БАСТЫ БЕТ

Елдік мәселелердің түйіні ел болып ұйыссақ қана тарқайды

Written by Aray2005

Өткен аптаның соңында Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Eldik elge bailanysty» тақырыбымен қоғамдық форум ұйымдастырылды. Аталған форум спикерлері жаңа технологиялар дәуірінде ұлт болып ұйысу, ынтымақ пен бірліктің бағасын білу, күнделікті жиын-тойларда ысырапшылдық пен мақтангершілікке жол бермеу және ұрпақ тәрбиесінің ең өзекті мәселелері турасындағы ойларын ортаға салды.
Қазақтың арғы-бергі тарихы мен бүгінгі бет-бейнесі, жаңа ғасыр бедеріндегі ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрдің, өмір сүру дағдысының бағыт-бағдары төңірегінде пайымды пікірлер айтылған форумды облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік ашып, жүргізіп отырды.

«Ұрпақ үшін ұялмайтын сөз айтуға тырысайық!»

Форумда алғаш болып сөз алған облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепбергеннің сана мен мәдениет, ұлт бірлігі, даңғазалық жайындағы оралымды ойлары көпшіліктің көкейінен жол таба алды.
– Қоғам да, адамдар да өзгерді. Сана мен мәдениетке байланысты мәселе көбейді. Сондықтан бүгінгі қоғамдық форум форматындағы басқосу қажет дүние. Келешек қоғам мен ұрпақ үшін ұялмайтын сөз айтуға тырысайық!
Қазақ халқы бар жиделі ғұмырында ынтымақ пен бірлікке ынтызар болып, жалауын төмендетпеген халық.
Біздің мұхиттың шарайнасындай өмірімізге, күнделікті тірлігімізде, оның ішінде сан белесті бағдары бар болашағымызға – ынтымақсыз, бірліксіз, өзара татулықсыз бара алмайтынымыз ақиқат.
Халқымыздың басынан өткен небір алапат шайқастар, тар жол тайғақ кешулерде осы ынтымақ пен бірліктің серік болғаны белгілі.
Өйткені осы асыл дүниелер – кешегі ұлы бабалардан қалған бағасы жоқ теңдессіз аманаттар.
Ал еліміз тәуелсіздігін алған шақта бірлік пен ынтымақ ұлттық иделогиямыздың тірегіне айналып, мызғымас құндылық биігіне көтерілгені айқын. Біз ынтымаққа қалай барамыз? Біз татулықтың берік қамалын қалай тұрғызамыз? Біз бірлікті ойлағанда не істеуіміз керек?
Қазіргі таңда халқымызға бірлік жеткілікті, татулық бар, ынтымақ қайда кетеді деген жалаң ой кіріп алған. Бұл қате ұғым. Бірлік, татулық, ынтымақ күнделікті көз алдымызда өрбуі керек. Оған міндетті түрде бақылау керек.Тек қана Мемлекет басшысы мен орталық және жергілікті атқарушы билік ұдайы бақылауда ұстап отыр. Ең алдымен, өңірдегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік ахуал түпкілікті зерделенбей бара жатқан сияқты. Ел өсек-аяңның, алыпқашпа жел сөздің жетегінен шыға алмайтындай жағдайға көшті.
Сонда біздің зиялы қауым мен ғылыми интеллигенция өкілдерінің белсенділігі мен шынайы отаншыл қоғамдық көзқарасы қайда? Бұл – ел ертеңін ойлағанда алдымыздан күнде арайлап атқан таңмен арпалысып, батқан күнмен таласып кетер бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі деп ойлаймын.
Біз ұлт бірлігін ойлағанда қайда табан тіреуіміз керек?
Мүмкін, оны біз ұлт бірлігінің үлгісін – ұлт ұясы болған, бірліктің мыңжылдық таңбасы басылған Ұлытаудан, халқына пана болған қарт Қаратау мен Қазығұрттың қасиетті топырағынан, Оқжетпестің биік шыңынан, Еділ мен Жайықтың асау жағасынан, базары тарқамаған Баянауылдан, оты сөнбеген Ордабасы сияқты киелі жерлерден іздегеніміз жөн шығар?! Бұл қатарға қасиетті Әулиеатаны ашық қосуға қақымыз бар.
Мүмкін, сара салт-дәстүрлеріміз бен дара әдет-ғұрыптары­мызға зер салуымыз қажет болар?
Мүмкін, заманауи білім мен ғылымға ұлттық педагогика мен адам баласының қалыптасу психологиясының жетістіктеріне бет бұру керек шығар? Мүмкін, қарапайым әңгімеге тартып, ашық-пікір алмаса, тиянақты ой бөлісе алмай жүрген шығармыз? Бірақ Жер шарындағы әрбір ұлт өз бірлігі мен ынтымағын өз қарымы мен қасиетіне қарап белгілейтіні анықтың анығы.
Сондықтан берекелі бірліктің ең басты темірқазығы – ұлт қамын ойлаған, туған Отанымыздың келешегіне көз тастаған әрбір азаматтың жүрегінде сақталуы керек деген шынайы шындықтың қашан алдымыздан шығары екіұдайдан да белгілі аксиома.

