«Елдігіміз еңселі, мемлекеттігіміз мәңгі болсын!»

0 2

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мереке татулық пен ынтымақтың айнымас көрінісі. Осынау айтулы мереке қарсаңында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаеваға хабарласып, онлайн режимде сұхбаттасқан едік.  

– Маржан Төреғұлқызы, қасиетті Әулиеата өңірінде бүгінде қанша этнос өкілдері қоныстанған және олардың ұлттық болмысын сақтауда нендей тірліктер атқарылуда?
– Қазақстан халқы Ассамблеясы татулық пен бірлікті сақтаудағы теңдессіз ұйым ретінде бағаланады. Сонымен қатар жалпыұлттық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда Ассамблея маңызды рөл атқарып келеді.
Өздеріңізге белгілі, Жамбыл өңірі – этнос және этникалық топтардың тығыз шоғырланған аймақтарының бірі. Бүгінде өңірде 87 этнос өкілі қоныстанып, тату-тәтті ғұмыр кешуде. Этностық топтардың ішіндегі түрік, күрді, дүнген және өзбек өкілдері ең көп шоғырланған елді мекендер Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Сарысу, Талас және Шу аудандары болып табылады.
Облыс Ассамблеясының алға қойған міндеттерін іске асыруға, халықтың рухани құндылықтарын насихаттауда өңірдегі 75 этномәдени бірлестік, 175 Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері белсенділік танытып, өз қызметтерін жоғары деңгейде атқаруда.
Ағымдағы жылдың алғашқы үш айының өзінде аймақта қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті ілгерілетуде 120 іс-шара ұйымдастырылып, оған барлығы 14 мыңға жуық адам тартылды. Биылғы жылы іс-шараларды ұйымдастыру барысында қайырымдылық, ақпараттық, сараптамалық және алқалы жиындарға басымдық берілді.
Қай қоғамда болсын мәнін де, өзектілігін де жоғалтпайтын құндылықтардың бірі – қайырымдылық іс екені рас. Осы игі іс Қазақстан халқы Ассамблеясының басты бағыттарының бірі саналады. Өңіріміздегі Ассамблея мүшелерінің азаматтық белсенділігінің арқасында 6900-ден астам адамға көмек көрсетіліп, 60 отбасыға пәтер кілті табысталды. Сондай-ақ Алғыс айту күніне орай 900 отбасыға қайырымдылық жасалды.
Алғыс айту күні мерекесі биылғы жылы жоғары деңгейде қала тұрғындары мен қонақтарының қатысуымен «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде өтті. Іс-шарада облыстағы этномәдени бірлестіктер ұлттық салт-дәстүрлері мен өнерлерін ортаға салып, жиналған жұртшылыққа ұлттық тағамдарын ұсынып, құттықтауларын жеткізді.
Бұл айтылған шаралар облыста келісім мен бейбітшілікті ілгерілету саласындағы істердің үштен бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта әлі атқарылатын жұмыстар мен жасалатын тірліктер легі жетерлік.
– Осы өзіңіз айтып өткен этнос өкілдері арасында мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру бағытында қандай жұмыстар жасалуда?
– Бүгінгі таңда қазақ тілінің қолданылу деңгейі, өзге этнос өкілдерінің тілді меңгерудегі үлес салмағы күн санап артып келеді. Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру елімізде тұратын кез-келген азаматтың адамгершілік борышы деп білемін.
Осы орайда Ассамблеяның ұйымдастыруымен мемлекеттік тілді дамыту саласында облыста «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасының 6 бағыты іске асырылса, «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында түрлі форматтағы 32 іс-шара өтті. Ағымдағы жылы ұлы Абайдың 175 жылдығына орай Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық тобы 6 іс-шара өткізсе, этнос өкілдері арасында Абай өлеңдерін оқу челленджі, мектеп оқушылары арасында Абай оқулары ұйымдастырылды.
– Ассамблея құрамына кіретін қоғамдық топтар, арнайы клубтар жайында не айтасыз? Білуімізше, сіздерде аналарымыздан құралған аналар кеңесі, облыстық қаламгерлерден жасақталған журналистер клубы және ақсақалдар алқасы жұмыс істеуде….
– Бүгінде Ассамблея жанында ғылыми-сараптамалық топ, ақсақалдар, аналар кеңестері, журналистер клубы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, «Ақ желкен» жастар лигасы және «Айбын» жастар әскери-патриоттық клубы тұрақтылықты қамтамасыз ету құрылымдары ретінде үйлесімді жұмыстар жүргізуде.
Бұл аталғандардың ішінде қоғам институттарымен өзара iс-қимыл жасай отырып, қазақстандық патриотизм мен отбасылық құндылықтарды нығайту және сақтауға өзіндік үлесін қосып жүрген облыстық және 27 аудандық аналар кеңесінің қызметін, әсіресе кеңес төрайымы М.Миражапова, мүшелері А.Плетнева, Н.Перфильева, Э.Мамедова, А.Беляева, П.Көненова, Н.Тимофеева сынды аналардың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Кеңестің бастамашылдығымен жыл басынан 45 іс-шара, оның ішінде әлеуметтік осал топтағы 24 отбасыға қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.
