«Елбасы жылуы» аясында 200 жанұяға көмек көрсетіледі

0 32

Бүгін Тараз қаласына «Елбасы жылуы» ауқымды қайырымдылық шарасының аясында азық-түлік тиелген жүк көлігі келіп жетті. Қазақсанның Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасымен ұйымдастырылған жоба шеңберінде аз қамтылған көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ, ерекше күтімді қажет ететін балалары бар жанұяларға көмек көрсетілмек.

Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған жоба бойынша 200 тараздық жанұя арнайы себеттер алады. Оның құрамына ұн, сәбіз, картоп, жемістер, күріш, қарақұмық, шай, қант, күнбағыс майы секілді негізгі қажетті азық-түлік түрлері, гигиеналық заттар және басқа да тұрмысқа қажетті ұсақ-түйек енген. Жалпы «Елбасы жылуымен» жеткізілген тауарлардың салмағы 120 тоннаны құрайды.

Жобаның басы-қасында жүрген «Lider.kz» волонтерлар қозғалысының Тараз қаласы мен Жамбыл облысы бойынша үйлестірушісі Николай Чагайдың айтуы бойынша, «Елбасы жылуы» – коронавирус пандемиясынан зардап шеккендерге қолдау көрсетуге бағытталған бастамалардың бірі.

– Тұңғыш Президенттің бастамасымен құрылған «Birgemiz» қорының жұмысы барысында миллиондаған жерлесіміз қаржылай да, азық-түлік түрінде де көмек алып, медициналық заттармен қамтылды. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры қатаң карантиннің алғашқы күндерінен-ақ індетпен күресуге қажеттінің барлығын сатып алуға, медицина қызметкерлерін қолдауға 200 миллион теңге бөлді. Сондай-ақ Қор емдеу мекемелеріне коронавирус инфекциясынан қорғанатын медициналық құралдарды, өкпені жасанды желдету (ИВЛ) апппараттарын алып берді.

Мұқтаж жандарға көмек көрсетуге ұмтылу біздің халқымызға тән қасиет болған, солай болып қала береді де. Коронавирус пандемиясы біздің қоғамда қайырымдылық бастамаларын жүзеге асыруға дайын жандардың көп екенін тағы бір рет көрсетті. Ондай жандардың қатарына «Дегдар» қорының қызметкерлерін, «Lider.kz» волонтерлар қозғалысының мүшелерін жатқызуға болады. Олар Нұрсұлтан Назарбаев Қорымен бірге аймақтарда «Елбасы жылуы» іс-шарасын ұйымдастыруға көмектесіп жүр, – Н. Чагай.

Айта кетейік, осы жылдың сәуірінде ұйымдастырылған алғашқы акция аясында Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстарынан 681 отбасы көмек алған еді. Жобаның екінші кезеңінде қайырымдылық шарасы Талдықорған, Орал қалаларында, сондай-ақ, Алматы және Ақмола облыстарында тұратын 1 мың жанұяны қамтиды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.