"Нұр Отан"

Елбасы ұсынған лайықты үміткер

Written by Aray2005

Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын съезд делегаттары бірауыздан қолдады

Сейсенбі күні «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезі өтіп, онда күн тәртібіне сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті сайлауына партия атынан түсетін кандидатты ұсыну жөнінде мәселе қаралды.

Съезді партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев ашып, жүргізіп отырды. Ол съезге аймақтық партия конференцияларында сайланған делегаттар, Парламент депутаттары, мем­лекеттік органдардың басшылары, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері қатысып отыр­ға­нын жариялады. Съезге 630 делегат сай­лан­ған болса, соның 623-і қатысып отыр­ғаны да хабарланды. Одан әрі күн тәртібі бе­кі­тіліп, съезд өзінің жұмысын бастап кетті.
Сөз кезегі алдымен партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді. Өзінің сөзінде Елбасы Қазақстанның жаңа кезеңге қадам басып отырғанын айта келіп, «19 нау­рызда мен президенттік өкілеттігімді тоқтаттым. Еліміздің жарқын болашағы үшін ойланып, толғанып, осындай оңай емес шешім қабылдадым. Мемлекетті басқаруға басшылардың жаңа буыны келетін заман болды. Уақыт солай, өмір солай. Бұл іс Қазақстанның абыройын арттырып, беделін биіктете түседі деп сенемін. Біздің қазіргі шешіміміз соған қолдау көрсетіп, жағдай жасайтын болады», деді.
Одан әрі Елбасы ауыр дағдарыс жағ­дайында басталған тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру жолы оңай болмағанын еске салды.
– Экономиканың жаппай күй­реуі халықтың басым көпшілігін күйзеліске ұшыратты. Көптеген сарапшы эт­носаралық шиеленістер мен қақтығыстар болады деп болжам жасады. Бірақ біз өзіміздің егемен елімізде бейбітшілік пен келісім жағдайында өмір сүруге лайықты екенімізді бүкіл әлемге дәлелдедік. Менің «алдымен экономика, сосын саясат» деген негізгі қағидатым дәлелденді, – деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті дұрыс жүргізілген саясаттың арқасында елі­міздің посткеңестік кеңістіктегі қар­қынды дамып келе жатқан мемлекетке айналғанын айтты. «Nur Otan» партиясының Төрағасы жолдардың құрылысы мен қайта жөнделуінің зор нәтижелерін атап өтіп, тәуелсіздік жылдарындағы қа­зақ­­стан­­дықтар табысының өсіміне тоқ­талды.
– Біз үшін ең қиын болған жылдарда мен мыңдаған жас қазақстандықты әлемнің үздік университеттеріне жі­бер­дім. Бүгінде озық білім беру жүйесін Қазақстанда қалыптастырамыз. Оның өзегі Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Назарбаев Университеті болмақ, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақ­тау ісі мен мәдениет саласындағы жетіс­тіктерге де тоқталды.
– Маған өз халқыммен бірге тәуелсіз Қазақстанды құру мәртебесі бұйырғанын мақтан тұтамын. Қиын заманға қарамастан халқым менің бастамаларыма әрдайым қолдау көрсетті. Соның арқасында біз бар­­лық нәтижеге қол жеткіздік. Мен елі­­міздің халқына ризашылығымды біл­ді­ремін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті.
Сонымен қатар «Nur Otan» партиясы­ның Төрағасы Қазақстанның одан әрі табыс­ты дамуын біздің бағдарымыздың сабақ­тастығы ғана қамтамасыз ететінін айтты.
– Төртінші өнеркәсіптік революция талаптарына сәйкес елімізді техно­ло­гиялық және инфрақұрылымдық тұр­ғыдан дамытудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Цифрландыру және инновацияны енгізу есебінен еңбек өнімділігі мен экономиканың бәсекеге қабілеттілігі артты. Осы ауқымды жұмыстардың бәрі бүкіл қазақстан­дық­тардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Конституция бойынша өзіне бекітілген өкілеттіліктерге сәйкес Отанымызды өркендету үшін жұмыс істей беретінін айтты.
