Мәдениет

«Елбасы жолы. Астана»

Written by Aray2005

Елорда туралы жаңа туынды көрерменге жол тартты

Кеше Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде Тараз жұртшылығы «Елбасы жолы. Астана» фильмінің алғашқы көрсетілімін тамашалады. Кинотуындыда Ұлы дала елордасын Алатау бөктерінен Арқа төсіне көшіру шешімі қабылданған аумалы-төкпелі сындарлы сәттегі тарихи оқиғалар айқын бейнеленген.
Атынан ат үркіп, атағы жер жарған КСРО құлдырағаннан кейін, еліміз мыңдаған жылдар, жүздеген ғасырлар бойы жарғақ құлағы жастыққа тимей армандаған тәуелсіздікке қол жеткізді. Ал Нұрсұлтан Назарбаев сын сағатта халықтың, Ұлы даланың геосаясатын бағдарлап, астананы Алматыдан Ақмолаға көшірді, кейін оның атын Астана деп ауыстырды. Фильм биылғы, яғни, Астананың 20 жылдығы қарсаңында елдің атқамінер азаматтарымен болған Елбасының кезекті бір басқосуынан бастау алды. Жиын барысында Президент аяулы Астананың айтулы мерейтойына орай өзінің жылы лебізін білдіріп, тарихи кезеңнің сән-салтанатын салмақтап отыр.
Осы түста оқиға желісі ойға жетелеп, ең алғашқы Астананы Арқа төсіне көшіру кезеңінің бел ортасынан көрініс табады. Сол тұстағы қиындықтар, жаппай құрылыс пен мемлекет құрудағы ілгері істер, жұмыссыздық пен дағдарыстан дегбірі қашып, құр сүлдері қалған ел өмірі шынайы суреттелген. Дәл өзінің дүниеге келген күні Елбасы Жоғарғы Кеңестің отырысында депутаттардың алдында сөз тізгіндеп, тәуекелмен тосыннан астананы Ақмолаға көшіру жөнінде өткір ұсынысын батыл айтады. Жай ғана айтпай, бұл өзгерістің ел өмірі үшін, саясат пен экономикалық тұрғыда тиімділігін талдап жеткізеді. Бірақ, ұсынысқа қырын қарағандардың алдағы күнге деген сенімсіздігі де кинотуындыда анық баяндалады. Дегенмен, басқосу соңында дауысқа салынған Елбасы ұсынысы қолдау тауып, ел астанасы самала Сарыарқаның төрінен төбе көрсетті.
Фильмнің бас режиссері Ақан Сатаев. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ролін белгілі актер Мұрат Ақманов сомдады. Президенттің дауысын Ерлан Қасымжанұлы айнытпай салған. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихын қалыптастыру, оның ішінде елордамыз Астананы салу жолындағы Тұңғыш Президентіміздің өмір жолы бейнеленген фильмдегі басты рольдерде белгілі актерлер Жан Байжанбаев, Олег Ли, Азат Сейітметов, Асқар Ілиясов, Гүлнар Жақыповалар ойнайды. Фильм тариx xронологиясына сүйене отырып нақты даталармен және сол тұста түсірілген бейнежазбалармен көркемделіп, болған оқиға желісінде түсірілген. Кинотуындының сценарийімен Әділбек Жақсыбеков пен Тимур Жақсылықов айналысса, жалпы фильмнің түсірілімі былтырғы жылдың желтоқсанында басталып, 2018 жылы жазда аяқталыпты. Дәл Тәуелсіздік күні қарсаңында көрерменге жол тартқан «Елбасы жолы» киноэпопеясының жалғасы көпшіліктің көңілінен шықты.
– «Өткеніңді еске алмасаң, болашақтан не қайыр» деп қазақ халқы бекер айтпаған ғой. Өткенді еске алу, ол – тарих. Ал тарихты ұрпаққа жеткізу – ұлық міндет. Сол міндеттің бірі деп осы фильмді айтуға болады. Бұл бұрнағы жылдары жарық көрген «Елбасы жолы» киноэпопеясының жалғасы. Алдыңғы бөлімдерде Елбасымыздың балалық шағын тамашаладық, одан кейін комсомол кезеңінде қызмет істегенін, Теміртауда металлургия саласында еңбек етіп, көш бастап, жастарды, замандастарын, еңбек күштерін болашаққа жетелеуші лидер ретінде таныдық. Енді осы «Елбасы жолы. Астана» фильмінде де болашақ ұрпаққа мол мағлұмат беретін, ел мен Елбасының тәуелсіздік алған алғашқы кезеңінен толыққанды тарихи танымдық, тағылымдық сәттерді тамашалауға болады. Студенттер, мәдениет саласының мамандары, көпшілік халық жоғары баға беріп, алдағы уақытта да қайталап көруге сұраныс білдіріп жатыр. Жалпы туындының ұзақтығы 1 жарым сағат. Көпшілік кинотуындыдан көп ой түйіп қайтты деп ойлаймын. Кино орталығында арнайы кесте бойынша тұрғындар, кез келген уақытта келіп тамашалауына болады, – дейді Жамбыл облыстық кино орталығының директоры Сайлаубек Лесбаев.
Байқағанымыздай, көпшіліктің арасында жастардың да қарасы қалың. Туындыны сілтідей тынып, бастан-аяқ экраннан көз алмай тамашалаған олардың да өз айтары бар.
– Жалпы, кинотуынды көңілі­мізден шықты. Тәуелсіздіктің оңай келмегені, Президентіміздің батыл қадамдары өте шынайы бейнеленген. Қазіргі өзіміз сүйіп көретін заманауи шетелдің кинотуындыларынан сапасы еш кем түспейді. Қайта тәрбиелік мән-маңызы артық деп айтар едім. Себебі, тәуелсіздіктен кейінгі жылдары өмірге келген өзім секілді жастар үшін еліміздің тарихын білу перзенттік парыз деп санаймын, – дейді Өркенжан Лұқман.
Елорда тарихы – елдік шежіресі. Ал, бас қаламыздың қалыптасып, өркендеуінде Елбасымыздың еңбегі ұшан-теңіз. Әрине, бұл айтуға ғана оңай. Жаңа туындыны тамашалаған жұрттың терең ойға шомып қана қоймай, патриотизм рухымен қанаттанып шыққанын аңғардық.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР