Жамбыл жаңалықтары

Елбасы облыс әкіміне және өңір тұрғындарына алғыс білдірді

Құрметті Асқар Исабекұлы!
Сізді және бүкіл Жамбыл облысының жұртшылығын Астананың 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіз Қазақстанның символы саналатын бас қаламыздың айтулы мерейтойы – барша қазақстандықтарға ортақ қуаныш. Сарыарқа төсіне қазығын қаққан еңселі Елордамызды тұрғызуға бүкіл халқымыз жұмыла атсалысты. «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Жамбыл облысы да Елордаға ерекше сый жасады. Ұзақ қашықтықты қамтитын және толық жабдықталған велосипед жолағы адамдарға арналған қаладағы заманауи ортаның маңызды құрамдас бөлігі саналады. Бұл велосипед жолағы саламатты өмір салтын насихаттап, Елордада жаппай спортпен шұғылдану үрдісін дамытуға септігін тигізетін болады. Астананы көркейтуге зор үлес қосқан Сізге және өңір тұрғындарына шынайы ризашылығымды білдіремін.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Жуырда Тәуелсіз Қазақстанның теңдессіз жауһары – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланды. Есіл жағасындағы ерке қаланың туған күніне дайындық жұмыстары жыл басынан басталып, айшықты мерекеге жұрт жұмыла атсалысқан-ды. Сарыарқа төсіндегі бас қаланың мерейтойына еліміздің әр өңірі өз тартуларын жасап, Елорданың ажарын ашуға үлестерін қосты. Әрине, бұл қатардан әулиеаталықтар да қалыс қалған жоқ.

Мерейлі мерекеге орай, еліміздің аймақтары Астана қаласында бірқатар абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, қаланы көріктендіруде өз қолтаңбаларын қалдырды. Атап айтқанда, «Арай-2», «Астана-Арена» және Жеңіс пен Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысындағы скверлер жаңа кейіпке еніп, «Бейбітшілік қабырғасы» нысаны, «Қазақ еліне мың алғыс» монументі, «Достық сарайы», «Неке қию сарайы», 240 орындық балабақша, зымыран және ғарыштық техника мұражайы, Есіл өзені арқылы өтетін велосипед және жаяу жүргіншілер көпірі мен жолақтардың құрылыстары аяқталып, елордалықтардың игілігіне берілді. Әсіресе, астаналықтар заманауи велосипед жолағы құрылысына дән риза. Көп көңілінен шыққан веложолдың жалпы ұзындығы 43,92 шақырым. Құны 2588,312 миллион теңге болатын жобаны «НИПИ «Астанагенплан» ЖШС дайындаған. Аталған нысанның құрылыс жұмыстарына 6 облыс өз үлестерін қосқан болатын. Оның ішінде Жамбыл облысы «Велосипед көлігінің инфрақұрылымы» нысанының №3 жер телімін жүзеге асырды. Ұзындығы 12,36 шақырым болатын веложолдың құрылысына облыстық бюджеттен 470,9 миллион теңге бөлінген. Ондағы жұмыстарды мердігер компания «Арайстроймаркет-2003» ЖШС жүргізген. Серіктестік құрылыс жұмыстарын мамыр айында бастап, маусым айының аяғында толықтай бітірді. Велосипед жолағы бойында қоқысқа арналған жәшіктер, орындықтар, шайтанарба тұрақтары және сәйкестендіру белгілері орнатылған. Сонымен қатар, велосипед жолының бойына Жамбыл облысы атынан екі бірдей монумент қойылған.

Есіл ауданының Достық көшесінен Қабанбай батыр даңғылына дейінгі аралықты қамтитын велосипед жолы бүгінде елордалықтардың сүйікті орнына айналып отыр. Көз жауын алатын жол Елбасының да назарынан тыс қалмаған. Осыған орай, Мемлекет басшысы өңірдің Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы аясында қосқан үлесін айта отырып, облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен аймақ тұрғындарына Алғыс хатын жолдады. Хатта Президент өңір басшысы мен жамбылдықтарды Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін білдірген.

Жас қаланың басты көшелеріне салынған бұл жолақпен тек астаналықтар ғана емес, сонда еңбек етіп жатқан тараздықтар да мақтанады. Себебі, Астанаға деген туған жердің тартуы олар үшін де мәртебе.

– Бүгінде халықтық мерекеге айналған Астана қаласының 20 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Бас қаламыздың туған күніне еліміздің әр өңірі өз тартуларын жасап, көркіне көз тоймайтын шаһарды одан сайын құлпырта түсті. Әрине, бұл қатарда туған жерім Жамбыл облысының жасаған тартуының алар орны айрықша. Негізінен, жұмыс кеңсем Есіл ауданында орналасқандықтан күнделікті Достық көшесі және Қабанбай батыр даңғылы бойымен қатынаймын. Осы аталған көшелердің бойындағы велосипед жолын жерлестерім салып бергендігін білгенімде бойымды қуаныш кернегенін жасыра алмаймын. Ондағы құрылыстың сапасынан өзге орнатылған қос монумент те Тараздың һәм тарихтың иісі аңқып тұрғандай сезіледі. Әрі монументтегі «Тараз» жазуын көрген көзге оттай басылады, – дейді жерлесіміз, республикалық «Өмірлік таңдау» жұмысшы мамандықтарын дәріптеу жобасының менеджері Сұлтан Темірлан.

Расында, бас қаламыз күн санап көркейіп, тотыдай таранып келеді. Азияның кіндігіне баланған Астана келбетінің әсемденіп, құлпыруында әулиеаталықтардың да қолтаңбасы жатыр. Сондықтан, еліміз егемендік алып еңсе тіктегелі мемлекетіміздің мөріндей болған Елорданың өсіп-өркендеуі, барша қазақстандықтардың ортақ мақтанышы.

«ARAI»-ақпарат

ПІКІР