– Мен Төраға болып қала беретін Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында атқаратын жұмыстар көп. Қоғамдық келісім мен ұлтымыздың бірлігін нығайту үшін ісімізді жалғастыра береміз. Қа­уіп­сіздік Кеңесін басқара отырып, мен өзім­нің көпжылдық тәжірибемді ішкі жә­не сыртқы саясатты анықтай отырып, елі­мізді дамытудың бірқатар негізгі мәсе­лелерін шешуге бағыттаймын. Мен бұрын­ғысынша ең ірі «Nur Otan» саяси пар­тиясының Төрағасы болып қала беремін, –
деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев таңдап алған саяси және экономикалық бағдар сабақтастығының сақталуына партия ке­піл болуға және белгіленген мін­дет­тердің бәрін жүзеге асыруға тиіс екенін айтты.
– Жаңғырудың тиімділігін, соның ішінде партияның «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі» және «Халыққа көмек» жобаларын жүзеге асыру аясында әрбір қазақстандықтың қам­қорлықты сезінуіне қол жеткізуіміз керек, – деді «Nur Otan» партиясының Төрағасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті ел азаматтарынан өз атына көп­теген хаттар келіп жатқанын айтып, қазақ­стан­дықтардың достығы мен құқықтарының теңдігі өзгермейтініне сенім білдірді.
Одан әрі Нұрсұлтан Назарбаев Қа­сым-Жомарт Тоқаевты еліміздегі жоғары лауазымға лайықты үміткер ретінде атап, оның Отан алдындағы сіңірген еңбегі мен жеткен жетістіктеріне тоқталды.
– Қасым-Жомарт Тоқаев менімен бірге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бас­тап қызметтің түрлі саласында жұмыс іс­те­ді. Ол – ұзақ жылдар Сыртқы істер министр­лі­гі­не жетекшілік етіп, Қазақстанның сырт­қы саясатын бірге қалыптастыруға атсалыс­қан­дар­дың бірі. Оның дипломатиялық дәрежесі шетелде жоғары бағаланады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшы­сы­ның орынбасары болғанын және тәжірибелі мемлекет саясат­кері екенін жақсы білесіздер, – деді Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті.
Сондай-ақ Елбасы республикалық қоғамдық сайлау штабының жұмысын үйлестіруді тапсырып, азаматтардың барлық санатымен жұмыс жүргізудің қажеттілігіне назар аударды.
Сөзінің соңында Елбасы қазіргі жағдайда тұрақты дамып, өсіп-өркендеу үшін халықтың бірлігі бекем болуы және барша қазақстандықтардың бірлесе күш-жұмылдыруы қажет екенін атап өтті.
– Біз бұл кезеңді еш қиындықсыз еңсеретінімізге сенімдімін. Біздің мақ­сатымыз – халқымыздың әл-ауқатын арт­тыру және елімізді одан әрі ілгері­лету. Мемлекетке құрмет көрсету, азамат­тардың бір-бірін сыйлауы – тұрақты­лық­тың белгісі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Партия Төрағасы сөзін аяқтаған соң съезд жұмысын жүргізіп отырған Мәулен Әшімбаев оның стратегиялық саясатының са­бақтастығын және алда қойылған мін­дет­терді қамтамасыз ету үшін барлық қа­жет­ті іс-шаралар атқарылады деп сендірді.
Одан әрі күн тәртібіндегі мәселені тал­қылау басталды. Алғашқы болып сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов бүгінгі съездің ел тарихының тағдыршешті кезеңіне дөп келіп тұрғанын айтты.
