"Тарих. Таным. Тағылым."

Елбасының есте қалар ерекше сапарлары

Written by Aray2005

Еліміздің саяси, әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық және мәдени өміріне қатысты іргелі істердің Елбасының тікелей бастамасы және қолдау көрсетуімен қолға алынып, жүзеге асырылатындығы кім-кімге де аян. Міне, осы тұрғыдан келгенде, аумақтағы Қырғызстан, Өзбекстан сияқты көршілес мемлекеттермен келісім жасасу арқылы ғана жолға қойы­ла­тын өзен суларын бөлісіп пайдалану, газ және электр энергиясымен қамтамасыз ету секілді өзекті мәселелердің шешімін табуы, жаңа өндірістік қуаттардың іске қосы­луы, әлеуметтік мәні бар нысандардың пай­да­ла­ну­ға берілуі Елбасының облысымызға жа­са­ған іссапарларымен тығыз байланысты. Мемлекет басшысының әр жолы облыста болып, осындағы қалыптасқан жағдаймен танысуы аумақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуе­тін арттыруға септесетін қарышты қа­дам­дардың жасалуына серпін беретіндей пәрменді шаралардың қолданылуына ықпал етуде.

Мемлекет басшысының Жамбыл өңіріне келген әр сапарына тоқталар болсақ, 1991 жылдың қараша айында келгенінде Әулиеата әуежайында Иранның сыртқы істер министрі Али Акбар Велаятимен келіссөз жүргізді. Сол кездесуде Иран делегациясы бірлескен сауда компаниясын құру және екі ел арасындағы байланысты нығайту мақсатында теңіз, теміржол қатынастарын ашуды ұсынған еді. Осы сапарында Нұрсұлтан Назарбаев дүнген жастары Мұхиддин Шамсудинов пен Насибхон Исмазованың шаңырақ көтерген қуаныштарына ортақтасып, ақжарма тілегін ақтарған болатын.
Еліміз егемендігін алғаннан кейін мемлекеті­міздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 1992 жылдың сәуірінде «Қордай» аграрлық-өндіріс­тік ғылыми бірлестігінің қызметімен танысу мақсатында облысымызға арнайы келді. Сол кездегі облыс әкімі Ө.Байгелдиев Елбасын Қордайдың «Құнарлылық» бірлестігінің, «Селекция» шаруашылықаралық кооперативтік бірлестігінің қызметімен таныстырды. Ауыл шаруашылығын дамытуға қажетті тың техно­ло­гия­лар мен тиімді тәсілдер талқыланды.
Осы жылы маусым айында Президент тағы да облысымыздың ауыл шаруашылығының жұмысын көруге келді.
Алдымен Жамбыл ауданындағы ХХІІ партсъезд атындағы колхоздың қызылша алқабына аялдап, егіннің жай-күйін көрді. Содан соң Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданының егістік алқабына тоқтап, шаруалармен жүздесіп, пікірлесті.
Еліміз тәуелсіздігін алып, егеменді мемлекет ретінде еңсесін тіктей бастаған 1994 жылдың 28 сәуірінде облысқа арнайы келген Нұрсұлтан Әбішұлы химия өнеркәсібі алыптарының бірі – «Химпром» өндірістік бірлестігінде болды. Республика Президенті Жамбыл жерінде өндірілетін жаңа өнім – ферромарганецтің болашағы туралы кеңінен әңгімелеген-ді. Арада небәрі он үш-он төрт жыл өткенде Елбасының сол айтқаны шындыққа айналып, бұрынғы химия кәсіпорнының өндірістік базасы негізінде іске қосылып пайдалануға берілген Жамбыл металлургия зауыты Мемлекет басшысының 2007 жылғы 28 ақпандағы барша қазақстандықтарға арнаған «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауына сәйкес елімізде жүзеге асырылып жатқан серпінді 30 көшбасшы жобаның санатынан табылды.
Жұртшылыққа мәлім, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының орта шенінде бұрынғы унитарлық-тоталитарлық жүйенің тарауына байланысты жылдар бойы қалыптасқан еларалық экономикалық байланыстар үзіліп, соның салдарынан еліміздің оңтүстік өңірлері, оның ішінде Жамбыл облысы да энергетикалық қуат көздерінің жеткіліксіздігін сезіне бастаған-ды. Электр энергиясының тапшылығы, түстіктегі көршіміз Өзбекстаннан құбыр арқылы тасымалданып жеткізілетін табиғи газды көгілдір отын қожайындарының әлсін-әлсін тоқтатып тастауы, әсіресе 1995 жылы белең алды. Бәлкім, сондықтан да болар, сол жылдың 4 қаңтарында облысымыздағы Шу қаласында болып, ел өміріндегі айтулы оқиға – Шу-Арыс станциялары арасындағы жүк және жолаушы тасымалын теміржолмен электр қуаты арқылы қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа желінің тұсаукесер рәсіміне қатысқан Елбасы жыл соңына дейін облыс аумағында тағы да үш рет болып қайтты.
