Елбасы қандай спорт түрлеріне қызығады?

0 4

Үлкен саясат сахнасында экономикалық терминдерден бөлек, «Спортшы Президент» деген түсінік бар. Бұл тізімге спортты жанына серік еткен Мемлекет басшылары кіреді. Және оларды саясаттан бөлек, спорт байланыстырады. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та «Спортшы Президент». Елбасы ел спортының дамуына өлшеусіз үлес қосып қана қоймай, өзі де салауатты өмір салтын ұстанады. Тұңғыш Президенттің спортқа деген қызығушылығы ерте жаста оянған. Украина елінде оқып жүрген студенттік шағында күреспен айналысып, Днепродзержинск қаласында даңқты Лев Ежевскийдің қол астында жаттыққан.

Украина және Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Ежевскийдің естелігіне зер салсақ, Елбасының күреспен кәсіби түрде айналысқанын аңғарамыз.
«1958 жылы біздің Днепродзержинск қаласындағы №8 техникалық училищеге Қазақстаннан бір топ жас жігіттер оқуға келді. Бірде жаттығу өткізетін залға шымыр денелі, тығыншықтай жас жігіт келіп, «Мені күреске аласыз ба?» деп сұрады. «Аты-жөнің кім, бұрын күреспен айналыстың ба?» деп сұрағанымда, «Атым – Нұрсұлтан, тегім – Назарбаев, күреске әкемнің үйреткені бар» деп жауап берді. «Олай болса шешін, көрейік» деп залда жаттығып жүрген Коля Литошконы шақырып, «Мына жігітті байқайықшы, біраз жұлқылап көрші» деп күрестіріп жібердім. Сол-ақ екен, өзім үлкен үміт артып жүрген Литошкомды Нұрсұлтан шалт қимылымен шалып түсірді. Бәріміз үн-түнсіз қалдық. Содан бері Назарбаев нағыз балуандықты меңгере бастады. Коля екеуі дос болып та кетті. Жаттығуларда ерінбейтін, жеңіске деген жігері көрініп тұратын.
Нұрсұлтан Днепродзержинск қаласында өткізген екі жылында нағыз балуан болып қалыптасты. Классикалық және еркін күреспен қатар айналысты. Әттең, күрестің соңына түбегейлі түскенде үлкен жетістіктерге жететін қабілеті бар еді. Біраз жарыстарда ысылды. Ал 1959 жылы Бүкілодақтық кәсіподақтардың орталық кеңесі турнирінің чемпионы болды. Ол кезде мұндай жарыстың жеңімпаздарына спорт шебері атағы берілетін. Осылайша Назарбаев спорт шебері нормативін орындады. Ал мен үшін тағы бір ерекше қуаныш – сол кездердегі шәкіртімнің бірі Мемлекет басшысы, яғни Президент болғаны», дейді естелігінде даңқты бапкер.
Міне, жаттықтырушылық өмірінде 25 спорт шеберін дайындаған Лев Ежевский өзінің қол астында шыныққан Нұрсұлтан Назарбаев туралы осылайша тереңнен толғанып, оның күрес спортындағы келешегінен мол үміт күткенін айтады.
Жастарға биік белеске жету үшін қажыр-қайрат пен үлкен еңбек керектігін әрдайым еске салып жүретін Елбасының өзге спорт түрлеріне де қызығушылығы басым.
Атап айтсақ, Ұлт көшбасшысы теннисті жақсы ойнайды. Және үлкен кортта кәсіби спортшылардан кем қимыл жасамайды.

Тұңғыш Президенттің теннис спортын елімізде дамытуға деген ниетінің ақтығы, үлкен теннис корттарын көптеп салдырып ғана қоймай, 2014 жылы елімізге атақты испандық теннисші, «Үлкен дулыға» турнирінің 20 дүркін жеңімпазы, Пекин Олимпиадасының чемпионы Рафаэль Надальдің өзін арнайы шақыртып, жастарға шеберлік сабағын өткізуді ұсынған. Президенттің шақыртуын қуана қарсы алған Надаль қасына тағы бір атақты теннисші Жо-Вильфрид Тсонганы қоса ертіп келіп, ел теннисшілеріне білгендерін үйретіп, Нұрсұлтан Әбішұлына Рафаэль өз ракеткасын сыйлаған еді. Кездесу барысында Елбасы теннис спортымен 40 жастан кейін айналыса бастағанын айтып, Надальға Қазақстан халқының құшағы әрдайым ашық екенін жеткізген-ді. Өз кезегінде Рафаэль Елбасымен бір партия ойнауға ниет білдіреді. Бірақ мемлекеттік жұмыстардың көптігіне байланысты, бұл кездесу кейінге қалдырылған болатын. Ал испандық теннисші Отанына ораларда Елбасымен ең болмаса бір сеть ойнай алмай кетіп бара жатқанына өкінетінін жасырмаған болатын. Міне, бұл әлемнің маңдайалды спортшыларының Ұлт көшбасшысына деген құрметінің белгісі.
Теннистен бөлек, Тұңғыш Президент тау шаңғысы спортын да жанына серік еткен. Шымбұлаққа жиі барып, сырғанау сүйікті хоббиларының бірі. Елбасы тауда шаңғыны алғаш рет 55 жасында тепкенін айтады. Бірақ соған қарамастан тез үйреніп алған. Және елімізде барлық маусымға арналған тау шаңғысы курорттарын дамытуға тікелей ұйытқы болды.
Ағылшындар елінде ақсүйектер ойыны саналатын гольфқа да Елбасының құмары ерекше. ТМД аумағында бұл спорт түрі аса қарқынды дамымаса да, Ұлт көшбасшысының бастамасымен Бурабайда гольф клубы ашылғаннан кейін қазақстандықтардың ақсүйектер ойынына қызығушылығы арта түсті.
Ежелден жылқының жалында өскен қазақтың ат спортына құмартпауы мүмкін емес. Бала кезден атқа мінгенді ұнататын Нұрсұлтан Әбішұлы көкпар тартып, ат құлағында ойнайтыны да бар. Тіпті өңірлерге шыққан іссапарларында бір мезгіл Қамбар ата төлін тізгіндеп, серуендейтіні жұрт жадында. Бұл қазақы қандағы қасиеттің белгісі.
Бұдан бөлек, Президент елімізде ат спортынан өтіп жататын халықаралық додаларға уақыт тауып, арнайы баратын. Және «Президент кубогы» сарапқа салынған талай айтулы аламандарға қатысып, тамашалады да. Оған қоса «Мұндай халықаралық жарыс Қазақстанда ат спортын дамытуға қуатты серпін береді. Осындай турнирлердің арқасында біздің еліміз әлемдік ат спорты орталығының біріне айналып отыр», деп бағасын берді.

Иә, Елбасы спорт саласын дамытуға байланысты тек мемлекеттік маңызды жобаларға жан бітіріп қана қоймай, жеке басының салауаттылығымен де көпке үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Жоғарыда аталған спорт түрлерінен бөлек, Мемлекет басшысының суда жақсы жүзетін қабілеті де бар. Бұл сөз жоқ, Нұрсұлтан Әбішұлын нағыз «Спортшы Президент» деп атауға болатынын айғақтап тұр.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.