– Өткен айдың 19-ы күні Тұңғыш Пре­зи­дентіміздің халқымызға жүрек­жарды Үндеуі жарияланып, ол пре­зи­денттік билігін өз еркімен тоқтатып, ендігі жерде билік тізгінін Ата Заңымызға сәйкес, Пар­ламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлына ұсынатынын мә­лім­деді. Әрине, бұл тарихи шешім­нің оңай болмағанына халқымыз түсіністікпен қол­дау білдірген болатын. Елбасының тағылымды шешімі ел ішінде ғана емес, халықаралық алаңда да үлкен резо­нанс тудырды. Әлемдік ақпарат құрал­дарында іле-шала жарық көрген саясат­кер­лердің пікірлері еліміздегі прези­денттік билік алмасу үдерісінің консти­туциялық заңға сәйкес ұласқанын атап жатты. Бұл еліміздің болашақ көш­бас­шы­ларына ауадай қажет саяси билік сабақ­тастығының ерекше үлгісі болды. Екіншіден, еліміздің маңдайына қон­ған егемендік жылдары қол жеткен биік­терден көкжиекке көз жіберсек, 1991 жы­лы бір сәтте шашылып қалған Кеңес өкі­метінің күйрендісінен қайта түлеген Қа­зақ елі бүгінгі таңда сындарлы ішкі сая­сат пен көпвекторлы сыртқы саясаттың арқасында мемлекеттік билік институттарын толық қалыптастырып, экономикалық дамудың тұрақты жолына түсті. Мәдени мұраларымызды қайта тірілтіп, талантты жастарға білім ұштауға үлкен жол ашып берді.
Елбасының тікелей бастамасы­мен «Болашақ» стипендиясы аясында 1993 жылдан бері 10 мыңнан астам қа­зақ­стандық жас мұхит асып, шетелдік универ­ситеттерде білім жетілдіріп, бұл күн­де ел экономикасының дамуына өз үлес­терін қосуда. Сондай-ақ ел-жұрттың ден­саулығын құнттауға бағытталған озық медициналық кластерлер де жолға қойылды. Қарулы күштеріміз күшейіп, ел қауіпсіздігі нығайтылып, эконо­миканың қозғаушы күші болып табы­латын қаржы институттары, оның ішінде заманауи Астана халықаралық қаржы орталығы да құрылды. Тұңғыш Президенттің тікелей бастамасымен елор­дада «ЭКСПО – 2017: болашақ энергиясы» айдарымен өткен халықаралық көрме де еліміздің рухын оятып, діттеген мақсатқа жетті.
Өткен айда жарияланған тарихи Үн­деуінде Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаев­ты билік тізгінін ұстауға ең лайықты тұлға деген еді. Енді міне, бүгінгі съезде Пре­зидент сайлауына «Nur Otan» партия­сының атынан ұсынылатын бірегей кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы екенін Елбасы түбегейлі айшықтады. Бұл ұсынысты съезд делегаттары ғана емес, халқымыз да, БҰҰ секілді іргелі халықаралық ұйымдар да қолдайтыны күмәнсіз. Өйткені Қасым-Жомарт Кемелұлының өзіңізбен ширек ғасыр үзеңгілес бола жүріп, еліміздің ішкі-сыртқы саясатына сіңірген сүбелі еңбегі мен дипломатиялық аренадағы салмағын әлем қауымдастығы да өте жақсы біледі, –
деп атап өтті Ә.Ахметов.
Қасым-Жомарт Кемелұлы ел бірлігі мен тұтастық туын түзу ұстап, қа­сиетті де қастерлі егемендігімізді көз­дің қарашығындай сақтап, еліміздің ха­лық­аралық аренадағы абырой-атағын асқақ­татарына сенімді екенін айтты.
Келесі сөз кезегі Атырау облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық фи­лиа­лының төрағасы Нұрлан Ноғаевқа берілді.
– Тәуелсіздігіміздің таңы бозарып атқан 90-жылдары, болашағымыз бұлыңғыр болды, мемлекетімізді де, халқымызды да дүниежүзінің көбі білген жоқ. Сол кездері саясатта, экономикада, әлеуметтік салада Тұңғыш Президенттің қабылдаған батыл шешімдері уақытылы, дер кезінде қабылдаған шешім екенін бүгінгі күннің биігінен тарих дәлелдеп отыр. Ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымының арқасында Елбасына сенген әлемдегі Chevron, Exxonmobil, ENi, Total, Shell секілді алпауыт инвес­торлар еліміздің экономикасына аса ірі көлемде инвестициялар құйды. Ел эко­но­микасы қысқа мерзімде аяққа тұрып, қарқынды даму жүйесіне түсіп, әлем­дік деңгейдегі ірі жобалар нәтижелі жүзеге асты. Қазіргі таңда, төрткүл дү­ниені қаржылық дағдарыс шарпып отыр­ған жағдайда, шетелдік инвесторлар Ел­басына сеніп, тәуелсіздігіміздің мұнай-газ секторындағы алғашқы қарлығаштары –
«Теңіз», «Қарашығанақ», «Қашаған» жоба­ла­рын кеңейтуде. Тек «Теңіз» жобасын кеңейтуге 37 миллиард доллар инвес­тиция салынады.