Сол жылдың 2 наурызында келген екінші іссапарында Республика Президенті облыс орталығында өткен Қазақстан әйелдерінің кезекті форумына қатысып, сөз сөйледі. Ал, келесі күні Елбасы республикамыздың оңтүстік өңірлеріндегі электр энергиясын өндіретін бірден-бір ірі кәсіпорын – Жамбыл жылу электр станциясында болып, оның қуаттық мүмкіндіктерімен танысты. Энергетика мәселелеріне қатысты келіссөз жүргізуге Қырғыз Республикасының аумағына жиналған Орта Азия елдері басшыларымен кездесу үшін көрші мемлекетке аттанып кетті. Ал, облыс басшысын ауыстырған қазан айының алтысы күнгі үшінші іссапарында да ұйымдық мәселелермен қатар, экономикаға, энергетикаға байланысты өзекті жайлар талқыланды. Желтоқсан айының 14-і күні келген төртінші іссапарында Мемлекет басшысы бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласында Қырғыз елі мен Өзбекстанның сол кездегі Президенттері Асқар Ақаев және Ислам Каримовпен кездесті. Көрнекті мемлекет қайраткері, халқымыздың біртуар ұлдарының бірі Тұрар Рысқұловтың ескерткішінің ашылу салтанатына қатысып, гүл шоқтарын қойды.
Бұл ретте де энергетика мәселесі негізгі әңгіме өзегіне арқау болғандығы белгілі.
Елбасының республикамыздың ұлан-байтақ аумағының төрттен бірін алып жатқан, халқының үштен бірін құрайтын оңтүстік облыстардың энергетикаға деген сұранысын қамтамасыз етуді мемлекет тұрғысынан шешу мақсатымен жасаған қам-қарекеті, тарих үшін қас-қағым сәт болып саналатын 7-8 жылдың бедерінде-ақ тиісті жемісін әкелді. Ең алдымен еліміз тұтынатын электр энергиясының 40 пайызын өндіретін Павлодар облысынан Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарына электр энергиясын жеткізетін «Солтүстік-Оңтүстік» жоғарғы кернеулі энергокөпірінің алғашқы, сәл кейінірек екінші желісі пайдалануға берілді. Көп ұзамай Қазақстанның оңтүстігінің Өзбекстанның газына тәуелділігін барынша азайтуға септесетін облысымыздағы Амангелді газ кен орны іске қосылып, оның алауын Мемлекет басшысы өз қолымен тұтатты.
Облысымыздың тұрғындары үшін Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жұмыс бабымен өңірімізге келген әр сапарының орны бөлек. Әйтсе де жамбылдықтар уақыт тереңінен сыр тартып, еліміздің өткені мен бүгінгісін сабақтастыратын және түркі халықтарының тағдыры таразы басында безбенделген небір шешуші сын сәттердің, оның әкелген салдарлары мен нәтижелерінің куәсі болған көне шаһардың – облыс орталығының тарихи атауын қайтару жөніндегі Жарлығымен таныстырған Елбасының 1997 жылғы 8 қаңтардағы облысқа іссапарын, 2002 жылғы 26 қыркүйектегі Тараздың 2000 жылдық торқалы тойында Бәйдібек бабаның ескерткішінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзін әрдайым жаймашуақ көңілмен еске алады. Сондағы Мемлекет басшысының айтқан «Біз өз тарихымыздың адамзат тарихымен, күллі өркениет тарихымен тереңнен астасып жатқанына, біздің мүдделеріміздің де адамзаттың бүгінгі және ертеңгі мүдделерімен етене төркіндес екеніне өзіміздің де, өзгелердің де көзін әбден жеткізуіміз керек. Солай екендігін бүгінгі істерімізбен, өткенге деген түсініктерімізбен дәлелдеуіміз керек. Демек, халықтың рухын аласартпай асқақтатып, жанын жасытпай жадыратып тұратын нысаналарын, пір тұтатын біртуар тұлғаларын тарих төріне қайтарғанымыз абзал», – деген аталы сөздерінің «Мәдени мұра» бағдарламасының қабылдануына негіз болғандығын да терең пайыммен түйсінеді. Елбасы халқымыздың қалауымен атап өтілген Тараздың мерейтойына әзірлік барысында республикалық бюджеттен бөлінген қаржының тиімді пайдалануы нәтижесінде жаңадан салынған Жастар сарайының, жаңа замандық сәулет өнерінің талаптарына сай күрделі жөндеуден өткізілген «Баласағұн» концерт залының, облыстық драма театрдың, орталық стадионның, «Дельфин» жүзу бассейнінің, Қали Жүніс шығыс моншасының, Тараз теміржол бекетінің және өзге де әлеуметтік-мәдени нысандардың ғимараттарын тамашалап, шежірелі шаһардың тотыдайын түрленіп, жаңарып жасарғандығының куәсі болды.