Ал бүгінде неге «бірліктің жалауын көтеріп, шын жанашыры» болып, кейбір егде кісілермен қатар, естияр азаматтар да кез­дес­кен шақта «Руың қайсы, ат мінген атаң кім, жерің қайда?» деген сұрақ­тардың астына алары заманның дертіне айналып барады.
Осыдан барып пәк көңілді таза жастарымыз бірден өзін-өзі «зерттеуге» шығады.
Одан ертеңін «терең» ойлаған жастарымыз оқу үшін, қызметке тұру үшін «ру мен жершілдіктің аса қажет» екенін естен шығармайтын жағдайға жетеді.
Бұл – қолдан жасалып жүрген ұлт қасіреті, парқы төмен пендешілік.
Ал сол қасиеті жоғары, киесі биік бірлікті отбасының құндылықтарынан, ата-ана мен бауырларға деген мейірімнен, ортаға деген имандылықтан, ұлтқа деген адалдықтан неге іздемейміз?
Тоқсан тоғыз түйіннің бір ұшы отбасындағы бала тәрбиесімен өрілмеуші ме еді. Отбасы – тәрбиенің негізі қалыптасатын ордалы мекен, киелі орын. Қазақ баласын ұл немесе қыз деп бөлмеген. Бірақ дәл өрілген мақал-мәтелдерімен, тағылымы мол аңыз әңгімелерімен ұл балаға бөлек, қыз балаға бөлек тәрбие бере білген дана халық.
Қазақ қызы оң жақта отырғанда төрін берген халық. Бірақ қаталдық пен танымды тәрбиенің арқасында қыз баласы ибалы, көргенді, мәдениетті, тәрбиелі, үй шаруасына икемді, керек болса өнерлі (ақындық, бишілік, әншілік) болып өскені төл тарихымыздан белгілі.
Ал бүгінде осы бір ұлы қасиеттерден арамыз алшақтап бара жатқандай күй кешіп жүрміз.
Ұлы даланың философы атанған Мөңке би данышпан дәл айтқандай «кердең келін мен қыңыр қызды» алыстан іздеп керегі жоқ. Ортаңызда қаптап жүр. Қылығы мен тірлігін көріп жүрегің сыздап, жаның ауырады.
Бұл кімнің кінәсі десең, қоғамның, заманның кінәсі деп бір сөзбен аудара салады. Ал шын мәнінде, бұл өз баласы алдында жауапкершілігін терең түсінбеген ата-ананың кінәсі. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың сабақтастығы жойылып барады немесе сиреп кеткендей.
Өйткені қоғамды дүниеқоңыздық жайлап барады. Ал бүгінде ысырапты, төгіп-шашылған той жасау, даңғаза марапат, мақсатсыз ақша шашу бел алған жоқ, бел асып кетті.
Кейде той мәдениеті туралы сөз қозғап, оның әбден жаттанды, жұртты ығыр қылған жағын айта қалсақ, «қазақ шаршаса тойдан шаршасын, Тәңірім халқымды осындай той-думаннан айырмасын» деп тереңіне мән бермей, көңіл көтеретін тұстарын алға шығара саламыз.
Әңгіме «Осы бізде даңғазалық етек алып бара жатқан жоқ па? деген сауалға келіп тірелетін көп жағдай туралы болып отыр. Иә, біздің бір заманда бабаларымыз атақты байға ас беріп, 620 жылы 200 қой жұмсалған екен, деген деректерді білеміз. Ат бәйгесіне 100 жылқы тігілген деген сөз де рас. ХІХ ғасырда Ерейментауда өткен Сағынайдың асында жұмсалған шығын әйгілі Тәж Махал мавзолейін салуға жұмсалған қаржымен пара-пар түскендей екен.
Қазір де аста-төк дүниені шашып жатқандар аз емес.
Бұл қарапайым халыққа қалай әсер етеді. Мұны да ойлап қою керек шығар.
Осындай жағдайлардан бұқаралық ақпарат құралдары сырт қалып жүрген жоқ. Көлемді мақалалар, мазмұнды әңгімелер мен эсселер қатары аз емес. Бірақ оларды талқылау, сол мақала төңіргенде пікір алысу, ой бөлісу қоғамда жоқ тірлік болып отыр. Ал өтірік пен өсектің өлетін түрі жоқ.
Облыста 1 мыңға тарта қоғамдық бірлестік бар. Бірақ рухани тәрбие мен ұлт болашағын ойлайтын, терең интеллектуалды жетекшісі бар бірде-бір қоғамдық ұйым жоқтың қасы. Бәрінің ойы – грант алу. Содан кейін барып болар-болмас, мәні төмен, мазмұны жұқа шаралар өткізумен шектеледі. Өйткені грант берушілер бұлардан ешуақытта нақты тұжырымдама талап етпейді. Ал шала жоспары бар, негізгі тұжырымдамасы жоқ шарадан не күтуге болады. Оның тәрбиелік мәні қалай болмақ. Бірлік пен ынтымаққа негізделген тақырып жоқ. Бәрі жалпылама, – деді өз сөзінде Мейрамбек Төлепберген.

