«Елді мекендерге әлі де 60 дәрігерлік амбулатория қажет»

0 6

Тарих қойнауына енген 2020 жыл тек біздің елге ғана емес, күллі әлем үшін де үлкен сынаққа толы болды. Әсіресе денсаулықтың адамзат үшін ең басты байлық екенін ұғындық. Енді сиыр жылынан тек жақсылық күтетініміз ақиқат. Дегенмен көпшілікке сабақ болған жылда қандай жұмыстар атқарылғанын, сондай-ақ алдағы жоспарлар мен көздеген межелерді білмек ниетте облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет ҚАЛИЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Әсет Әскерұлы, медицина қызметіне және денсаулықты күтуге айрықша назар аудару керектігін ұқтырған 2020 жыл облысымызда қалай қорытындыланды?
– Өткен жылы медицина қызметін жан-жақты дамытуға айрықша көңіл бөлдірді. Адамзат үшін денсаулықтан артық ешнәрсенің жоқ екенін еске салды. Елімізде бұған дейін де денсаулық сақтау саласына билік тарапынан ерекше көңіл бөлініп, қажетінше қаржы қарастырылып келген. Дегенмен биыл облыстың денсаулық сақтау саласына 91,4 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде материалдық-техникалық базаны нығайтуға 3 934,9 миллион теңге бөлініп, 11 санитарлық автокөлік пен 582 дана медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Сондай-ақ лизингпен 176,4 миллион теңгеге 52 дана санитарлық көлік әкелінді.
Сонымен қатар Мойынқұм аудандық орталық ауруханасының ғимараты мен Шу қалалық ауруханасының жылу жүйесі 143 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтті. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 943,1 миллион теңгеге 10 нысанға күрделі жөндеу, Мойынқұм ауданында 45,4 миллион теңгеге 4 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты халықтың денсаулығы мен өмірін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резервінің есебінен ағымдағы іс-шараларды өткізуге 1053,3 миллион теңге, облыс әкімдігінің резервінен 1884,9 миллион теңге қаржы бөлінді.
Енді жалпы медициналық-демографиялық көрсеткіштерге тоқталсақ, біраз көрсеткіштерден оң динамиканы байқауға болады. Туу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 8,3 пайызға өссе, нәресте өлімі 19 пайызға төмендеген. Туберкулезден өлім-жітім көрсеткіші 19,1 пайызға, қатерлі ісіктен болатын аурушаңдық 13 пайызға төмендеді. Алайда қатерлі ісіктің салдарынан көз жұму 8,3 пайызға өсіп отыр. Сондай-ақ қанайналым жүйесінен аурушаңдық 15,1 пайызға төмендегенімен, қайтыс болу көрсеткіші артқан. Бұл бойынша жоғары көрсеткіш Тараз қаласы мен Меркі, Шу аудандарынан байқалады.
«2020-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласын дамыту» мемлекеттік бағдарламасында әр бағытта 31 индикатор нақтыланған. Аталған индикаторлардың үшеуі бойынша облысымызда әлі де жұмысты күшейту қажеттілігі туындауда.
Үш индикатордың бірі – ана өлімі. Ана өлімінің өткен жылдардан артуының басты себебі – коронавирус инфекциясы. Яғни облысымызда көз жұмған 3 жас босанған ана вирустың салдарынан қаза тапты.
Екіншісі – емдеу мекемелерінің аккредитациялаудан өтуі. Аккредитациядан өткізу үшін арнайы мамандардан құралған комиссия келуі керек еді. Алайда карантиндік шектеулерге байланысты кідіріп қалды. Дегенмен көп ұзамай бұл көрсеткішті де жоспарға сай орындаймыз деген үміттеміз.
Ал осы жылы қол жеткізген жетістіктерімізге тоқталсақ, біріншіден кадр мәселесін атап айтқым келеді. Биыл облысымызға 194 дәрігер келіп, жұмысқа орналасты. Сонымен қатар маман тапшылығын шешу үшін Алматыдағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің облыс орталығында филиалы ашылды.