Республика Президентінің 1998 жылғы 19 желтоқсандағы, 1999 жылғы 30 шілдедегі, 2003 жылғы 24 наурыздағы облысымызға жасаған іссапарлары аумақтағы өнеркәсіп саласының дамып-өркендеуіне, ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің қайта қалпына келтірілуіне, тұрғындардың әл-ауқат деңгейінің жақсаруына серпін берді. Соның бір нақтылы айғағы ретінде 2005 жылдың 26-27 сәуірінде облыста болып, «Мәдени мұра» және «Тұрғын үй» бағдарламалары аясында жүзеге асырылып жатқан игі істердің барысымен, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында орныққан жағдаймен танысқанда Елбасының «Жамбыл облысының экономикасы 1994 жылмен салыстырғанда он бір есе өсті», деп пікір білдіргенін айтсақ та жеткілікті.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2007 жылдың сәуір айының соңында өңірде болғанында облыс басшыларының ол кісінің назарына аумақтағы қолға алынуы жоспарланып отырған 24 инвестициялық жобаны ұсынып, таныстырғаны жамбылдықтардың жадында. Олай болатын жөні де бар. Өйткені, Елбасының қолдауына ие болған әрі аумақта өндірілетін жалпы ішкі өнімнің көлемін қазіргімен салыстырғанда әлденеше есе арттыруға мүмкіндік туғызатын аталған жобалар бүгінде жемісін беруде.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру үшін ел Үкіметі іске асыра бастаған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша, республикалық бюджеттің есебінен жаңа мектеп, аурухана, емханалар салынып, пайдалануға берілді.
Президенттің 2008 жылғы 8 қазандағы сапары аумақтағы құрамына «Қаратау», «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешендері, «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты», «Минералды тыңайтқыштар зауыты», «Степногор химиялық зауыты», «Шымкент жуғыш заттар зауыты» сияқты өндіріс орындары кіретін және жиырмаға тарта өнім түрлерін өндіретін фосфор химиясы өнеркәсібінің өркендеуіне кеңінен жол ашты. Сол сапарында Елбасы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Жаңа Жамбыл фосфор зауытында» еліміздің химия өндірісін дамытудың кейбір мәселелері жөнінде республикалық кеңес өткізді. Онда Республика Президенті елімізде химия кластерін қалыптастыратын кездің жеткендігін, болжамды қоры 15 миллиард тоннадай болатын фосфор кен орындары бар Қазақстанның шикізаттың осы түрінен дүние жүзінде төртінші орынды иеленетіндігін айтып, химия өндірісін кешенді дамытудың қажеттігін атап көрсеткен-ді.
Елбасының 2009 жылғы қыркүйектегі Әулиеата өңіріне жасаған іссапары облыстың құрылғанына 70 жыл толуы мерекесімен тұспа-тұс келді. Алдымен ат басын «Жасұлан және К» ЖШС-на бұрған Президент Жамбыл тоңазыту комбинатына аялдап, ондағы жұмыстармен танысты. «Бурыл» иініндегі «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған №54 орта мектепте мұғалімдермен жүздесіп, ұжымға автобус сыйлады.
Келер жылы Тараздың төрінен орын алған ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябаққа келіп, көне шаһар жұртымен жүздесті. «Тараз-ПОШ фабрикасы» ЖШС-нің жүн өңдеу фабрикасына барып, топс шығаратын цехтың ашылуына қатысып, лебізін білдірді.
Осыдан кейін Мемлекет басшысы біздің өңірге 2012 жылы мамырда келіп, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы облыстары әкімдерінің қатысуымен аймақтық кеңес өткізді. Содан бір жыл бұрын ашылған «Анета» жекеменшік балабақшасындағы бүлдіршіндердің жай-жағдайымен танысып, өз атынан микроавтобус сыйлады.