«Қариялар жастарға жөн сілтеп, үлгі көрсетсе…»

Бүгінде қоғам назарын ерекше аударар мәселенің бірі – жастар саясаты екені белгілі. Заман ағымымен мың құбылған жастардың ой-өрісі, таным түсінігі тым басқа. Ел ертеңі саналатын өрендердің ертелі-кеш смартфон мен компьютерге үңіліп, тәлім-тәрбиені, үлгі-өнегені ғаламтордан алып жатқаны да жасырын емес. Осы бір өткір мәселеде дәстүрлі қазақ қоғамының айнымас бөлшегі саналғанымен, бұл күндері желісі үзілген жастар тәрбиесінде қариялардың ықпалын күшейту қажет-ақ. Форумда сөз алған еңбек ардагері, баталы қария Әбілқасым Ергебековтің де ойы осы төңіректе өрбіді.
– Халқымызда «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» деген даналық сөз бар. Біздің қоғамда жастың да, қарияның да орны ерекше. Елдің келешегі, жастардың дұрыс қалыптасуы орта буынға да, қарияларға да байланысты. Қоғамда қариялардың рөлін көтеру маңызды деп білемін.
Біздің халықтың өзіндік ерекшеліктері бар. Кезінде азаматтарымыз бірауыз сөзге тоқтаған. Үлкеннің алдын кесіп өтпеген. Мықты шешен, дуалы ауызды адамдардың айтқан сөздері жастарды тәрбиелеуде үлгі болып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен.
Қазақтың ақын-жазушылары үлкенді қадірлеу, қарияларымыздың ақыл-өсиетін үлгі тұту туралы аз жазған жоқ. Атап айтсақ, ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың «Қариялар азайып бара жатыр» деген өлеңі әрбір қазақтың көкейінде сайрап тұр. Ақын қарияларымыз туралы: «Ақыл айтып жүрмесе қасымызда, Сонда орнайды жетімдік басымызға» дейді. Қариялардың қоғамдағы рөлі туралы осы жырда:
«Араздасып ағайын кетер еді,
Бір қария болмаса бір ауылда», – деп орынды айтылған. Сөз қадірін білетін адамға мұның бәрі – рухани қазына.
«Ақылшысы жоқ ел азады, иесі жоқ жер азады» деген.
Қазақ халқы ақылды, дарынды халық. Мен еліме, оның болашағына сенемін. Бастысы – ұйыған ынтымағымызды жоғалтпайық. Ынтымақ деген сөздің мағынасын бала кезден бойға сіңіріп өстік. «Ырыс алды – ынтымақ» деген сөз қадірін ұғындық. Ынтымақты ұғынатын ұрпақ соңымыздан еруі үшін жастардың бойынан көркем мінез көрініп тұруы қажет деп білемін. Мінез – бабаның арымен, ананың сүтімен даритын құбылыс. Алайда осы мінездің қадірін түсіріп, көбіне «оның мінезі жаман», «мінезі сондай» деп жағымсыз құбылыс ретінде айтамыз. Көркем мінезі қалыптасқан адам еңбексүйгіш, арлы келеді.
Кәрілік адамды қартайтпайды. Адамды қол қусырып отырған қартайтады. Жастар тәрбиесіне мән бермеген, жастарға жол сілтемеген кәрілік зая кетеді. Бала тәрбиесінде ұсақ дүние болмайды. Балаға ұл, қыз демей өз-өздеріне қызмет етуді жастайынан үйрету керек. Еңбекқорлық содан қалыптасады. «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамас» деген қағиданы ұғындыруымыз қажет.
Бүгінде мемлекет тарапынан жастарды қолдаудың барлық тетіктері қарастырылған. Жастар жылында қайтарымсыз несиелердің берілуі, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту бойынша қыруар жұмыс бар. Осы жұмыстың басы-қасында жүрген ақылды, зерек жастардың таудай талабы қуантады.
Десе де бір дүние ғана көңіліме кірбің түсірді. Бұл жастар арасында өз-өзіне қол жұмсаудың жоғарылап отырғаны. Бұл не кесапат? Әлде тәрбиенің, баланы қиындыққа төзуге үйретудің әлсіздігі ме? «Сәби таза тақта, сол тақтаға не жазсаң соны оқисың» дейді Аристотель. Сол таза тақтаға ғибрат пен тәлім жаза алмаған қоғамның індеті ме? Расын айту керек, бүгінгі қоғамда кейбір ата-аналарға да тәлім керек. Осы мәселеге уақыт оздырмай әсер етуіміз қажет деп ойлаймын
Баяғыда бір қария жеміс ағашын егіп жатады. Өзі әбден кәрілікке жеткен адам көрінеді. Мұны байқағандар: «Ата, бұл ағаштың жемісін өзіңіз көре алмайсыз ғой» десе, сонда ақсақал «Мен болмасам да, ұрпағым жемісін көрер» деген екен. Сондықтан біз ұрпақты ойлауымыз қажет, – деді Ә.Ергебеков.

