Қоғам

Елді сүюдің ерен үлгісі

Written by Aray2005

Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік іс-шара өтіп, онда облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ҚР Қарулы Күштерінің сарбаздары мен ардагерлеріне құрмет көрсетті.

Салтанатты шарада Бекболат Серікбекұлы еліміздің тыныштығын күзетіп, қайсарлықты ту еткен сардарлар мен сарбаздарға ізгі тілегін жеткізді.
– Бұл – еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін білдіретін айтулы мереке. Біз бұл күні Ұлы Отан соғысының қаһармандарына тағзым етіп, Ауғанстанның отты жолдарынан өткен жауынгерлердің ерлігін еске аламыз. Еліміздің тыныштығын, халқымыздың амандығын қорғап жүрген ерлерімізді ұлықтаймыз. Осы сәтті пайдалана отырып әскери қызметшілерді, ардагерлерді және баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын!
Бүгінде тәуелсіздік күзетінде тұрған Қазақстанның Қарулы Күштерінің айбары артып, қуаты үлкен күшке айналды. Біздің ұлттық әскеріміз ел тыныштығының сақшысы мен тұтастығының кепілі, Тәуелсіздіктің мығым тірегі болды. Әскер қатарындағы қызмет жастар үшін ерлік пен патриотизмнің тамаша мектебіне айналып отыр. Жаужүрек жауынгерлеріміз бен сарбаздарымыз әуеде, жерде, теңізде ел тыныштығын күзетуде. Әскери борыштарын абыроймен атқарып келе жатыр. Біз өз армиямызды мақтан тұтамыз, – деген Бекболат Серікбекұлы облыстық қорғаныс істері департаментінің бастығы, полковник Ерлан Жабықбаевқа, №81067 әскери бөлімінің командирі, подполковник Рамазан Кенжебаевқа және №81067 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, майор Жақыпжан Тұраповқа облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.
Салтанатты шарада «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы, полковник Асан Жүсіпов құттықтау сөз сөйлеп, бұл мереке батырлық пен табандылықтың, отансүйгіштік пен елге шексіз қызмет етудің нышаны екендігін тілге тиек етіп, келешек ұрпаққа дейін Отан қорғаушылардың қаһарман ерліктері ұмытылмайтынын жеткізді. Сонымен қатар ҚР Қарулы Күштері саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан бірқатар азаматтарды төсбелгі, мақтау қағаздармен марапаттады.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР