Жастар.kz

«Елбасы ауыл жастарымен тығыз қарым-қатынас орнатуды тапсырды»

Таяуда Астана қаласында Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен партия Саяси кеңесінің отырысы өтіп, маңызды мәселелер қаралғаны белгілі. Осынау алқалы жиында ел жастарының атынан облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек мінберге көтеріліп, оралымды ойларын ортаға салды. Біз Елорда сапарынан оралған бойда Уәлихан Болатбекпен жүздесіп, сұхбаттасқан едік.

– Уәлихан Болатбекұлы, Елбасының алдында сөз сөйлеу екінің – біріне бұйыра бермейтін бақ. Дәл сол сәтте қандай әсерде болдыңыз?
– Елбасының алдында ел жастары атынан сөз сөйлегеннен кейін, бойымда толқу басым болды. Оған қоса, жауапкершілік жүгін қатты сезіндім. Бірақ, қобалжуға бой алдырмай, өз миссиямды толықтай орындап шықтым. Кеңестің негізгі жұмысынан кейін Мемлекет басшысымен жақынырақ сөйлесуге мүмкіндік туып, бізге бірқатар мәселелер төңірегінде тапсырмаларын берді. Бұл міндеттер мен жаңа жүктемелер жұмысқа деген жігерімді жани түсті.
– Тарқата айтып берсеңіз. Президент нақты қандай тапсырмалар берді?
– Мемлекет басшысы жастармен жаңаша жұмыс жасау процесіне көшу барысында негізгі екпінді ауыл жастарына қою керектігін баса айтты. Сондай-ақ, қоғамдағы әлеуметтік жағынан «әлжуаз» топтармен де атқаратын істерімізді нақтылау қажеттігін алға тартты. Ал, ең бастысы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінің орындалуын назарға алуды тапсырды. Оның ішінде, әрине жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесі де бар. Өз кезегімізде біз Елбасыға бұл Үндеудегі мақсат-міндеттердің дұрыс орындалып жатқандығын айтып, алғысымызды білдірдік.
– Партия төрағасының алдында жасаған баяндамаңызда қандай ұсыныстар айта алдыңыз?
– Ұсыныстан бұрын өзіміздің қолға алып отырған жобаларға көбірек назар аудардым. Оның берер нәтижесіне көңіл бөлдім. Сонымен қатар, ол жобалардың орындалу барысын да тілге тиек еттім.
– Қазіргі таңда «Жас Отан» жастар қанаты өз қызметінде қандай бағыттарға басымдық беруде?
– Жалпы, өткен жылдың қараша айында Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесінің отырысында партияның жаңғыру бағытына байланысты бірқатар тапсырмалар берген болатын. Соның аясында «Жас Отан» да өзінің мақсат-міндеттерін саралап, атқаратын жұмысын зерделеп шықты. Осылайша, жасотандықтарға жаңа жобалар мен бағыттарды айқындау мақсаты қойылды. Биылғы наурыз айында Астана төрінде өткен «Жас Отан» жастар қанатының кезекті IV съезінде «Жаңа әлемге жол саламыз» атты құжат қабылданғанын біле­сіздер. Бес бағыт бойынша өткен жиынның қорытындысында 100-ден аса ұсыныс-пікір, жобалар түскен екен. Бүгінде осы­лар­дың ішінен ең қажеттілері іріктеліп алынды. Сол арқылы «Жас Отан» жастар қанатының жұмыс жоспарын айқындаған жол картасы әзірленді.
– Бүгінде «Нұр Отан» партиясы «Цифрлық Қазақстан» жобасын іске асыруға да барынша ықпал етуде. Бұл тұрғыда жастар қанаты қандай бастамаларға ұйытқы болуда?
– Жастар қанатының тарапынан құрылған Орталық кеңестің алғашқы отырысында негізгі екпінді «Цифрлық Қазақстан» жобасының жүзеге асыры­луы­на қойдық. Біз бұл бағытта жан-жақ­ты жұмыстар жүргізуіміз қажет. Соның аясында қазір барлық жердегі білім бөлімдері арқылы мектептерде ІТ-сыныптар ашып жатырмыз. Ал, оның негізгі бағыты осы саланың іргетасын қалап, блогтар құру болып табылады. Мәселен, биылдан бастап біз «Работа Х» деген ұйымға қолдау көрсетуді бастадық.
– Жоғарыда жастар қанатының тарапынан Орталық кеңес құрыл­ған­дығын айтып қалдыңыз. Оның негізгі атқаратын міндеті қандай?