«Ысырапшылық ынсапсыздыққа бастайды»

Ал «һибатулла Тарази» облыстық орталық мешітінің наиб-имамы Бақтияр Әміреев көпшілікті қайғы мен қуанышта аста-төк дастарқан жайып, қала берді дүниеден қайтқан кісінің басына белгі қоюды бәсекеге айналдырғандардың әрекетіне тыйым салуға шақырды. Әрі бұл тұрғыда қадым заманнан қолданыста жүрген халқымыздың әдет-ғұрпы мен өмір сүру жоралғысын мысал етіп, Құдайы тамақ берудің Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ұсынған ас мәзірімен таныстырды.
– Дана халқымыз ежелгі заманнан бері елді ынтымаққа, бірлікке үндейтін іс-шараларға ерекше көңіл бөлген. Ел арасында туындаған мәселелерді жиын жасап, талқыға салған, даулы мәселелерді дабыра қылмай, өз іштерінде шешкен. Ал қуаныш пен қайғыда жұдырықтай жұмылып, асарлатып қолғабыс берген.
Бұл дәстүрлер – елдің ауызбірлігінің, бір-біріне деген жанашырлығының айқын дәлелі. Осындай тағылымы мол жоралғыларды берік ұстанған халқымыз ешқашан ысырапшылдыққа жол бермеген.
Орынсыз, пайдасыз, бекерден-бекер жұмсалған барлық нәрсені ысырап деп бағалап, шамадан шығуды, шамаға қарамауды, төгіп-шашуды орынсыз деп есептеген.
Ысырапшылық – Алла Тағала сүймейтін іс, оның зияны мен зардабы көп. Бір өкініштісі, соңғы кезде көптеген салт-жоралғылар мен діни рәсімдер шектен шығып, шариғаттан алыстап барады. Адам баласының әр сәтінде болатын қайғы, қуаныштарда аста-төк дастарқан жайып, ысырапқа жол беретін жағдайлар жиі орын алуда.
Бүгінгі қоғамдық форумның басты мақсаты – халықты ысырапшылдыққа жол бермеуге үндеу, ас беру, қонақасы, жиын-той мәзірін мейлінше қарапайымдылыққа негіздеу болмақ.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер! Алла Тағала ысырап еткендерді әлбетте жақсы көрмейді» [«Ағраф» сүресі, 31 аят] деп, ысырапшылдықтың жағымсыз әрекет екенін ашық жеткізген.
Дүниеден бір кісі өтсе, оны ақтық сапарға шығарып салу – мұсылмандардың міндеті. Ертең дәл осы сәт біздің де басымызға ораларын естен шығармауымыз керек.
Бірақ көпшілігіміз мал-дүниемізді қайтыс болған жандар үшін емес, жұрттың мақтау сөзі үшін сарп етіп жатқандаймыз.
Осы ретте Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы садақа, ас берудің мәзірін бекітті.
Мәзірге бауырсақ, жеті нан, тары, құрма, қант, кәмпит, сары май, шай, өрік, мейіз, қаймақ, ет пен күріш кіреді.
Бұл жөнсіз ысыраптың алдын алудың бірден-бір жолы, – деп сөзін түйіндеді Б.Әміреев.

«Ұрпақ санасына ұлттық рух қана сәуле береді»

Қоғамдық форумда көтерілген мәселелердің негізгі үлесі ұрпақ тәрбиесінің еншісіне тиді. Текті ұл мен қылықты қыздың тәрбиесін талбесіктен, отбасы – ошақ қасынан бастау керектігі жайында байламды пікірді ардагер ұстаз Кәмилаш Ахметжанова айтты.
– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген дана халқымыз. Ата-бабамыз қойнауы байлыққа толы жеріміз бен дәстүрге бай ғұрпымызды ұрпағына қалдырып кетті емес пе? Ұлы философ Әбу Насыр әл-Фараби «Ізгілікті қоғамның негізгі қағидасы» деген еңбегінде: «Адам баласы қаншалықты данышпан болса да, Жаратушысы дара, жалғыз екендігін мойындағанда ғана, адамгершілік асыл қасиеттерімен, имандылығымен ұрпағына ізгілігі мол құнды істерін қалдыра білсе ғана, ізгілікті қоғам құра алады», дейді бабамыз. Атам қазақ көшпенді тұрмыс кешіп жүріп, білім-ғылымның жоқ кезінде өз ұрпағына Ұлы дала философиясымен дүние-байлығын емес, рухани байлықты берді. Сол рухымызды біршама жоғалтып алып, енді соның зардабын көріп отырмыз. Ол қоғамымызда болып жатқан келеңсіз жағдайлар. Хәкім Абай «Адам баласын қор ететін үш нәрсе: надандық, еріншектік, залымдық» дей келе, одан қашпақ керек деп үйретеді. Әр отбасының алғашқы ұстазы – ата-анасы. Ұлын ұлықтап, қызын үкілеп, ұлтымыздың асыл дәстүрімен өскен бала отбасының қуанышы ғана емес, еліміздің зиялы азаматы болып өсуі анық. Ата-анамыз бізді қас-қабағымен, өздерінің бүркемесіз болмысымен, анамыздың «әкеңнен ұят болады» деген бірауыз қасиетті сөзімен тәрбиеледі. Әдеби кітап оқуды өзіміз де, балаларымыз да қойды. Қазақ мектебіне барған оқушы ана тілінде емес, орыс тілінде сайрап барады. Мектеп оқушылары мектепте, көпшілік орында болсын бір-бірін балағаттап намысына тиеді. Мұғалімнен де балағат, былапыт сөздермен көзге түсіп жатқаны қаншама. Көшеге шығып, кейде серуендеуге ұяласыз. Әсіресе ұялмай оңашаланған жастарды көргенде.
Осы орайда айтпасқа болмас, Тараз қаласының тұрғыны болғаныма 30 жылдан асыпты. Соңғы екі жылда өзгерген Таразды бұрын-соңды көрмеппін. Қала ерекше көркейді, ұйқыдан оянды, рухы, мәдениеті, ұлттық нақышы түбегейлі өзгерді. Мен «Жеңіс» саябағында мәңгілік тақтадан Ұлы Отан соғысының құрбаны болған бауырым мен әкемнің есімін оқығанда, көзіме жас алмай тұра алмадым. Облыс халқына осындай естеліктерді сыйлау – ұлтын сүйген азаматтың ғана қолынан келетін игі іс.
Осы жақсылықты ұзақ мерзімге сақтап қалу үшін әр адамның келеңсіз жағдайдың қасынан үндемей өтуі ақылға қонбайтын нәрсе. Оны талайымыз көріп те жүрміз. Сондықтан жастарға жөн сілтеп, айта жүрейік.
«Қадірменді халайық, “Ел болам десең, бесігіңді түзе”, “Алдыңғы жақсы ағалар, артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы?” деген Мұхтар Әуезовтің қанатты сөздері ойға оралады. Ұрпағымыздың санасына ұлттық рухымызды сіңдірсек, тілі мен дінін қадір тұтар намысты ұл, инабатты қыз тәрбиелесек, ізгілікті қоғам жасай аламыз, – деді ардагер ұстаз.

«Ел бірлігінен асқан жаңғыру жоқ»