Былтыр бұрын-соңды болмаған ре­кордтық 90 миллион тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілді. Еліміз әлемдегі ірі мұнай өндіруші мемлекеттер қатарына қосылды. Үш мұнай өңдеу зауытының технологиялық жаңғыртылуы аяқталып, халықаралық стандартқа сай бензин мен авиациялық керосиннің өндірісі еліміздің өз қажеттілігін толық қамтамасыз етті.
Тұңғыш Президенттің басшылығымен іске асып жатқан индустрияландыру сая­саты­ның бірегей жобасы – «Атырау газ-химия ке­ше­ні­не» осы саланың көш­бас­шы­лары – шетелдік инвесторлар 6,5 миллиард доллар салуға ниетті. «Нұрлы жол» бағ­дарламасы аясында өңірлерде сапалы автомобиль жолдарының құрылысы жүр­гізілуде, соның бірі «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» тасжолының жаңғырту жұ­мыстарының басталуын тұрғындар үлкен қуанышпен қабылдады.
Іске асып жатқан мемлекеттік бағдар­ламалар арқасында барлық өңірлерде әлеуметтік нысандар бой көтеріп, инфра­құрылым дамып, қазақстандықтардың тұр­мысы жақсарып, әл-ауқаты артты. Атырау облысында тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдарымен салыстырғанда тұр­ғын үй салу көрсеткіші бес есеге артып, ол жылына 800 мың шаршы метрді құ­рады. Тұрғын үй қоры 2001 жылмен са­лыстырғанда екі есеге өсіп, 12,5 миллион шаршы метр болды.
«Nur Otan» партиясының XVIII съезінде жария етілген «Халыққа көмек», «Ба­қыт­ты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» партиялық жобалары өңірлерде бастау алып, азаматтардың мұқтажына дәйекті жауап және үлкен қолдау болды. Өңірімізде көпбалалы аналарға жәр­демдесуге бағытталған «Isker ana» жо­басы іске қосылып, ниет білдірген 500-ден астам ананың бүгінгі күні 100-і 8 мамандық бойынша білім алды, курс­ты сәтті аяқтаған қатысушыға өз істерін бастау үшін гранттар беру көзделуде.
Алдымызда тұрған ендігі басты мақсат – Тұңғыш Президентіміз – Елбасы саясатының алтын арқауы, басты өзегі болған ел бірлігі мен ынтымағының жара­сымды жалғасын қамтамасыз ету. Елба­сының сенімді көмекшісі, үзеңгілес сері­гі, әлемдік саясаттың аужайын жақ­сы түсінетін, ел мүддесі жолында қажет шешім қабылдай алатын саясаткер ре­тінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Елба­сы­ның стратегиялық бастамаларын жалғас­тырып, халқымызды бір мақсат, бір мүд­деге жұмылдыра алатынына сенім­діміз, – деді ол.
Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясы төрағасының орынбасары Ирина Аронова өз сөзін «Бүгін біз ерекше съезд өткізіп отырмыз», деп бастады.
– Бүгінгі оқиға Қазақстан тарихының жаңа бетіне жазылары анық. Өйткені ол еліміздің болашақ тағдырын айқын­дайды. Тұңғыш Президенттің өз өкілет­тігін мерзімінен бұрын тоқтатқаны миллион­даған қазақстандықтарды толғандырған оқиға болды. Алайда бұл оқиға Елбасы сипатының тағы бір күшін көрсетті.