Ассамблея жанындағы журналистер клубы құрамында республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері халыққа мемлекеттік саясатты жан-жақты, әрі сапалы жеткізу жолында аянбай еңбек етуде. 2019 жылдан Ассамблеяның қолдауымен «Ұлы Шаңырақ» облыстық газеті шығып келеді. Жыл сайын журналистер арасында «Бір шаңырақ астында» байқауы ұйымдастырылады. Осының барлығы татулық пен бірліктің байрағын биіктету бағытында жасалуда.
– Жыл басында Қордай ауданында орын алған келеңсіз оқиға бүкіл ұлтты дүрліктірді. Осы мәселе турасында өз ойыңызды айта кетсеңіз. Мұндай дүрбелең тағы да орын алмас үшін Ассамблея тарапынан қандай шаралар қолға алынып жатыр?
– Өкінішке қарай, ағымдағы жылдың ақпан айының басында Қордай ауданында орын алған төтенше жағдай ұлтаралық бірлікке сызат түсіріп, ынтымағы жарасқан еліміздің тарихында қара дақ қалдырды. Ауыл тұрғындары арасындағы болған тұрмыстық жанжалды арандатушылар теріс бағытта пайдаланып, нәтижесінде ауыл азаматтарының еңсесін түсіріп, адам шығынына әкелді.
Келеңсіз оқиға салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясының, облыстық штабтың нақты жұмыстарының нәтижесінде Қордай ауданындағы қоғамдық-саяси ахуал бүгінгі күнге тұрақталып, бақылауға алынды. Ішінара зардап шеккен жүзден астам нысан демеушілер және тұрғындар есебінен қалпына келтірілді. Ал оқиғадан зардап көрген тұрғындарға қаржылай көмек беру мақсатында «Щивон» қоғамдық қайырымдылық қоры құрылып, қолдауға мұқтаж азаматтарға қаржылай көмек көрсетілді.
Аудандағы Қаракемер, Масаншы, Сортөбе, Ауқатты, Қарасу және Қарасай елді мекендерінің ақсақалдары бірігіп Қоғамдық келісім кеңесін құрды. Бүгінгі күнге дейін жұмыс жоспарына сәйкес ауылдық округтерде 5 отырыс өткізілді.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей ұйымдастыруымен Қордай ауданында төтенше жағдайдың қайталанбауы, этностық топтар шоғырланған жерлерде жанжалдардың алдын алу мақсатында «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы қолға алынды. Қордай ауданында 12-18 наурыз аралығында іске асқан жоба аясында 400-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, оларға 13 мыңнан астам адам қатысқан болатын. Облыстық Ассамблея тұрғындармен 6 кездесу, дүнген, түрік, күрді, орыс, әзербайжан этностарының қоғамдық пікір көшбасшылары және этномәдени бірлестік құрылымдарының мүшелерімен сұхбаттар ұйымдастырып, әлеуметтік сауалнама жүргізді.
Бүгінгі сұхбатты пайдалана отырып, осындай сәтте жұртқа басу айтып, тұрғындарға демеу бола білген ақсақалдар мен тынбай көмек көрсетіп жүрген қоғамдық ұйымдарға, мемлекеттік органдарға және еріктілерге алғысымды жеткізгім келеді.
– Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Әлемдік пандемияға байланысты көптеген шараларға шектеу қойылғаны белгілі. Алайда облыстық Ассамблея айтулы датаны қалай атап өтуде?
– Бейбітшілік пен этносаралық достықты ерекше бағалайтын елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының орны бөлек. Ұйым түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің татулығын сақтап, ширек ғасырдың ішінде ел дамуы жолында маңызды рөл атқарды десек, артық айтпаған болармыз.
Аталмыш осы ұйымның 25 жылдығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, облыс аумағында мерейтойға орайластырылған шаралардың легі өткізілуде.
Мерейтой аясында мәдени-көпшілік, ғылыми-сараптамалық іс-шаралармен қоса, 25 жылдыққа арналған өңірлік Ассамблеяның мерейтойлық кітабын шығару жоспарымызда бар. Аталған кітапқа ұйымның құрылған сәтінен бастап, тәуелсіздігіміздің нығаю тарихында, өрлеу мен өркендеу жолындағы экономикалық реформалардың жүзеге асырылуы, халқымыздың мәдениеті мен этнос өкілдерінің салт-дәстүрлері, облыстық Ассамблеяның жан-жақты дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбектері жайлы мәлімет енгізіледі.
Иә, бүкіл әлемге жайылған вирус біздің елімізге де келіп, індеттің таралуын болдырмау мақсатында төтенше жағдай жарияланды. Біз де бүгінгі таңда жоспарлаған көпшілік іс-шараларды кейінге шегердік.
Алайда, қоғамның жиналуын талап етпейтін кейбір шараларды ұйымдастыруда ақпараттық кеңістіктің әлеуеті кеңінен пайдаланылып, әлеуметтік желілер арқылы халық назарына жеткізілуде. Әсіресе қайырымдылық жұмысы жалғасын тауып, көмекке мұқтаж азаматтарға және елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатқан жандарға дүнген, күрді, түрік, өзбек, еврей, әзербайжан этнос өкілдері мен аналар кеңесі материалдық қолдау көрсетуде. Мұндай игі істерді атқару Ассамблея мүшелері үшін дәстүрге айналған.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Саян Тілеужан

Leave A Reply

Your email address will not be published.