Тағы бір үлкен жетістігіміз– бірнеше аурудың диагнозын анықтайтын және емге аса қажет заманауи аппараттар алынды. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, тұрғындардың көпшілігі сырқатының нақты диагнозын қойдыру үшін басқа өңірлерге, тіпті шетел асып кетеді. Жүргізген талдау бойынша жылына
3 мыңнан аса облыс тұрғынының дертіне дауа іздеп, басқа өңірлерге кететіні анықталды. Бұл тек ресми тіркелгендері ғана. Одан бөлек жолдама алмай, өз бетінше ем іздеп кетіп жатқандары қаншама. Мәселен, бізде урологиялық аурулар көптеп кездеседі. Аталған ауруға шалдыққан сырқаттарды ешқандай отасыз, қашықтан емдейтін, яғни несеп жолындағы тасты соққы толқынымен үгітумен емдейтін аппарат алынды. Жамбыл облысында 1800-дей адам осы дертпен дәрігердің алдына келеді екен. Енді бұйыртса, биылдан бастап жамбылдықтар ешқайда сабылмай-ақ, өңірімізде дертіне дауа таба алады.
Бүгінге дейін облысымызда құрсақтағы шарананың туабіткен ақауларын алдын ала анықтайтын аппарат жоқ еді. Биыл осындай
4 ультрадыбысты аппаратты алып, іштегі баланы скринингтен өткізуге мүмкіндік туып отыр.
Тағы 3 компьютерлік томография алынып, Тараз қалалық көпбейінді ауруханаға барлық кешенімен орнатылды. Осындай компьютерлік томографияның біреуін Шу ауданына қойдық. Аудандағы жұрт орталыққа сабылмай, өз аудандарынан-ақ ауруды анықтап, тиісті емін алатын болады.
Міне, осылайша бүгінге дейін қолжетімсіз болған медициналық көмектерді өз өңірімізден алуға мүмкіндік жасалды.
Шынын айтқанда, коронавирус денсаулық сақтау саласындағы бірқатар кемшіліктерді көрсетіп берді. Сол олқылықтардың орнын толтыруға барынша күш салынуда. Әсіресе материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Миллиардтаған қаржы бөлінді. Бұл жұмыс уақыт ағымымен әлі де жалғасып, қажетті жабдықтар жаңартыла береді. Ең басты мақсат– халықтың денсаулығын сақтауға қажетті қызметке қолжетімділікті жақсарту, медицина сапасын одан ары жоғарылату.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында елді мекендердегі медициналық қызметтің сапасын арттыруды тапсырған болатын. Биыл 8 ауылға медициналық жылжымалы кешен алынды. Мұндай жылжымалы медициналық кешеннің бұрыннан үшеуі болса, енді 8 кешенмен толықты. Негізі облысымызда 10 аудан болса, енді 11 жылжымалы медициналық кешен әр ауданда халыққа қызмет көрсетеді. Жамбыл облысының бір ерекшелігі – жалпы облыс халқының 60 пайызы ауылдық жерлерде тұрады.
Тағы бір ауыз толтырып айтарлық жаңалығымыз – биыл 92 санитарлық көлік пайдалануға берілді. Лизингпен алынғаны – 65, қалғаны жергілікті бюджет қаражаты арқылы және демеушілердің көмегімен алынды. Қазіргі таңда облыс орталығы Тараз қаласындағы жедел жәрдем стансасындағы санитарлық көліктердің барлығы толығымен жаңарды. Қазіргі санитарлық автокөліктің ішінде науқастың жағдайына қарай алғашқы медициналық көмекті көрсетуге барлық мүмкіндіктер бар. Тіпті жасанды өкпе аппараты да, дәрі құятын құрылғылар да қамтылған. Бір сөзбен айтқанда, ауруханаға барғанға дейін тиісінше ем-домын жасап, уақыт оздырмауға жағдай жасалған. Өте жоғары деңгейде жабдықталған.
Одан бөлек облыста 14 ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілді. Тараз қаласынан құны 13,9 миллиард теңгеге 200 орындық облыстық онкологиялық диспансер салынуда.
– Ал пандемиямен күрес кезінде аянбай қызмет еткен ақ халаттыларға қандай қолдау көрсетілді?
– Әлгінде айтып кеткенімдей, биыл 194 дәрігер облыстың медицина қызметіне алынды. Әлі де 235 медицина қызметкеріне сұраныс бар. Медицина мамандарының жетіспеушілігі ауыл-аймақтарда ғана емес, облыс орталығында да өте өзекті мәселе. Биыл келген 194 маманның 76-сы Тараз қаласында қалды.
Мамандарды қолдау негізінде қызметтік баспана салуға шешім қабылданды. Бүгінге дейін аудандарға келген мамандарға баспана берілген. Бірақ бұл мәселе облыс орталығында шешімін таппаған. Енді осы іс қолға алынбақшы.
Пандемияға байланысты мамандарды оқыту, біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу секілді шаралар тоқтап қалды.
Айта кетейік, індетпен күреске атсалысқан мамандарға үстемақы төленуде. Наурыз айынан бері облысымызда коронавируспен күреске тартылған медицина қызметкерлеріне барлығы 4,5 миллиард теңге үстемақы берілді. Осы тұста ескерерлік бір жайт, ақ халаттылардың індетпен күрестегі қызметі қызыл, сары, жасыл аймақта болуына байланысты әртүрлі көлемде төленеді. Вирусты жұқтырған медицина қызметкерлеріне жалпы 2 миллион теңге әлеуметтік төлем ретінде төленді. Ал осы дерттен қайтыс болған ақ халаттылардың туыстарына да мемлекет тарапынан тиісті көлемде қаржылай көмек көрсетілді. Әрине, ешқандай қаржы жоғалтқан жақынының орнын толтырмайды. Әйткенмен мұны қызмет барысында өмірімен қоштасқандардың өлшеусіз еңбегіне көрсетілген құрмет деп білуіміз керек.
– Елге ауыр соққан індеттің салдарынан облысымыз қанша азаматынан айырылды? Қанша адам вирус жұқтырды?
– Жыл соңына дейін 5 174 жамбылдық азаматтың коронавирус жұқтырғаны анықталды. Ал көз жұмғандар саны 63-ке жетті. Соңғы 2-3 күнде індет жұқтыру көрсеткіші бәсеңдеді. Дегенмен әлі де жұқпа бар екенін естен шығармағанымыз абзал. Әрине, медицина қызметкерлері де вируспен күрес жұмыстарын тоқтаусыз жалғастыра береді.
Осы ретте халықты барынша үйден себепсіз шықпауға шақырамыз. Тығыз жұмыстармен шыққан жағдайда да барынша санитарлық талаптарды сақтаған жөн. Медициналық бетпердені әрдайым пайдаланып жүру қажет. Медициналық қолғапты бәрі бірдей кие бермейтіні белгілі. Дегенмен антисептикпен қолды жиі тазартып, үйде, жұмыс орындарыңызда тазалыққа мұқият болсаңыздар екен дегім келеді. «Тазалық – денсаулық кепілі» дейді халық нақылында. Тазалық бар жерге індет жоламайтынын естен шығармаңыздар. Сол қарапайым ғана әрекеттер арқылы өз өміріңізбен қоса жақындарыңыздың, еліңіздің саулығын қорғайтыныңызды ұмытпасаңыздар екен деймін.
Биыл тамыз айында аталмыш індетті жұқтырып, емделіп шыққандардың ары қарай да күтінуі үшін Тараздағы «Атлетик» спорт кешенінде еліміздегі ең алғашқы оңалту орталығы ашылды. Коронавирусқа шалдыққандар емделіп шыққанымен 5-6 ай күтінуі керек. Міне, сол себепті спорттық кешеннің ішінен 120 орындық оңалту орталығы іске қосылды. Қазірдің өзінде орталықта 521 адам емделіп шықты. Оның ішінде 62-сі медицина қызметкері. Орталықта арнайы гимнастика, оттегі терапиясы, физиопроцедура секілді арнайы ем-домдар жасалады. Мұның бәрі де адамның ауру салдарынан жоғалтқан иммунитетін, күшін қалпына келтіруге көмектеседі.