Облыстық мәслихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев та өз сөзінде ұлт үшін өзекті саналатын ұрпақ тәрбиесін Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен қатар ұштастырудың маңызы зор екендігіне баса назар аударды.
– Біз қазіргі таңда рухани жаңғыру дәуірін бастан кешіп жатырмыз. Бұл бағытта ол қалай өріс алып жатыр, жалпы атқарып жатқан шаруаларымыз жаңғырудың табиғи мәніне толықтай сай келе ме деген сұрақ туады. Рухани жаңғыру дегеніміздің тегі – тым тереңде жатқан ақыл-ойдың, өренің, танымның замандар бойы біртұтас келе жатқан ұлттық адамгершілік, ар-намыстың бастауы, өмір сүру дәстүріміздің, елдік шежіренің алпыс екі тамыры. Өкінішке қарай, осындай терең түсінік жағы бізде әлсіз, яғни құр даңғаза, ұранбайшылдық, оңды-солды ойқастаған ойын-сауықтардың қалқасында қалып жатыр. Ешкімді елеңдетпейді, ешкімді таңғалдырмайды.
Жалпы, қай тұрғыда, қалай жаңғыруымыз керек? Ең әуелі, тарихи тағдырымыздың өзі тудырған ерен елдіктердің, жасампаздықтың, пайым-парасаттың пәрменімен жасалып, ғасырларды ғасырларға жалғаған ұлттың рухани құдіретін жаппай санамызға ендірумен, әрине. Мәңгілік құдіретті дәстүр – озық сананың ошағы, ойлы әрекеттердің жемісі. Соны ойламаған, тереңіне бойламаған жағдайда, адамды мезі қылатын айқай-сүреңнің айналасында қала береміз.
Бәріңізге белгілі, біздің Таразда өткенді өмірге әкелудің біраз тамаша үлгілері дүниеге келді. Бәрін санамағанда, «Даңқ» залын алыңыз. Еңсесі биік ерліктің шежіресі. Құрылысы жүріп жатқан «Шахристан» – облыстың рухани орталығы. Облыс тарихының барлық құндылықтарының жылнамасын тізіп беретін заманауи ерекше сәулет. Атақты Тектұрмаспен барып түйісіп, көне дәуірдің көшін бүгінгі күнмен үйлестіріп беретін ғажайып көрініс. Міне, бұл рухани жаңғырудың ең басты сұранымдарына сай, бұрындары ешкімнің қаперінде болмаған үлкен шаруа.
Рухани жаңғыру – қоғамның өткен қасиеттерінен сабақ алып, адамдық тұрғыдан тазаруы. Ол болмайды екен, неше түрлі ақылға сыйымсыз құбылыстар белең алады.
Елімізде 350 қыз бала мектеп партасында отырып сәбилі болып қалған. Оған ұстаздар ғана кінәлі ме? Ата-ана, ардагерлер мен қоғамдық кеңестер қайда қарап отыр? Қазір мемлекетіміз халқымыздың жаппай тойынғанына барын салып жатқанда, халық та барын шашпай, өзіне-өзі көмектесуі керек.
Рухани жаңғырамыз деген ел осыны істейді. Осыны істеген жерде ғана береке мен бірлік орнайды. Ел бірлігінен асқан жаңғыру жоқ. Бар-жоғы бір уыс қазақпыз. Соны жік-жікке бөліп, анау ана жақтыкі, мынау мына жақтыкі деп алалап жүргендердің көкірегі таза емес. Дәл осы облысқа келіп, атқа мініп жүргендер – Қазақстанда туған қазақтар. Соларды жат көру – жаңағы бір уыс қазаққа жасалған қиянат, ойсыз озбырлық.
Тараздың тамаша өзгеріп, яғни жаңғырып, жаңарып жатқанын, тұтастай алғанда, облыстың оңала бастағанын қасақана айналып өтеді. Елдіктің етегінен тарту деген осы. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демеді ме, енді оған «Рухани жаңғырамыз десек, есті түзейік» деген ұранды қосу керек. Елдікке қажет ер-азаматтық ортақ абырой сонда салтанат құрады, – деді халық қалаулысы.

«Той – тәлім мен тәрбиенің орны»

Форум барысында ұлттық құндылықтар, той мәдениетін заман ағымына қарай бейімдеу, әлеуметтік желіні кәдеге жаратудың әдебінен аттамау секілді мәселелер де қаузалды. Бұл орайда «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаевтың ұсыныстары да қызу қолдауға ие болды. Ол өз сөзін былай өрбітті:
– Бізде аса көңіл бөлуді талап етіп отырған мәселе – ұлттық құндылықтар, соның ішінде дәстүрлеріміз бен ұлттық санаға деген жанашырлықты күшейту болып отыр. Олай дейтінім, қазіргі өркениеттік ағынмен араласып, ұлттық тынысты тарылтатын ақпараттық толқындар, діндегі бұрмалаушылық, тіл мен ділге деген жауапкершіліктің әлсіздігі секілді тағы басқа айтарлықтай кемшіліктер бар. Бұл кемшіліктерге тойтарыс беретін төте жол – ұлттық тәрбиені күшейту деп білемін!
Той мәдениеті – ұлт мәдениеті. Бұл орайда жүйелі жұмысты қолға алған Меркі ауданын мысал еткім келеді. Өткен жылдың қазан айынан бастап Меркі ауданы әкімдігі той мәселелерін дұрыс жолға қойды. Қазір Меркіде той 19:00-24:00 аралығында ғана болып жатыр. Осы арқылы, ең бірінші, халықтың қазынасы саналған той берекесін кетірмеу, уақытты тиімді пайдалану, құқықбұзушылықты болдырмау, той қызметкерлерінің еңбегін жүйелеуге қол жеткізілді. Бұл бастаманы баршаға ортақ ету керек.
Баршаға мәлім XXI ғасыр әлеуметтік желінің ақырған бурадай әбден күшіне мінген кезеңіне айналып тұр. Осындай өліара кезеңде ұлт болып сақталып қала аламыз ба, жоқ болып жер бетіне тараламыз ба деген сауал, кез келген саналы ұлттың басты проблемасына айналып үлгерді. Ұлттық идеологиясы мықты мемлекеттер етек-жеңін жинақтап, алды-артын сараптап, сананы жаулаған сиқыршы күштің алдында қасқайып тұруға әрекет жасауда. Бұл бейберекетсіздікті заңмен тұсауға демократия деген жалған ұран тосқауыл. Соның салдарынан әлеуметтік желі үлкен күшке иелік етуде. Сол себептен де әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат тарататындарға, ар-намысқа тиетіндерге, билікке тіл безейтіндерге қарсы бұлтартпас бір заң керек сияқты, – деген Р.Нұрақбаев жастарға қатысты біраз мәселенің де тиегін ағытты.