Келесі 2013 жылдың қарашасында Жамбыл топырағына табан тіреген Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «І-ХІХ ғасырлардағы Тараз» қалашығы археологиялық қазба жұмыстарын көрді. Сонымен қатар, Төле би Әлібекұлының 350 жылдығына арнап салынған ескерткішіне гүл шоғын қойып, «Қазфосфат» ЖШС филиалы – «Минералды тыңайтқыштар зауытында» алқалы кеңес өткізді. «Тараз-Арена» спорт сарайында спортшылармен сұхбаттасып, Тараз қаласындағы «Жүрек» кардиохирургиялық клиникасына аялдап, ондағы адам өмірі үшін ажалмен арпалысқан ақ халаттылардың еңбектеріне табыс тіледі.
Ал, 2015 жылы 27-28 наурызда жасаған жұмыс сапарында Сейтхан Жошыбаев басқаратын Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында заманауи әдіс-тәсілдермен қатерлі дертке дауа тауып жүрген дәрігерлермен кездесті. Одан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Елімнің тағдыры – менің тағдырым!» атты республикалық іс-шара аясында ұйымдастырылған «Қазақстан – береке мен бірліктің Отаны!» форумына қатысты. «Бәйтерек» ықшамауданында орналасқан Тараз химия-техникалық колледжінде облысымызда білім саласы бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нәтижесімен танысты.
Мемлекет басшысы осы жылдың қазан айында Тараз қаласында тойланған Қазақ хандығының 550 жылдығына арнайы келді. Бұл жолғы сапарын «Әулиеата» халықаралық әуежайының жолаушыларға арналған жаңа терминалын аралаудан бастап, күллі қазақ үшін қастерлі мерейтойға арнап салынған «Қазақ хандығы» монументінің тұсауын кесті. Өткеннің өшпес ізі қалған көне шаһардағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығындағы археологиялық саябақты аралады. Президент «Арайстроймаркет-2003» ЖШС алюминий радиатор шығаратын зауытында болып, еңбеккерлерге сәттілік тіледі.
Ал, 2017 жылы Жамбыл облысына келген Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбев «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінің аумағында бой көтерген Достық үйін аралап, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті. Бір шаңырақ астында татулықты ту еткен жамбылдықтармен емен-жарқын пікірлескен Елбасы мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшірудің маңыздылығына тоқталды.
– Мен сіздерге Өзбекстан мен Түрікменстанға сапар­ларымнан соң келіп отырмын. Біздің кездесулеріміз бен уағдаластықтарымыздың нәтижесінде осыған дейін орын алған кедергілердің барлығы да алынып тасталды. Бүгінде жақын көршілерімізбен тиімді ынтымақтасу үшін барлық жағдай жасалған. Мен тұрақтылық пен халқымыздың бірлігі дамуымыздың кепілі болып саналатынын әрдайым айтып жүремін. Латын әліпбиіне өту мәселесін де дұрыс түсінген жөн. Тіл халқымызды одан әрі біріктіру үшін жетелеуге тиіс, – деді.
Мемлекет басшысы осы сапарында Жамбыл ауданының аумағында орналасқан «КазУпакТрейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытына және шаhардың Айша бибі көшесіндегі жол өткелінің құрылыс жұмысына арнайы барған болатын. Елбасы тапсырған жұмыстар жүйелі жүзеге асып, аталған көпірдің құрылысы аяқталып, қазір тұрғындар игілігіне жарап тұр. Президент жамбылдықтармен жүздесуін «Арай Плаза» бизнес орталығындағы актив жиынында қорытындылаған еді.
Азаттықтың алғашқы жылдарынан тәуелсіз еліміздің тұғырын нықтап, төрткүл дүниеге танылуына жол ашқан Елбасымыздың қасиетті Әулиеата өңіріне деген ықыласы ерекше. Оны Мемлекет басшысының облысымызға жасаған әрбір сапары аңғартып тұрғандай. Тараз қаласының 2000, Қазақ хандығының 550 жылдық тойларының жоғары деңгейде аталып өтуі –тікелей Елбасының тапсырмасымен жүзеге асқан тағылымды тірліктер. Амангелді газ кенішін игеру, химия өнеркәсібін дамыту, ауыл шаруашылығын өркендету сынды маңызды міндеттердің барлығы да Ұлт көшбасшысының сарабдал саясатымен, алысты болжай білетін көрегенділігімен ұштасып жатқан дүниелер. Бүгінде жарқын жобалардың жемісін жамбылдықтар айқын сезінуде.

Сапарғали Әлібай,
Қамар Қарасаева

ПІКІР