– Коронавируспен күрес әлі де жалғасып жатыр. Өңір медицинасының оған қарсы тұрар әлеуеті қандай?
– Иә, әлі асқан сақтық пен жіті дайындық қажет. Бүгінгі таңда осы вирусқа шалдыққандарды емдеуге
4 530 төсек-орын дайын. Оның 453-і реанимациялық кереуеттер. Бүгінгі уақытта тек бір ғана орталық іс жүзінде жұмыс істеп тұр. Қалғандарын дайындап қойдық. Қажеттілік туындап жатпағандықтан әлі іске қосқан жоқпыз. Жоғарыда аталған 4 530 төсек-орынның 700-і іске қосылып тұр. Осы 700-дің өзінде 290 науқас жатыр.
Ал мамандардың әзірлігіне келер болсақ, егер сондай қауырт жағдай туындай қалса, дәрігерлеріміз үлгермей жатса, көмекке шақыруға жеке емдеу мекемелерінен мамандарды тартуға келісімшарт жасастық. Және сондай жағдай болса, қажетті мамандарды С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінен алуға облыс әкімі меморандумға қол қойды. Егер ауру көбейіп, дәрігер жетіспей жатса, аталмыш университет бізге 150 маманды қосымша жіберетін болып келісілді. Мысалы анестезиолог, реаниматолог, терапевт секілді тағы да басқа аса қажетті мамандардың тізімін нақтылап, резервте әзірлеп отырмыз.
Осы тұста айта кеткім келеді, облыстағы медицина қызметкерлерін толығымен қорғаныш құралдарымен қамтыдық. Олар түгелдей жеткілікті.
– Аталған вирусқа қарсы салынатын вакцинация өңірімізде қалай және қашан жүргізілмекші?
– Ресейдің «Спутник V» вакцинасы Қарағандыда өндіріле бастады. Ол алдымен тәуекел топтарындағы, яғни медицина және полиция қызметкерлеріне, педагогтарға, балаларға, студенттерге, созылмалы сырқаты барларға егіледі.
Осы коронавирусқа қарсы вакцина облысымыздан да өндірілмекші. Мұны да біздің өңірдің бір жетістігі деп қарағанымыз абзал. Ол зауыттан шыққан вакцина облысымыздың тұрғындары арасынан ерікті түрде қатысуға өзі ниет еткен азаматтарға сынақ ретінде салынады. Осыған қазір тізімін нақтылап жатырмыз.
Әрине, бұл күрделі сырқатқа қарсы салынатындықтан алдын ала адамның денсаулығы жан-жақты тексеріледі. Егер қарама-қарсы көрсеткіштері анықталса салынбайды.
Міне, осындай коронавирусқа қарсы вакцинациямен қамту жоғарылаған кезде, яғни тұрғындардың көбіне салынғанда аталмыш індетті түбегейлі жеңеміз деп ойлаймын. Сол кезде ол індеттің қатері түбірімен жойылады деген үміттемін.
– Келер жылға жобалаған жоспарларыңыз қандай?
– Тірі адам қашанда ертеңіне үлкен үмітпен қарап, көп жақсылық күтеді. Келер жылдан күтер біздің де жақсылықтарымыз жетерлік. Мәселен, бүгінге дейін пайдаланып келе жатқан онкологиялық аурухананың ескі екенін білесіздер. Әлгінде айтқанымдай жаңа ғимарат салынып жатыр. Бұйыртса келесі жылы жаңа онкологиялық аурухана пайдалануға беріледі. Ол да заманауи үлгіде жабдықталған.
Елді мекендерге әлі де 60 дәрігерлік амбулатория қажет. Келесі жылы 20-сын саламыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл да ауыл-аймақтағы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыратын үлкен мүмкіндік.
Билік тарапынан денсаулық сақтау саласына жасалып жатқан қолдаудың арқасында бүгінге дейін өңірімізде қолжетімсіз болған медициналық қызметтерді тұрғындар өз облысымыздан ала алатын болады деген үлкен сенімім бар.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.