– Орталық кеңестің негізгі жұмысы «Жас Отан» жастар қанатының баста­ма­ларын бағамдау, бағыт-бағдар көр­се­ту. Жастар қанаты төрағасының кеңес мүшелерінің алдында есеп беруі де ұйымның кең құзыретін көрсетсе керек. Республикалық деңгейде құрылған кеңестің құрамына әртүрлі санаттағы жастар еніп отыр. Жұмыс барысында «Жас Отан» жастар қанатының IV съезінде қабылданған «Жаңа әлемге жол саламыз» атты құжаттың орындалуына айрықша басымдық беретін боламыз.
– Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта біз ұраншыл, науқаншыл, айқайшыл болып барамыз. Билік қандай да бір бастама көтерсе, оны тып-тыныш жүзеге асырудың орнына міндетті түрде алаулатып-жалаулатып жатамыз. Мүмкін жастарға қатысты шаралардың бағытын өзгерту керек шығар?
– Қазіргі таңда мұндай әдіс еліміздегі жастар саясатында бірте-бірте жойылып бара жатыр деп айтуға әбден болады. Жасыратыны жоқ, жастар ұйымдары алғаш рет құрылған кездерде таптаурын тәсілдер өзін-өзі көрсету бағытында көп қолданылды. Мәселен, соңғы екі жылда біздегі жастар саясатында «адрестік жұмыстар» деген ұғым пайда болды. Яғни, жастармен жеке-жеке жұмыс жүргізу, бір азаматқа болса да қолдау көрсету ісі қолға алына бастады. Бүгінде жұмысымызды осы жүйеге қарай ыңғайладық. Дейтұр­ған­мен, ара-арасында ұрандатып, әрбір бастамаларға қолдау көрсетудің еш әбестігі жоқ сияқты.
– «Жас Отан» еш жерде оқымаған, тіркелмеген және жұмыссыз жас­тар­мен қаншалықты байланыс ор­на­тып, олардың әлеуметтік мәсе­ле­сі­не бас қатырып жатыр?
– Бізде осыған дейін бұл мәселе бойынша екі жоба бар болатын. Қазіргі таңда олардың функциялары өзгертіліп жатыр. Оның алғашқысы – кеңес беру орталығы. Бұл жоба «Ауыл-Береке» базарында іске асырылған еді. Осы бастама арқылы ауылдағы және базардағы жастарға мемлекеттік бағдарламаларды жан-жақты түсіндірдік. Сонымен бірге базарға прокуратура, мемлекеттік кірістер секілді мекемелердің мамандарын шақырып, күнде 2 сағат бойына жастарға кеңестер берілді.
Ал, екінші жоба – «Сәтті қадам» деп аталады. Аталған бастама биыл да өз жалғасын табатын болады. Жалпы, өңірде өткен жылы 1700-ден астам жас ҰБТ-ны тиісті деңгейде тапсыра алмаса, бұл сынаққа 2700-ге жуық жас мүлде қатыспаған. Қарап отырсақ, 4000-ға жуық бала ешқандай оқуға барған жоқ. Осылайша, олар үйлерінде бос жатып қалды. Міне, осылар NEET-жасқа айналды. Былтыр осындай жастардың толық ақпаратын жинадық. Нәтижесінде, бірқатар проблемаларға тап болдық. Атап айтқанда, Қордай ауданында 1600 оқушы мектеп бітірсе, оның 600-і ҰБТ тапсырмаған. Сол балалармен жұмыс жасадық. Аталған істің барысында осындай жастардың оқуға түсуі үшін жәрдемдесіп, қол ұшымызды созуға тырыстық. Айта кетерлігі, біздің облыстың NEET-жастардың саны бойынша көрсеткіші жоғары болып тұр. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстарды құзырлы органдармен бірлесе отырып, ширата түспекпіз.
– Елбасы атап көрсеткендей, «Жас Отан» жастар қанаты бас партияның негізгі резервісі екені белгілі. Ал, «жасотандықтар» өзге жастар ұйым­да­ры­на қандай қолдау білдіруде?
– Негізінен, біз жастар ұйым­дары­­­ның барлығымен бірдей жұмыс жасаймыз. Дегенмен, «Еркін пікір» пікір­сайыс­шы­лар­дың ұйымы, «Жайдарман» ойын­дары, «Street workout» қозғалысы және «Жас Ұлан» ұйымымен қоян-қолтық жұмыс істеп, қолдау білдіріп келе жатырмыз. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Мысалы, «Жас Ұлан» ұйымымен бай­ла­ныс­ты нығайту туралы Елбасының ар­найы тап­сыр­масы бар. Осы бағыттағы жұмыстарды қолға алып, бағдарлама мен жол картасын да әзірледік.
Жалпы, Мемлекет басшысының «Жас Отан» – бүкіл жастар ұйымдарының модера­­торы болуы керек» деген сөзі бар. Бұл сенім үдесі­нен біздің жастар шыға алып жатыр деп толық сеніммен айтуға болады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР