Сұхбат

«Ел «жылауық» әннен әбден жалықты»

Қазіргі қазақ эстрадасындағы болашағынан үлкен үміт күттіретін жас әншілердің бірі – Қуандық Рахым. О баста Гаухар Сардарбекпен бірге орындаған «Болайық бірге» атты әнмен танылған өнерпаз бүгінде тыңдарман қауымға бірқатар әуезді әндер сыйлап үлгерді. Оның алға қойған мақсаты да айқын. «Сырсарай» айдары аясында Қуандық Рахыммен болған сұхбатымыз әншінің өнер жолындағы жаңалықтары тұрғысында өрбіді.

– Өнер әлеміне ешкім де кездейсоқ келмейді. Сіз­дің шығармашылық жолыңыз қалай басталды? Әнші болуды бала кезіңізден армандадыңыз ба, әлде басқа мақсаттар болды ма?
– Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезден әнші болуды армандадым. Өйткені, өнер маған әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған. Ата-анам ән айтпаса да, арғы аталарымыз өнер десе ішкен асын жерге қойып, кез келген отырыста «әу» дейтін жандар болған. Сондай өнерлі әулеттің ұрпағы бола тұра, басқа мамандықты армандауым мүмкін емес еді. Ең алғаш рет 1-сыныпта «Әліппемен» қоштасу салтанатында ән айттым. Ұстазым менің дарынымды сол кезде байқаса керек, үнемі мектепте өтетін кештерде міндетті түрде ән айтқызатын. Осылайша өзім де «Әнші боламын» деп, алға мақсат қойдым. Сол жолда ерінбей еңбектеніп келемін. Аллаға шүкір, арманымның жүзден бір бөлігі орындалғандай.
– Сізді халық әнші ретінде мойындап, құрметтейді. Дегенмен, осыған қарамастан «Музарт-live» жобасына қатысуы­ңыз­ға не себеп болды?
– Бұл жобаға дейін мені халық танып, өз аудиториям болды деп айту артық болар. Мен қазір Құрманғазы атындағы консерваторияның дәстүрлі ән бөлімінде оқимын. Сондық­тан, эстрадаға қарағанда қос ішекті аспапқа жаным құмар. Алайда, 1-2 эстрада бағытындағы әндерді жаздырғанымды жасырмаймын. Бірақ, ол халықтың арасында кеңінен тарап, хитке айналды деп айта алмаймын. Менің тыңдармандарымның жартысы сол жоба барысында жиналған сияқты. Ал, тележобаның ортасына келген кезде продюсерім Жанна Абуовадан ұсыныс түсті. Ол кісімен жұмыс басталғаннан кейін ғана, көптеген сапалы эстрадалық әндер жазыла бастады. Ал, «Музарт-live» жобасы үшін үлкен өнердегі алғашқы қадамдардың бірі болды.
– Сіздің орындаушылық қабілетіңізбен қатар саз­гер­лік қасиетіңіздің де бар екендігінен хабар­дар­мыз. Осы тұста авторлық әндеріңізге тоқталып өтсеңіз.
– «Сазгермін» деп төсімді қағудан аулақпын. Олай атауға да ұяламын. Бірақ, сондай бір қасиетім бар екенін жасырмаймын. Кейде шабыт келіп, әдемі әуендердің туындайтыны бар. Кейбірін жақындарыма тыңдатып, са­рап­тап жүремін. Бірқатар туындыларды әлі күнге дейін өзгелерге көрсеткен емеспін. Себебі, ыңғайсызданамын. Бірақ, жуырда ұятты жиып қойып, продюсеріммен ақылдаса отырып репертуарыма өзім жазған бірнеше әндерді қостық. Олардың ішінде «Уайымдама», «Мақта қыз», «Кейіпкерімсің» деген шығармаларым бар. Болашақта да сәтті шыққан еңбектерімді өнерсүйер қауымға сыйлаймын деген ойдамын.
