Қоғам

«Елдің жайы ерекше назарда»

Written by Aray2005

Масат БЕРІК,
облыстық мәслихаттың депутаты:

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында сөз сөйлеп, халқымызға кезекті мәрте мәлімдемесін жеткізді.
Әрине Мемлекет басшысы айтқандай, індет күннен-күнге таралып, салдарынан экономиканың қиын жағдайға тап болғаны рас.
Осыған байланысты Президент пәрменімен Үкімет дер кезінде шұғыл шаралар қабылдап, көптеген мәселе қоғам өкілдерінің белсене қатысуы арқылы да шешімін тауып жатыр. Бір сөзбен айтқанда бұл кез – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың нағыз дер шағы. Өйткені халықтың талап-тілегі мына жағдайға байланысты көбейе түсті.
Соған орай Мемлекет басшысы жуық арада шешілуі тиіс ең өзекті деген бірқатар мәселеге кеңірек тоқталды.
Соның ішінде «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөліп отырғаны қуанарлық жағдай. Бұл қомақты қаражаттың ел игілігі жолында біраз олқылықты оңалтады деген ойдамын. Себебі карантиннің кесірінен қаншама жұмыс орны жабылып, кәсіпкерлік саласы зардап шекті. Әуелі Президент кәсіпорындардың бәрін және барлық жұмыс орнын сақтай алмайтынымызды өкінішпен жеткізіп отыр. Өйткені әрбір бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкін болмай тұр. Түсіне білсек, бұл бүкіл әлемге тән жағдай болып отыр.
Және тағы бір менің көңілімнен шыққаны, қолжетімді тұрғын үй құрылысын бәсеңдетпеу. Осы арқылы да экономиканы дамытудың тетіктерін қарастырып, ел-жұртты жұмыспен қамтуға барынша мүмкіндік беру керектігін баса айтты.
Ал бұдан бөлек халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету ісі әлеуметтік саланы қолдаудың негізгі факторларының біріне айналу керектігі құптарлық дүние. Бұл ретте Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «7-20-25» ипотекалық несие беру бағдарламасы арқылы қаншама отбасы қоныс тойын тойлады. Бұл да кезінде баспанаға деген қолжетімділікті арттырған еді. Енді мына қиын кезде халықтың тұрмысын ойлаған Президент кезекте тұрған азаматтардың мәселесін шешу үшін тұрғын үй несиесімен қамтамасыз етуге арналған «5-10-20» жаңа жобасын іске асыруды тапсырды. Оған 390 миллиард теңге бөлгізбек. Яғни, бұл мүмкіндікпен биыл елімізде бұрын-соңды болмаған көлемде тұрғын үй салынатыны белгілі болды. Бұл үйсіз-күйсіз жүрген жандар үшін үлкен бақыт емес пе? Жыл соңына дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы негізінде «Отбасы банкі» құрылатын болды. Бұл да еліміз тарихында болмаған айтулы жаңалық, ауқымды жоба.

ПІКІР