде құрылыс жұмыстары бітуге таяу екен. Мұнда қуықтай үш бөлмеде шаң басып жатқан 4 142 құнды жәдігер көшіріледі. Және аудан тұрғындары да үйлерінде тұрған тарихи бұйымдарды мұражайға әкеліп өткізуге ниетті көрінеді.

ПІКІР