– Репертуарыңыздағы әндердің басым көпшілігі лирикалық тұрғыдағы әуендер. Шынайы махаббат, сыршыл сезім дегендей. «Әнді шынайы орындау үшін, оны сезіне білу керек» деген пікірлер айтылып жатады. Соған қарағанда жиі ғашық болатын сияқтысыз.
– Махаббатқа адал әрі тұрақты болғанды жөн санаймын. Әрине, шығармашылық адамына шабыт махаббат, мөлдір сезім, ғашықтық, романтика арқылы келетіні анық қой. Мен шабытты тазалықтан, адалдықтан, әдеміліктен іздеймін. Және бала кезімнен жан дүнием лирикаға әуес. Ол үшін бір қайғы шегіп, мұңға бату керек деп ойламаймын. Ең бастысы, әннің образын ойша жасап, сол елеске өзіңді сендіре алсаң, кез-келген әуенді жүректен жүрекке жеткізуге болады. Алайда, өнер адамы үшін шығармашылық ізденіс өте маңызды. Үнемі «жылауық» әндерді айтқанымыз да жөн емес. Сондықтан, қазір ізденіс үстіндеміз. Байқасаңыздар, соңғы кездері ырғақты, көңілді, тойға келетін әндерді де жазып жүрміз. Қазақ тойшыл халық қой. Қалың қауымның қуанышына менің әндерім де ортақтасып жүрсе, бұл үлкен мәртебе.
– Таяуда Отан қорғаушылар күніне орай Қордай ауданында өткен жауынгерлік шеруде сіздің репер­туары­ңыздағы «Мен қазақпын, бойымдағы қан қазақ» әнін үш мыңнан астам сарбаз орындады. Сол сәтте қандай сезімде болдыңыз?
– Иә, расында да бұл әнді жалынды жауынгерлердің орындауында естігенімде тұла бойымды ерекше бір сезімнің билегені рас. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әнші үшін әр ән өзінің перзентіндей ғой. Ал, ол туынды халықтың көңілінен шығып, өз орнын тауып жатса, одан артық бақыт бар ма? Негізінен мен бұл әнді ең алғаш әлеуметтік желіден тыңдап, бірден ұнатқан болатынмын. Ал, әннің авторлары ақын Нұржан Өмірбай және Жарасхан Төлебай.
– Осы уақытқа дейін Гаухар Сардарбек, Альбина Шардарова, Ақбота-Нұр Сейтмағамбет, Ерке Есмахан, Мөлдір Әуелбекова сынды әнші қыздармен дуэт болып, сахнаға шықтыңыз. Алдағы уақытта қандай өнер жұлдызымен бірге ән айту ойда бар?
– Ол енді болашақтың еншісінде. Егер дуэт құрып жатсақ, жаңалығыммен бөлісетін боламын. Дегенмен, алға қойған жоспар көп. Өмірімді өнермен байланыстырғаннан кейін тоқтамауды, шаршамауды басты мақсат етудемін. Ең бастысы, қазақ өнері тарихында өз ізімді қалдыратын әнші болсам деймін.
– Стиліңізді өзгерту ойыңызда бар ма?
– Стиль дегеннің өзін бөліп қарау керек. Егер менің киім стиліме келетін болсақ, ол қатты өзгереді деп айта алмаймын. Мен сахнаға шаш бояп, сырға тағып шығатын ер азаматтарға қарсымын. Ал, ән орындау стиліме келер болсақ, әрине, жоғарыда айтқандай өнер адамына ізденіс керек, халықты жалықтырмас үшін еңбек ету қажет. Бірақ, стиль осы екен деп рок немесе басқа да бағыттарға ауысып кетпесім анық. Менің жаным – қазақ, жүрегім – қазақ, тілім – қазақ. Сондықтан, нағыз қазақи бағыттағы дәстүрлі де, лирикалық та әндерді орындайтын боламын.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айжан Өзбекова

ПІКІР