Ел намысын Елдос Сметов қорғайды

0 1

Дзюдодан Қазақстан ерлер ұлттық құрама командасының бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиев Токио Олимпиадасына қатысатын спортшылар тізімін жариялады. Бас бапкердің айтуынша, Олимпиада ойындарына олимпиадалық рейтингте жоғары орында тұрған спортшы барады. Қазіргі таңда Қазақстан ерлер құрамасының 7 спортшысы рейтингте тиісті ұпайды жинаған.

«Әлем чемпионатына дейін ұлттық құраманың бапкерлері ақылдасып, 60 келіде Ғұсман Қырғызбаевты әлем біріншілігіне, ал Елдос Сметовты Олимпиада ойындарына дайындағанды жөн санадық. Екі спортшымызды екі маңызды жарысқа арнайы шыңдадық. Ғұсман Қырғызбаев Будапештте үмітімізді ақтап, әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды.
Ал 66 келіде Елдос Жұмақанов пен Ерлан Серікжановтың арасындағы бәсеке өте тартысты жүрді. Бес жылға созылған олимпиадалық циклде екі дзюдошыға бірдей мүмкіндік беріліп, әлемдік жарыстарға қатар шықты. Әлем чемпионатының алдында дәл осы салмақ бойынша да бапкерлермен ақылдасып, Токиоға баратын спортшы әлем чемпионатынан кейін белгілі болады деп тарқасқанбыз. Өздеріңіз көргендей, Елдос Жұмақанов Әлем біріншілігінің жартылай финалына дейін жетіп, жарыста бесінші болды. Жүлдегерлер қатарынан көрінгенде, сөзсіз Елдос олимпиадалық рейтингте алдыңғы қатарға шығатын еді. Алайда жарақатына байланысты ол жартылай финалда тоқтады.
Қазіргі таңда 66 келіде Ерлан Серікжанов рейтингте жоғары тұр. Сондықтан осы салмақ бойынша Ерлан Серікжанов Токио Олимпиадасында ел намысын қорғайды.
Ал қалған салмақтар бойынша рейтингте тиісті ұпай еншілеген балуандар Токиоға аттанады. 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Жансай Смағұлов, 90 келіде Ислам Бозбаев Олимпиада ойындарына қатысады. 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Дидар Хамза құрлықтық квотаға ие болды.
Осылайша Токио Олимпиадасына ерлер құрамасынан жалпы саны бес дзюдошы барады. Олар: Елдос Сметов (60 келі), Ерлан Серікжанов (66 келі), Жансай Смағұлов (73 келі), Дидар Хамза (81 келі) және Ислам Бозбаев (90 келі), – деді дзюдодан Қазақстан ерлер ұлттық құрама командасының бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиев.
Ендеше ел намысын арқалаған жампоздарымызға сәттілік жолдас болсын деп тілейміз!

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.