«Ұлттық құндылық – ұлт тірегі»

Ал дәрігер Сағындық Ордабеков ХХІ ғасырдағы әлемге күллі қазақты танытудың тетігі ұлттық құндылық екендігін алға тартады.
– Ұлт ұстазы Әлихан Бөкейханов: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпесе болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз» деген. Қазіргі ұрпақтың, ХХІ ғасырдағы қазақ ұрпағының міндеті – экономикамызды дамыта отырып, ұлттық құндылығымызды дамыту, ата салт-дәстүрімізді сақтай отырып, әлемдік қауымдастыққа кірігу. Себебі ұлттық құндылық – ұлттың тірегі!
Өз тарихын терең ұғынып, ұлттық құндылықтарын шын бағалай білетін халықтың ғана болашағы мәңгі болмақ. Бүгінгі жаһандану дәуірінде кез келген ұлтты сақтап қалатын дүниелер – сол ұлттың төл тарихы, мәдениеті мен тілі екені анық. Ұлттық құндылықтарымыз шын бағасын алғанда ғана, жоғымыз түгенделіп, өшкеніміз жана бермек. Осы ретте еліміздің ертеңі, әрқайсысымыздың өмір жалғасымыз болып табылатын жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу – аса өзекті тақырып.
Мен байырғы заманғы қазақ халқын да, қазіргі заманғы қазақ халқын да қарапайымдылығымен жақсы көремін және бағалаймын. Адалдық пен ақкөңілділік және қонақжайлылық, мейірімділік, сыйластықты – әсіресе қазақтың бойынан табуға болатын көріністер деп есептеймін.
Қазақтың қонақжайлылығын, ақкөңілділігін мойындамайтын ел жоқ шығар. Бұл да ата-бабамыздан сіңісіп кеткен ең көркем, нағыз бүкіл адамгершілікті қамтитын көрініс деп ойлаймын. Шетелдіктер қазақтың қонақжайлылығына әлі күнге дейін қызыға да қызғана қарайды.
Ұлттың құндылығының ең маңыздысы, ең қазынасы – тіліміз деп айтсам, артық айтпаған болар едім. Тілі жоқ халық, тілін құрметтемеген, білмеген халық – өлі халық. Бұл менің тіл турасындағы өте ащы ұстанымым.
Ең алдымен, тіл дегенде ел қорғаны, тілдің нағыз жанашыры, қазақтың біртуар азаматы Бауыржан Момышұлы және Шераға – Шерхан Мұртаза ағамыз есіме түседі. Бауыржан атаның ана тілімен шырылдап, ана тілімен өмір сүріп, өзгеге талап етіп те сөйлеткен ең талапшыл адам болғанын құндылықтарымыз кітаптардан оқуға, көріп-білуге болады. Ең бастысы, тіліміздің болашағына деген сеніміміз күшейіп келеді. Туған тілімізді ең басты құндылығымыз деп есептейтінім де осыдан шығар, бәлкім?
Қазақ халқы ертеден мәдениеті мен әдебиетін жоғалтпаған, сақтаған, дәріптеген халықпыз. Тіпті бұны шетел ғалымдары мен зерттеушілері де мойындайды, – деді С.Ордабеков.

«Аста-төк тойды азайтуымыз керек»

Форум спикерлерінің ізін ала сөз тізгіндеген Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев те той мәдениеті мәселесіне айрықша тоқталып, ондағы даңғазалық пен бос мақтангершіліктің дәурені өткенін жеткізіп, заман ағымымен мұнда да әлемдік тәжірибенің озық үлгісі мәселесін тілге тиек етті.
– Жақында «Egemen Qazaqstan» газетіне менің той мәдениетіне қатысты мақалам шықты. Сондағы ойларымды қысқаша бөлісе кетсем.
Қазақта той өткізу мәдениеті жоғары болуы керек. Бесікке салу, шілдехана деген дәстүрлер – әркімнің өз үйінде жасалуы тиіс жоралғылар. Содан кейін асаба мәдениетінің төмендігі, тойдың бір-біріне ұқсастығы елді жалықтырды. Мақтан үшін шашып-төгу де жоқ емес. Көп тойлар қазір өзін ақтамайтын болды. Жақында ұзақ жыл қызмет істеген кісі той жасап, артынан мейрамханаға 600 мың теңге қарыз болып қалды. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы мемлекеттік қызметшілердің тойшыл болмауын ескертті. Дұрыс. Аста-төк тойды азайтуымыз керек. Мен Түркия мемлекетінде сапарда болғанымда, бір тойларына қатыстым. 60 адаммен той өткізіп, бір сағаттан астам уақытта бәрі тарап кетті. Бізде кемі 300-400 адам. Екі-үш сағат кеш басталады, түн жарымына дейін созылады. Ортаға осы мәселелерді салғым келді, – деді Б.Құлекеев.

