Астанаға 20 жыл

Елбасы мен Елорда – егіз ұғым

Бір сәтке еске алайықшы, егемендіктің алғашқы жылдары елдегі ахуал аса күрделі еді ғой. Дәл бүгінгідей тірлік өңімізге емес, түсімізге де кірмейтін. Десек те, өмір тез өзгерді. Бүгінде мемлекетіміз әлемнің озық елдерімен бәсекеге түсіп отырғаны баршаға белгілі жағдай. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаткерлігінің арқасында дүниежүзі қазақ деген халықтың бар екенін білді. Әлем картасынан Қазақстанды, оның Елордасын жазбай танитын болды. Қазақстан 1997 жылы ТМД елдерінің ішінде тұңғыш рет қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасын қабылдады, оны небәрі 15 жылда жүйелі түрде жүзеге асырып, бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарында сап түзеді. Оның сыры неде? Әрине, Назарбаев феноменінде!

Елбасы Қазақстанды экономи­ка­лық, демократиялық және де әлеуметтік реформалар тұрғысынан аймақтағы көшбасшы етіп қана қоймай, елді орасан зор жетістіктерге жеткізді. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Президент ішкі және сыртқы саясаттағы іс-әрекеттерді сабақтастыра өріп, жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Мемлекеттің болашағын анықтайтын, қоғамның жан-жақты дамуының басты басымдықтарын зерделейтін негізгі заңымыз Конституция қабылданып, көппалаталы Парламент әлеуметтік-экономикалық дамудың құқықтық негіздерін қалады.

Қазақ елінің толағай табыстарын басқалармен салыстыратын болсақ, ол көптеген мемлекеттердің бір ғасырдан астам уақытта жетпеген көрсеткіштері еді. Мысалы, табиғи байлығы мол Оңтүстік Америка құрлығындағы елдердің бодандықтан құтылған бір ғасырдан астам уақыттағы даму жолын Қазақстан небәрі 15-16 жылда-ақ басып өтті. Ол ел ішіндегі бірлік пен береке, экономиканың бірқалыпты дамуы және салиқалы ішкі және сыртқы саясаттың жемісі еді. Елбасы бастамасымен осы кезеңде Тәуелсіз Қазақстан ішкі саясатта көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Айталық, елдің шекарасы шегенделіп, армия құрылды және мемлекеттік институттар қалыптасып, төл ақшамыз – теңге айналымға енді. Мемлекеттік рәміздеріміз – Елтаңба, Әнұран, Ту қабылданды. Сарыарқа төсінде Қазақ елінің тәуелсіздігінің нышаны іспеттес әсем қаламыз Астананың бой көтеруі де ауыз толтырып айтуға тұрарлық ғаламат жетістік.

Жиырма жыл тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен осынау аз ғана уақыттың ішінде Елордамыз дәулеті тасып, сәулеті асқан сұлу шаһарлардың біріне айналды. Жалпы, Қазақстан көшбасшысына Елордамызды Алматыдан Ақмола­ға көшіру идеясы тосыннан келмеген еді. Оны Елбасымыз өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында жан-жақты жазған болатын. «Баяғы бір уақытта Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы кезімде менің қолыма академик Қаныш Сәтбаевтың баянхатының түскені бар. Ол анау-мынау емес, Қазақ КСР-нің астанасын Қазақстанның географиялық орталығы Қарағандыны не Целиноградқа көшіруді ұсыныпты. Ардақты ғалым, ардагер қайраткер өз дәлелдерінің бірі ретінде осындай байтақ республиканың астанасы елдің әлдебір түкпірінде болмауы тиістігін келтірген. Оның үстіне арадағы қарым-қатынас сол уақытта нашарлап тұрған Қытай Халық Республикасымен шекара да тым іргеде. Есімде қалғаны: осы елеулі мәні бар баянхат Мәскеуге жіберілген екен. Мұндай мәселелер Мәскеусіз шешілмек түгілі, қолға да алынбайтын еді ғой. Мәскеу: «Басқа істейтін істерің жоқ па?», – деп, келте кесіпті. Сондықтан, Қазақстанның астанасын республиканың солтүстігіне қарай, орталыққа қоныстандыру тәуелсіздіктің елең-алаңында күнтәртібінде тұрған ең өзекті мәселе еді» дейді. Мұны Елбасымыз анық байқап, аз ғана уақыттың ішінде елордамызды Сарыарқа төріне қоныстандырды. Міне осылайша, әлем картасында орын алған Астанамыз бүгінде жаһан жұртшылығын аузына қаратқан айшықты қалаға айналды.

Расында, Тәуелсіздік туы көгімізде желбіреген күннен бастап, еліміз үшін жаңа тарих басталды. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев үлкен мақсаттарды алға қойды. Осы тұста Елбасымыздың көкірегінде қайнап піскен, Елорданы Ақмолаға көшіру туралы идеясы ешбір кедергіге, кейбіреулердің күдіктеріне қарамастан іске асып, бүгінде ел мақтанышына айналып, тарих беттерінде алтын әріптермен жазылды. Осылайша, Астана 20 жылдың ішінде әлемге танылды және елімізді әлемге танытты. Ондағы зәулім сарайлар мен сәулетті үйлер бір-бірімен үйлесіп, қаланың көркіне көрік қосып, ажарын аша түсті. Астананың көркіне өркениетті елдер таңдана да тамсана қарауда. Сондықтан, бас қала – ең алдымен Елбасымыздың ерен еңбегі мен ерлігі. Қазақстанның жаңа тарихының шынайы бейнесі. Сол себепті, Елбасы мен Елорда – егіз ұғым!
Тарихи қысқа мерзімде бүкіл әлем қазақ деген халықтың бар екендігін білсе, дүниежүзі картасынан Қазақстанды, оның Елордасы Астананы жазбай таныса, ол Тұңғыш Президентіміз, Қазақстан топырағындағы жасампаздық құбылыстардың иесі Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Олай болса, Нұрсұлтан Әбішұлы көрсеткен даму даңғылымыз – «Нұрлы жолмен» биік белестерге жете берейік!

Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ,
облыстың Құрметті азаматы,
қоғам қайраткері, саясаттанушы

ПІКІР