Тұңғыш Президент әрқашанда хал­қы­мен бірге болып, өзінің дана шешім­дерімен бізді қолдап отыратынына сенімдімін. Оның ең дұрыс және бірден-бір тапқыр шешімдері Қазақстанның көркейе түсуіне әлі де қызмет ететін болады, – деді ол.
Елбасының «Елдің ең басты саяси күші болу дегеніміз – бұл басқару емес, қызмет ету» деген сөзін еске алған И.Аронова, бұл сөздер барлық нұротан­дық­тардың негізгі лейтмотиві болатынын атап өтті.
– Тәуелсіздік жылдарында біз бұрын мүлде аталмаған биік табыстарға қол жеткіздік, біздің партиямыз елдегі не­гізгі саяси күшке айналды. Ол көп­ші­лік халықтың партиясы атағына да қол жеткізді. Соның бәрі партия көш­бас­шы­сының халық арасындағы зор беделінің арқасында болды, – деді.
Сондай-ақ ол 90-жылдары Ел­ба­сының Қостанай облысы диқандарымен кездескенде айтқан: «Жер қанша керек болса, сонша алыңдар! Менің сендерге одан басқа қазір беретінім жоқ», деген сөз­дерін еске алып, оның әрқашанда ха­лықпен жақын болғанын еске салды.
Сөзінің соңында И.Аронова Елба­сы­ның ұсынған кандидатурасын нұр­отан­дықтардың бір кісідей қолдайтын­дықтарына сенім білдірді.
Ал спорт ардагері, Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров­тің айтуынша, қаласы нұрға, да­ласы жырға толы мем­лекетіміздің ме­рейі үстем, келешегі кемел екені баршаға аян.
– Ұлы дала елі – Елбасының парасат­ты шешімі, ерен ерлігінің арқасында әлем­дегі қарыштап дамыған 50 мемле­кет­тің бірі ретінде еңсе тіктеді. Күллі әлем Қазақстанның әлеуетін мойында­ды. Әлеуметтік-экономи­ка­лық ахуа­лы зор екеніне сенім артты. Тұңғыш Пре­зи­дентіміздің қашанда парасатты ше­шім шығаратын асқақ тұрпаты мен қабі­ле­тіне ел болып сүйсінеміз. 19 наурыз күні президенттік өкілеттікті тоқтатуды ұй­ғар­дыңыз. Осынау асыл ойыңыз алты Алаш­тың жүрегін толқытқаны жасырын емес.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Ке­мел­ұлы сіздің ұлы жолыңызды жал­ғастыруды мұрат етіп, арналы істерді әрі қарай іске асыру туралы жалпы халыққа Үндеу жолдады. 9 маусым күні Президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл дер уақытында қабылданған, өте дұрыс шешім болды. Өйткені ел тұрақтылығы мен әрі қарай дамуындағы негізгі міндеттерді уақыт күттірмей жалғастыруымыз қажет, – деп атап өтті Еңбек Ері.
Ж.Үшкемпіров көк байрағымыз көк жүзінде желбіреген күннен бүгінге дейін ұлы істер жасалғанына, соның бірі ретінде қыдыр дарыған «Жер жаннаты Жетісу» жеріндегі жетістіктерге де тоқталды.
– Аграрлы аймақ саналатын Алматы облысында 2 миллионнан астам халық бейбіт тұрмыс кешуде. Олардың 80 пайызы ауылдық жерде тұрады. Біз­дің облыс Қа­зақ­станның басқа аймақ­тары секілді сан сала бойынша ел эконо­ми­касының артуына айрықша ықпал етуде.
Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші де жоғары. Қант қызылшасы, жүгері, картоп өндіру ісі бойынша көр­сеткішін жылда жаңартып жатыр. Сол секілді спорт саласында Жетісу жерінен шыққан саңлақтар әлемдік, халықаралық, республикалық дүбірлі додаларда қор­жынды алтынға толтырып келеді. Мә­селен, 2018 жылы 637 спортшымыз жеңіс тұғырынан көрінді. Көк туымызды көкке желбіретті, – деді ол.