Пікірлер тоғысы:

Елдік мүддені көздеген ерекше форум

Қасымхан Төлендиев,
«ЖАҢАРУ» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы:

– Жеке өзіме «Eldik elge bailanysty» қоғамдық форумы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің өңірлік деңгейдегі форматы секілді әсер қалдырды. Спикерлердің барлығы өз ұстанымдарын жақсы жеткізе алды. Елдігіміз төңірегіндегі сан түрлі түйткілді қозғағандардың ойы сол елдікті сақтау, ұлттық құндылықтарды қастерлеу, келешек ұрпағымыздың тәрбиесіне көп болып көңіл бөлуге келгенде бір жерден шыққаны да қуантты. Бұл жайттардың қай-қайсысы болмасын ғасыр тоғысымен, заман ағымымен кейінге ысырылып қалғандай болған. Алайда қоғамдық форум спикерлері бұл түсінікті түбегейлі жойып, бірлік пен ынтымақ, ұрпақтар сабақтастығы, әлеуметтік желіні жүгендеу, ең бастысы – ұлттық қадір-қасиетімізді жоғалтып алмау мәселесін батыл көтере алды.

Өзекті мәселе өздігінен шешілмейді

Байжан Емберді,
Шу аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы:

– Бүгінгі күні реті келсе он-жиырма адамды жинап жиын өткізу «сәнге» айналды ғой. Олардан ойға түйерлік саналы сөз іздеп әлек боласың. Ал «Eldik elge bailanysty» қоғамдық форумының алғашқы спикерлері көпшіліктің ойында жүрген жайттарды қозғады. Жиын соңына дейін оның бәрін «жөн екен» деп қуаттап отырдық. Форум мінберінде бала тәрбиесі, той мәдениеті, ұрпақтар арасындағы сабақтастық, ас-тойдағы ысырапшылық секілді мәселелердің бәрі айтылды. Бір қарағанда бір қауымның, ауылдың төңірегіндегі түйткілдер. Алайда бұл мәселелердің өзектілігімен күллі қазаққа ортақ дертке айналып келе жатқандығы да жасырын емес. Ауруды емдеудің ең оңтайлы тәсілі – қарсы тұру екені баршаға мәлім. Ендеше, форумда айтылған салмақты ойлар, пайымды пікірлер, ұтымды ұсыныстарды халыққа жеткізу, үлгі боларлық іс қылу – әрбіріміздің парызымыз.

Тағылымы мол жиын аудандарда жалғасса…

Жандар Тоқсаба,
Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары:

– «Eldik elge bailanysty» қоғамдық форумында қазақстандықтардың көкейінде жүрген бірқатар мәселелер сөз болды. Мен мұндағы жастар құп алған ұсыныстарға айрықша тоқталғым келіп отыр.
Расында, бүгінгі жастар абыз ақсақалдардың айтар ақылына құлақ түруге әзір. Әсіресе бұл тәлім мен тәрбиенің қайнар көзі телефон, ғаламтор деп білетін жастар үшін қажет-ақ.
Екіншіден, халық шынында да жүйесіз тойлардан шаршады. «Той – халықтың қазынасы». Оған ешкімнің дауы жоқ. Бірақ күн құрғатпай болып жатқан тойлар оның иелері үшін де, қонақтар үшін де құр шығын. Осы тойларға құрметті қонақ ретінде шақырылған жас отбасылар да әр тойға қомақты сыйлығын сайлап бару үшін қарызданып-қауғаланып, амалдап жүргені де жасырын емес. Ендеше, форумда көтерілген осы мәселелердің оңтайлы шешілуі бірқатар мәселелердің алдын алуға мүмкіндік берер еді. Сондай-ақ осы облыс көлемінде елге берері көп жиын аудан орталықтарында ұйымдастырылса, ұтарымыз көп болар еді.

Жиынды облыс әкімі Асқар Мырзахметов қорытындылап, форум қатысушыларының облыс жұртшылығына үндеуін жариялады.
– Форумда көтеріліп отырған мәселелердің қай-қайсысының болмасын өзектілігіне күмән жоқ. Ел боламыз десек, осындай айтылған мәселелердің түйінін тарқатуға жұрт болып жұмылуымыз керек. Әрине, көтеріліп отырған тақырып баршамызға қатысты. Дегенмен ең әуелі, зиялы қауым, елдің ұйытқысы болып жүрген дуалы ауыз ақсақалдар, абыз зияткерлер бүгінгі форумда айтылған мәселелермен ел арасында шындап айналысуы керек. Осындай форматтағы басқосуларды ел ағалары мен ауыл билерінің басын қосып аудандарда өткізген жөн, – деді Асқар Исабекұлы.
Мұнан соң өңір басшысы көпшілікті форумда көтерілген мәселелерге баршаның назарын аударуға шақыратын үндеу мәтінімен таныстырды. Жиын соңында форум үндеуін жетілдіру бойынша редакциялық алқа құрамы жасақталды.

Дайындаған Шынболат Күзекбаев

ПІКІР