Астанаға 20 жыл

Ел жүрегі – Астана

Тәуелсіздігіміздің тірегі, еліміздің жүрегі Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы елімізде жыл бойы тойлануда. Жуырда ғана Елорда төрінде Жамбыл облысының мәдениет күндері өтіп, Астана аспаны Әулиеата әуендерімен көмкерілсе, мерекелік шаралар аймаққа қарасты аудандарда әлі де жалғасын табуда.

Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және кұжаттама басқармасы облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан мерекелік кештердің шымылдығы осы аптада Меркі жерінде түрілді. «Ел жүрегі – Астана» тақыры­бымен өткен шарада «Тулақ шашу» дәстүрі көрсетіліп, ұлттық ойындар ойнатылды. «Қара жорғаға» бұқара бірге билеп, киіз үйлерде мерекелік дастарқан жайылып, жастар алтыбақан теуіп, өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды. Ауданның орталықтандырылған кітапханалар жүйесі арнайы көрме ұйымдастырып, өлкетану мұражайы тарихи жәдігерлерін ел назарына ұсынды. Сондай-ақ, 23 маусым мен 19 шілде аралығында елді мекендерде өткізілген Меркі ауданының мәдениет және өнер күндерінде іріктелген үздік қойылымдар сахналанды. Ауданның мәдениет саласындағы жетістіктері суреттелген бейнеролик көрсетіліп, «Меркі» халықтық театры музыкалық хореографиялық композициясын қойды.

Келесі күні Т.Рысқұлов ауданында өткізілген бұл іс-шара халық әуендерімен басталып, орталық алаңға ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлер тігіліп, жастар жағы алтыбақанның маңайына жинал­ды. Ал, М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінде ұлттық аспапты дәріптеген «Домбыра-party» ұйымдастырылып, М.Төлебаев атындағы музыка мектебінің ұжымы мен оқушылары күмбірлеген күйден шашу шашты. Мерекелік кеште сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов еңселі Елордамыздың жыл санап көркейіп келе жатқанын тілге тиек етіп, көпшілікті Астана күнінің 20 жылдығымен құттықтады.

– Астана қаласының 20 жыл­дық мерейтойы киелі Құлан өңірінде жалғасын табуда. Астана халқымыздың айбынына, егемен елдің символы мен зор мақтанышына айналды. Дара саясаткер Елбасының идеясымен дүниеге келген Астана қазақ елінің мерейін асқақтатып, сәулетімен таңғалдыруда. Көптеген саяси-экономикалық маңызды оқиғалардың орталығына айналып отырған бас шаһарымыз жыл санап нұрлана түсуде. Барлықтарыңызды ел тарихындағы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді Бейсенбек Әшімәліұлы.

Жалпы, құландықтар үшін бұл мерей­той ауданның 80 жылдығымен тұспа-тұс келуімен ерекшеленіп, тұрғындарға зор қуаныш сыйлады. Мұндай мерекелік шаралар өзге аудандарда да жалғасын табуда.

Қамар Қарасаева

ПІКІР