Сөзінің соңында Ж.Үшкемпіров пар­тияның осы бір дәулетті, сәулетті бағы­тын әрі қарай жалғастыру қажеттігіне тоқталып, бұл үшін партия ұсынған кандидат – Қасым-Жомарт Тоқаевты бірауыздан қолдайтынын айтты.
Келесі сөз кезегі Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовке берілді.
– Мемлекет тәуелсіздігін алғаннан бергі уақытта елімізде теңдессіз оң өз­ге­рістер жасалды. Қазақстан Республи­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жаңа әрі дамыған Қазақстанның іргесін қала­ды. Зауыттардың тоқтап, азық-түлік тапшы­лығын сезінген 90-жылдары бол­ған үл­кен дағдарысты өткіздік. Ол жыл­дары жекеменшік және жеке кәсіп­керлік деген ұғым да қалыптаспаған болатын, – деген А.Мырзахметов одан әрі Ел­басының ин­весторларға жайлы, ашық эко­номикалық саясат жүргізуінің арқасын­да ел экономикасына 300 миллиард АҚШ дол­ларына тең инвестиция құйылғанын атап өтті.
– Біз қазір әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына ендік. Енді дамыған 30 елдің қатарына ену стратегиясы жүзеге асырылып жатыр, – деді.
А.Мырзахметов елде жүргі­зіліп жат­қан экономикалық рефор­малардың дұ­рыстығына тоқталып, олардың ұтым­ды­лығын саралап берді әрі шағын және орта бизнестің жедел дамып келе жатқанын қанағатпен атап өтті.
– Біздің мақсат – шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 50 пайызға жеткізу. Бұл – Елбасының бизнестің алдына қойған нақты тапсырмаларының бірі. Бүгінгі таңда Қазақстанда бизнеспен 1,2 миллион адам айналысуда. Олар 3 миллионнан артық жұмыс орындарын ашты, –
деген ол сөзінің қорытындысында былай деді:
– Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті сайлауына партия атынан кандидат ұсынылып отыр. Кәсіпкерлік қауымдастығы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стра­те­гиялық бағыты жалғаса беретініне сенімді. Бұл – экономиканы модернизациялау, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен бейбітшілік. Бизнеске ең алдымен тұрақтылық пен ертеңге деген сенімділік керек. Бұл айқын экономикалық жағдайда ғана қалыптасады. Сондықтан партия атынан ұсынылатын кандидаттың Ел­ба­сы бастаған бағытты әрі қарай жал­ғас­тыратынына сенімдіміз.
Өз кезегінде республикалық «Aıqyn» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп ел өміріндегі ең жауапты кезеңде жиналып отырғандарына назар аударды.
– Елбасының президенттік өкілеттігін өз еркімен тоқтату туралы ақыл мен парасатқа толы шешімін саяси сарапшылар «Билік транзитінің қазақстандық үлгісі» деп бағалап жатыр. Кез келген саясаткер үшін мұндай шешім қа­был­дау – үлкен мәселе, – дей келіп, Тұңғыш Президент – Елбасының тарихи ше­шімдеріне тоқталып өтті. Соның ішінде Қазақстанның жаңа даму жолын таңдап, нақты реформаларды жүзеге асыр­ғанын, ата-бабамыз армандаған тәуел­сіз Қазақстанды өз қолымен құр­ғанын, Сарыарқаның төсіне байтақ астана салғанын, шекарамызды шегендеп, ел іргесінен ши де, шу да шықпайтын қылғаны айтылды. Сонымен бірге Елбасының қазақ деген ұлтты айдай әлемге танытқанын, БҰҰ төрінен қазақша саңқылдап сөз сөйлегенін, жүздеген ұлт пен ұлыс өкілдерін біріктіргенін айтты. Ұлттың рухын көтеруге арналған «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларына тоқтала келіп, «Жоғымыз түгенделді! Тарихымыз, көне мәдениетіміз, ұлттық рухымыз қайта жаңғырды!» деген ол, ұлттық баспасөздің де қалыптасып, Қазақстан журналистикасының тәуелсіздік тұсында айтарлықтай шың­дал­ғанын атап айтты. «Елбасымыздың барлық бастамаларының мәні мен маңызын халыққа жеткізу, түсіндіру, насихаттау жолында БАҚ өкілдерінің еңбегі өте зор. Ақиқатты жоқтаған, аталы сөзге тоқтаған елміз. Бүгінгі қазақ журналистикасы – қоғамдағы татулық пен тұрақтылықтың, береке мен бiрлiктiң ұйытқысы. Әсіресе қазақтілді басылымдар Ұлттық Тәуелсіздіктің шынайы жанашырлары болды. Қиналғанға – демеу, мұңайғанға медет болды. Бір заманда Наполеон: «Журналистер – күңкілдек, сыншы әрі кеңесші. Мыңдаған жау әскерінен гөрі, жат пиғылды төрт газеттен көбірек қорқу керек», деген екен. Біздің ұлттық журналистика ешқашан жат пиғылды бола алмайды! Елдік пен Мемлекеттік идея, Ұлттық Тәуелсіздік мәселелері басты басымдық бола береді», –
деді Н.Жүсіп.
