Uncategorized

Елдігіміз сыналатын сәт

Written by Aray2005

 

Күні кеше «Egemen Qazaqstan» жалпыұлттық газетінде жарық көрген Қазақстан Республикасы Президенті Қасым –Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы көзі қарақты оқырман қауымды бейжай қалдырмасы анық. Әсіресе әдебиеттанушы, тілші қауым бұл мақалада айтылған әрбір ойдың құндылығын қуаттады. Олай болатын себебі мақала автор Абай шығармашылығы мен дүниетанымына жете таныс жан ретінде оның бүгінгі күнмен біте қайнасқанын тілге тиек етеді. Ойшыл ақынның ағымдағы жылы 175 жылдық мерейтойын атап өтудің жай-жапсары мен мақсат-мұратына толыққанды сипаттама береді.

Қазірдің өзіндегі салмағы, мән-мазмұны жағынан Мемлекет басшысының мақаласын Тұңғыш Президент, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының жалғасы ретінде қабылданатындығы айтылып жатыр. Мен де бұл пікірдің шындығына зәредей күмән келтірмеймін. Ақпарат ағымы заманда адамзат құндылығын жойып алмау үшін Абай шығармашылығының берері мол. Мұның ар жағында тұтас қоғам санасын жаңғырту мақсаты да қылаң береді. Себебі Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде қозғалған кей мәселелер күні бүгінге дейін өміршеңдігін жойған жоқ. Керісінше маңызы арта түсті. А.Құнанбайұлы шығармашылығында балалар мен жастар тәрбиесі, отбасы институтты, ұлттық салт-сана сынды өзекті мәселелер қозғалады.
Бір сөзбен айтқанда күллі қазақтың Абайын күллі адамзаттың Абайына айналдыратын шақ туды. Оған ақын шығармашылығының, пайым-парасатының әлеуеті толығымен жетеді. Ал бұл бастаманы ұлы ақын мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысы ұйытқы болған іске баршамыз тілеулес болу арқылы үн қосу елдігіміз сыналатын сәт болмақ.

Сәмен Құлбарақ,
филология ғылымдарының докторы

ПІКІР