Сөзінің қорытындысында кезектен тыс президент сайлауын өткізуді бүкіл Қазақстан халқы қолдап отырғанын айтқан ол: «Съезд ұсынып отырған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев – елге танымал тұлға. Бәріміз жақсы білеміз. Қазақ мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне шынайы жанашыр жан. Елде, халықаралық деңгейде құрметі мен абыройы бар азаматтың қазақ мүддесі үшін адал қызмет жасайтындығына сенім мол», – деді.
Бұдан кейін де бірнеше адам сөз сөйлеп, Елбасы Н.Назарбаев ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтындықтарын білдірді. Жарыссөздер аяқталған соң бұл ұсыныс дауысқа салынғанда барлық делегаттар Қ.Тоқаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Одан әрі Қазақстан Республикасының Президенті, 9 маусымда болатын кезектен тыс президент сайлауында «Nur Otan» партия­сы­ның атынан түсетін үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев сөз алды.
Қ.Тоқаев өзіне зор сенім артып, «Nur Otan» партия­сы атынан Қазақстан Президенттігіне үміткер етіп ұсынған Елбасына шын жүректен алғыс айтты.
– Мемлекетіміздің негізін қалаған ұлы тұлғаның маған артқан жауапкершілік жүгін бүкіл болмысыммен сезінемін! Сондық­тан сенімге серт беріп, үлкен үміттің үдесі­нен шығу үшін бар қажыр-қайратымды жұмсай­мын. Партия Төр­ағасы, Елбасы 19 наурыз күні өзінің тарихи Үндеуінде: «Тәуелсіз Қазақстаны­мызды, ортақ Отанымызды, Мәңгілік еліміз­ді сақтай біліңдер!» деді. Әрбір қазақ­стан­дықтың жүрегіне жол тапқан бұл сөз­дер менің де бойтұмардай бұлжымас ұстанымым болады. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда құбыламыздан жаңылмау үшін біздің бағытымыз айқын! Байтақ елімізді бекемдеп, болашағымыздың бағдарын бекітіп берген Елбасы аманаты бізді биік белестерге жетелейді. Кешегіні ұмытпай, келешекті ұлықтау – киелі Тә­уел­сіздік алдындағы басты парызымыз! – деді.
Сондай-ақ Қ.Тоқаев сайлауда жеңіске жеткен жағдайда Тұңғыш Президенттің стратегиялық жолын, атап айтқанда, әлеу­меттік саясатын, Бес институттық реформасын,«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын және өзге де ауқымды бастамаларын жал­ғастыруды өзіне парыз санайтынын атап көрсетті.
Сөзінің соңында Қ.Тоқаев тарихтың жаңа тарауын бастаған Қазақстан тағы бір маңызды кезеңнің алдында тұрғанын айта келіп, «Осындай аса жауапты сәтте Елбасының сенімі, партияның қолдауы маған ерекше күш-қуат береді! Мен дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, игілік және әділет жолын ту етіп, қарқынды дамуды жал­ғастыруға бар күшімді саламын!» – деді.

Жақсыбай Самрат
(«Egemen Qazaqstan» газеті,
№78 (29557) 24 сәуір, 2019 жыл)

ПІКІР